Жасанды зердеге тәуелділік пен оны пайдаға жарату жайлы сарапшылардың пікірі
Қазақстан 2026 жылға қадам басқанда, білім беру жүйесінде көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Жасанды интеллект енді жай ғана технология емес, өйткені ол мектептер мен университеттердегі оқу процесінің бір бөлігіне айналды. Бұрынғыдай студенттер кітап оқып, жазып отырғанымен, олардың оқу тәсілі өзгерді: олар ақпаратты іздейді, сұрақ қояды, дайын жауап алады. Бұл жаңа кезеңнің белгісі. Еліміздегі 130-дан астам жоғары оқу орны мен мыңдаған мектептерде жасанды интеллект (AI) құралдары кеңінен қолданылып келеді. ChatGPT, Google Gemini және отандық цифрлық платформалар бүгінде студент жатақханаларында оқулықтардың орнын басып келеді. 2025 жылы жүргізілген зерттеу бойынша, қалалық орта мектеп оқушыларының 60 пайызы үй тапсырмасы мен зерттеу жұмыстары үшін жасанды интеллектті үнемі пайдаланатынын мәлімдеген, бұл көрсеткіш екі жылда үш есеге артқан. Жоғары білімде бұл деңгей одан да жоғары. Осы өзгерістермен бірге маңызды сұрақ туындайды: оқушылар шынымен білім алып жатыр ма, әлде дайын жауапқа үйреніп бара жатыр ма?
Qaz365.kz тілшілеріне осы мәселе бойынша білім беру стратегы Шнар Есенбекова ерекше пікір білдірді. Шнар қазір АҚШ-та тұрады. Ол Ұлыбританиядағы Warwick Университетінде білім беруді басқару мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын тәмамдаған, ал кәсіби жолы оны жасанды интеллект пен білім беру педагогикасы қиылысқан нүктеге халықаралық білім реформасының ортасына алып келді. Отандасымыз Қазақстанның білім жүйесін мұқият бақылап, елдегі реформаларға ықпал етіп келе жатқанын, мектептер мен университеттермен байланысын үзбегенін айтады. Ол британдық және америкалық мектептердегі үрдістерді саралап, Қазақстан үшін маңызды талдау жасап, кәсіби ұсыныстарымен бөлісіп келеді. Маманның айтуынша, технологияның өзі қауіпті емес, алайда оған деген дұрыс емес көзқарас үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
«Жасанды интеллект білімнің жауы емес. Қауіп оған тәуелді болу. Біз балаларды машинаны тек қолдануға емес, оны түсінуге үйретуіміз керек», — дейді ол.
Шнардың пікірінше, қазіргі буын үшін басты кедергі - ойлау процесінің қысқаруы. Егер оқушы әр тапсырманы AI арқылы орындаса, ол өз бетімен талдауды, салыстыруды және шешім қабылдауды үйренбей қалуы мүмкін. Бұл ұзақ мерзімде білім сапасына әсер етуі ықтимал.
«Егер AI оқушының орнына ойласа, онда оқушы ойлауды тоқтатады. Ал ойлау - білімнің негізі», — деп атап өтеді сарапшы.
Сонымен қатар, жасанды интеллекттің артықшылықтары да айқын. Ол әр оқушыға жеке тәсілмен білім алуға мүмкіндік береді, қателіктерді бірден көрсетеді, тілдік кедергілерді жеңілдетеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі оқушылар үшін бұл үлкен мүмкіндік: олар сапалы түсіндіру мен ресурстарға қол жеткізе алады. Алайда бұл мүмкіндіктер дұрыс қолданылмаса, кері әсер беруі де мүмкін.
Қазақстандағы жағдайдың тағы бір маңызды жағы, мұғалімдердің дайындығы. Зерттеулерге сәйкес, мұғалімдердің тек 22 пайызы ғана жасанды интеллектті оқу процесінде қалай тиімді қолдану керектігін жақсы түсінеді. Бұл оқушылар мен мұғалімдер арасындағы айтарлықтай алшақтықты көрсетеді: оқушылар технологияны белсенді пайдаланып жатыр, ал жүйе оған толық дайын емес.
Шнар бұл кезеңді шешуші уақыт деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстанда дәл қазір дұрыс бағытты таңдау мүмкіндігі бар.
«Бізде қазір өте қысқа уақыт бар. Егер дұрыс шешім қабылдамасақ, бір буын толықтай AI-ға тәуелді болып қалыптасуы мүмкін», — дейді маман.
Сарапшы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан басқа елдердің тәжірибелерінен сабақ ала алатынын айтады. Мысалы, Ұлыбританияда бастапқыда AI құралдарына шектеулер қойылған, бірақ бұл тәсіл ұзақ мерзімде тиімді болмады. Ал АҚШ-та керісінше, технология өте жылдам енгізілді, алайда нақты жүйе мен ережелер жеткіліксіз болды.
«Батыс елдерінің тәжірибесінде технологияны енгізуде әртүрлі тәсілдер байқалды: кейбірі оны сақтықпен қабылдаса, енді біреулері жылдам қарқынмен енгізуді таңдады. Қазақстан үшін осы тәжірибелерді ескере отырып, теңгерімді әрі тиімді жол қалыптастыру маңызды», — дейді Шнар.
Оның пікірінше, Қазақстанның басты артықшылығы - уақыт пен сыртқы тәжірибені сараптау мүмкіндігі.
«Біз басқа елдердің тәжірибесінен сабақ алып, өзімізге ең қолайлы жүйені қалыптастыра аламыз. Ең бастысы - осы мүмкіндікті тиімді пайдалану», — дейді ол.
Жасанды интеллект білім беру жүйесінде мұғалімнің рөлін де өзгертуде. Бұрын мұғалім негізгі ақпарат көзі болса, енді оның рөлі бағыттаушыға айналып келеді. AI қарапайым түсіндіру, тексеру, жаттығу сияқты міндеттерді орындай алады, ал мұғалім оқушыны ойландыруға, сұрақ қоюға және терең түсінуге үйретеді.
«Мұғалімнің ең маңызды рөлі ұстаз ретінде әсер ету. Бұл AI ешқашан орындай алмайтын нәрсе», — дейді маман.
Сонымен қатар, жаңа ұғым AI сауаттылығы қалыптасып келеді. Бірақ бұл тек технологияны қолдану ғана емес. Шнардың айтуынша, бұл әлдеқайда терең түсінік.
«Нағыз AI сауаттылығы оны қашан қолданбау керектігін білу. Егер біз осыны үйретсек, онда білім жүйесі күшейеді», — дейді ол.
Бұл дегеніміз, оқушылар тек дайын жауап алуды емес, сол жауаптың дұрыс-бұрыстығын талдауды үйренуі керек. Яғни, білімнің негізі бұрынғыдай сыни ойлау мен терең түсіну болып қала береді. Бүгінгі таңда жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне толық енді. Бұл технология оқушыларды дамыта да алады, әлсірете де алады. Барлығы оны қалай пайдалануымызға байланысты. Қазақстан үшін бұл - елдің болашағын айқындайтын маңызды кезең.