Мектеп мұны жасырған
«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мектептегі әлімжеттіктен қолы екі жерден сынған 10 жастағы оқушының анасының хатын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Алматы сияқты үлкен қалада мұндай жағдай болады деп ойламадым. Аталған жағдай 17 сәуірде болды. Оған дейін де қысым көрсетіп келген екен. Бұл мектепте және мектептен тыс уақытта да орын алған. Екі бала келісіп, біреуі ұлымның қарындашын алып жүгіреді. Екіншісі, ұлыммен сөйлеседі. Мұның бәрі сабақ кезінде болған», - дейді хат иесі.
Сол кезде баласы екінші оқушының заттарын лақтырып жібереді. Оның арты төбелеске ұласқан.
«Бұл кезде сынып жетекшісі сабақта еді. Менің баламмен төбелескен оқушының денесі одан ірі. Әдейі үстіне жатып алып, тізесімен сол қолын басқан. Содан кейін ұлымның қолы екі жерде сынған. Қол доғаға ұқсайды. Мектеп жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарады», - дейді баланың анасы.
Оның айтуынша, бірақ мектеп мұны істеген бірге оқыған сыныптасы екенін жасырған. Полиция шақырмаған. Тек ауруханаға барғанда хируг полиция шақыртуды талап еткен.
Сынып жетекшісі полицияға айтпай, тек қолын сындырған баланың ата-анасына айтқан.
«Арада бірнеше күн өткенде директорға өзім кіріп шықтым. Оған баламды ұрған екі оқушыны басқа сыныпқа ауыстыру керектігін айттым. Немесе сыныпты қайта бөлу керек екенін ескерттім. Өйткені ұлымның айтуынша, ол екеуі жыл бойы соңына түскен. Небір қорлық көрсеткен», - дейді хат иесі.
Ол бұл туралы жыл басында ғана білгенін айтады. Ұлының самокатын тартып алған. Сол кезде оқушылардың ата-анасына шыққан. Мәселе шешілгендей көрініпті.
«Бірақ қорлық көрсетіп жүргенін білмедім. Ұлыма неге айтпадың десем, өсек тасысам олар одан кейін тиісер еді дейді. Мектеп директоры тыңдамады, тіпті кешірім де сұраған жоқ. Кінәлі баланың әкесі емнің ақшасын төлеуге дайын деген. Бірақ тиын-тебен бергісі келеді. Балам гипспен үш ай жүру керек. Одан кейін кешенді массаж алуы қажет. Алты айлық физиотерапиясы бар», - дейді анасы.
Ол баласы есте сақтау қабілетінен айырыла бастағанын, стресс алғанын айтқан. Сол үшін психологтың курсына бару керек деп отыр. Баласы футболға қатысады екен. Жарақатына байланысты енді жаттығудан тыс қалды.
«Ал баланың ата-ана осының бәрін біліп отырып, жапа шеккен өздері сияқты сөйлеседі. Әсіресе, анасы. Амал жоқ, білім басқармасы мен прокуратураға шағымдануға тура келді», - дейді хат иесі.
Оның шағымынан кейін прокуратура мен білім бөлімі аталған сыныпты тарату керек екенін немесе екі оқушыны басқа жаққа ауыстыру туралы айтқан.
«Мектеп мұны келесі оқу жылында істеуге уәде етті. Бұған дейін директор сөзімді тыңдамаған еді. Енді құзырлы органдар араласқан соң ғана қимылдай бастады. Басқа балалар да қауіпсіз болу үшін осы мәселені көтеріп жатырмын. Ұлым небәрі 10 жаста», - дейді жапа шеккен оқушының анасы.