Бұл жүйе бойынша ата-аналар балаларының мектепке кіріп-шыққанын біліп отырады
Алматыда Face ID жүйесімен жабдықталған заманауи екі мектеп ашылды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы Алатау ауданының «Ботакөз-2» ықшам ауданында және Наурызбай ауданының «Достық» ықшам ауданында бір ауысымда әрқайсысы 1500 оқушының білім алуына мүмкіндік беретін №208 және №209 мектеп-гимназиясы ашылды. Мектептер екі ауысым бойынша оқытылады.
Наурызбай ауданында орналасқан №208 мектеп-гимназиясындағы 37 сыныпта 960 адам оқымақ. Сабақтар қазақ тілінде жүргізіледі.
Алатау ауданындағы № 209 мектеп 2851 оқушыға арналған, мұнда 109 сынып бар. Мектепте сабақтар қазақ және орыс тілінде жүргізіледі.
Жаңа мектептер типтік жобалар бойынша салынбаған. Жобалау кезінде білім ошақтарына қойылатын жаңа стандарттар арайы әзірленіп, қабылданды. Олар заманауи сәулетімен, жан-жақты ойластырылған кеңістік дизайнымен, кең сыныптары және қоғамдық кеңістігі бар эргономикалық интерьерімен ерекшеленеді.
Мектептердің оқу кабинеттері интерактивті панельмен, SMART тақтамен және заманауи үлгідегі жиһазбен жабдықталған. Спорт залдардың төбесі мен қабырғасы дыбыс өткізбейтін панельмен қапталған, бұл спорттық іс-шара өткізу кезінде өте ыңғайлы, дыбысты оқшаулайды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Ата-аналар балаларының мектепке кіріп-шыққанын біліп отырады.