×

Елімізде 700 мың оқушы құмар ойын ойнайды

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы  айтты

Елімізде 700 мың оқушы құмар ойын ойнайды
Коллаж: Qaz365.kz

Ресми дерек бойынша елімізде 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарында бәс тігеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы  айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол бүгін Семейде ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысында осы мәселе көтерілгенін айтты. 

Депутат Қазақстандағы казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымын жариялады. Көрсеткіш мынандай:
2020 жылы - 89 миллиард теңге.
2022 жылы - 500 миллиард теңге.
2023 жылы - 1 триллион теңгеден асады.

«Қазақстандағы букмекерлік кеңселер мен казинолардың 1 күндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жетті. Бір қазақстандықтың букмекерлік кеңселер мен казинолар алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңге. Ажырасқан 10 жұптың жетеуі лудоманияның салдарынан екі жаққа кетеді. Қазір Қазақстанда 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарында бәс тігеді. Мұны Оқу-ағарту министрлігі де жоққа шығарып отырған жоқ. Оқу-ағарту министрлігі де бүгінгі жиынға келуі керек еді. Мәдениет және спорт министрлігі салдарымен күресіп отыр. Ал  себебімен күресіп жүрген бір де бір орган таппай отырмыз. 1700 интернет-ресурс жабылды дейміз, бәленше адам ұсталды дейміз. Мұның бәрі – салдары. Ал себебімен қалай күресеміз?» –  деді ол Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ депутат лудоманиядан адамды емдеу жайлы да айтып өтті. Оның айтуынша, елімізде небәрі 9 адам бұл дерттен емделіп жатыр.

«Лудоманиядан адамды емдеу мүмкін бе? Елімізде 9-ақ адам лудоманиядан емделіп жатыр. Ресми дерек: 1 ойыншыны емдеуге кемінде 5 ай керек. Емнің әр айына 600 мың теңге жұмсау керек. Бірақ бұл да шешім емес. Мамандар бір дерек айтты, 9 жыл лудоманиядан емделген адам орталықтан шыға сала қайтадан құмар ойынға салынып кеткен. Бір адамды емдеуге 3 миллион кетеді, ол қайтадан құмар ойнап кетеді. Осы ма біздің шешіміміз!? Себебімен күресуіміз керек деймін, салдарын да қатырып жатқан жоқпыз. Казинолар мен букмекерлік кеңселерді, ойлайн казиноларды толық жабу керек пе? Әлде тек жарнамасын тоқтату керек пе?» –  дейді депутат.

Бұған дейін «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумында Президент әккімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева жастардың құмар ойындарға деген әуестіктерінің артып келе жатқанын, әсіресе 15 пен 18 жас аралығындағы құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін жастар санының өсу тенденциясы байқалатынын айтқан.

Айта кетейік, Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Соның 20 пайызы яғни 31 мыңнан астамы құмар ойындарға қатысты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →