Депутаттың айтуынша, прокуратура «шамамыз келмейді» деген
Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында 250 балаға арналған Ломоносов атындағы орта мектеп жекенің қолына 15 миллион теңгеге сатылып кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Өткен аптада Алматы өңіріне барып келдім. Мектеп туралы айтып жатсыздар. Мен сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп болған. Ломоносов атындағы орта мектепке соңғы жылдары толығымен жөндеу жұмыстары жасалып, жаңадан спорт залын салып берді. Ауыл балалары қуанып жүргенде, мектепті жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, оны әкімдіктен басқа кім сатушы еді. Ол біреуден 15 миллион теңгеге алып, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 миллионға басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым», - дейді Мақсат Толықбай.
Депутаттың айтуынша, прокуратура «шамамыз келмейді» деген. Ол сот шағымдарын қабылдамай отырғанын айтты.
Толықбай бүгінде құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұратынын айтып, жағдайды бақылауға алуға сұрады.
«Сұмдық қой. Үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберген. Мұны қай әкімнің қалай сатқанын табу қиын емес. Барлығын біліп отырмыз. 2 ай уақыт береміз, қайтарыңыздар. Әйтпесе, фамилия бойынша соңына жетеміз», - деді депутат
Тағы оқыңыз: Алматы облысында мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберген әкімнің есімі белгілі болды