Азаматхан Әміртай университетте білім сапасы төмен екенін айтқан болатын
«Ел Арна» эфирінде шыққан бағдарламаның бірінде «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті әлемдік рейтингіге өтірік енгенін, білім сапасы төмен екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«ҚАЗГУ-да мүлдем білім жоқ. Лабораториялық орындар жоқ. Дұрыс білім бермейді. Шымкенттің бұрынғы әкімін әкеліп, ректор етіп қоя салды», – дейді Азаматхан Әміртай.
Осыған байланысты университеттің баспасөз қызметі жауап берді. ҚАЗҰУ басшылығы «негізсіз айыптау, университет имиджіне нұқсан келтірді» деп Азамат Әміртайды сотқа бермекші.
«Азаматхан Әміртай 2021–2022 жылы ҚазҰУ-ға бірнеше мәрте келіп, өзін мүмкіндіктері мол «танымал блогер», «қоғам қайраткері», «кәсіпкерлердің жанашыры» ретінде таныстырған. ҚазҰУ-ға қайта-қайта келуінің себебі – көрсетілген қаржысы мен іске асыру жоспары өте күмәнді студенттік жатақхана құрылысына қатысты жеке компанияның мүддесін тікелей және ашық қорғау (лобби) болатын. Ол әр кездесуде өзін дөрекі ұстап, ұстамсыздық танытып, айналасындағыларға қысым көрсетуге және бопсалауға тырысты», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қаралау мақсатында жазбалар жариялап, сұқбаттар берді. Сол арқылы университетті ҚазҰУ үшін тиімсіз, сондай-ақ мемлекет қаржысынан 4 есе артық шығын талап етілген келісім-шарт бойынша жұмыс істеуге «мәжбүрлеуге» күш салды.
Алайда заң аясында іс жүргізіліп, сот ҚазҰУ-дың қаржысын жеке мүддеге пайдаланбақ болған келісім-шартты бұзу туралы шешім қабылдады. А.Әміртайдың университет қызметіне ықпал ету әрекетіне тосқауыл қойылып, күмәнді жатақхана құрылысы тоқтатылды.
Университет Азаматхан Әміртай «Еl Аrnа» эфирі арқылы университеттің іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп, жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына шағым түсірмекші. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы «Еl Аrnа» эфирінен «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңында көзделген уақыт ішінде «Теріске шығару» айдарын қолдана отырып, терістеме бағдарлама ұйымдастыруды сұрады.
«Басқа жағдайда, университет ҚР қылмыстық кодексі «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша 274-бабының 3-бөлігіне сәйкес, БАҚ-ты қолдана отырып, «азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру» ретінде аталған материалдар бойынша сотқа жүгіну құқығын пайдаланады», – дейді баспасөз қызметі.