×

«Алматы ұстазы – 2023» байқауының жеңімпаздары анықталды

Ғасырлар мамандығын игерген жандар марапатталды

«Алматы ұстазы – 2023» байқауының жеңімпаздары анықталды

Күні кеше «Ұстаздар күніне» орай «Алматы» театрында мерекелік кеш болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz

Салтанатты шараға қала әкімі Ерболат Досаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, ұзақ жылдар бойы саналы ғұмырын осы салаға арнағанардагер ұстаздар, жас педагогтер, мемлекеттік және жеке ұйымдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, Астанада өткен съезді тілге тиек етті: 

«Кеше ғана Астана қаласында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен республикалық педагогтер съезі өтті. Мемлекет басшысымұғалімдердің біліктілігін арттыру, балаларды арнайы озық біліммен қамтамасыз ету, мектептерде орын тапшылығы проблемасын шешу, балалардың қауіпсіздігін дамыту, қалалық және ауылдық мектептерде білім беру сапасын жоғарылату, цифрландыру қарқынын жеделдету, оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу сынды білім жүйесіндегі жеті маңызды саланы атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің ең маңызды міндетіміз – өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру. Және біз сіздермен бірге алдымызға қойылған барлық міндеттерімізді сапалы іске асыруымыз керек», – деді ол. 

Салтанатты шараның шымылдығы дәстүр бойынша «Ұстазым» әнімен түрілді. Кәсіби мерекесіне орай залда құшағы гүлге толған педагогтердің қуанышында шек болмады. 

Жыл сайын ұйымдастырылатын «Алматы ұстазы» байқауының жеңімпаздарына биыл да дәстүрден жаңылмай дипломдармен қоса, ақшалай сертификаттар табысталды. Үш кезеңнен тұратын байқауда қала мектептерінің «ең үздік» жас педагогтері жүлделі болды.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев: 

«Қаламызда өз пәні бойынша кәсіби білімін көрсете алатын жас таланттарды біріктіру үшін «Алматы ұстазы» конкурсы жыл сайын өткізіледі. Өткен жылы байқауға 36 жасқа дейінгі 550-ден астам жас педагогтер қатысса, биыл олардың саны 1300-ден асты. Солардың ішінде Алматы жоғары оқу орындарының профессорларының оқытушылық құрамы, қала колледждерінің мектептердегітәуелсіз сарапшылары 5 жеңімпазды анықтады. Біреуі гран-при иегері атанды. Жеңімпаздарға Сингапурдағы халықаралық білім беру тағылымдамасынан өтуге сертификаттар беріледі. Креативтілігі мен шығармашылығы үшін  «Алматы ұстазы» байқауына қатысқантағы үш финалистке арнайы сыйлықтар табыстағым келеді. Құрметті ұстаздар,мұғалімдер съезінде еліміздің Президенті мемлекет тарапынан педагогтерді  жан-жақты қолдау маңыздылығын атап өтті. Елбасы тапсырмасы бойынша педагог мәртебесін арттыру шаралары қабылданып, соңғы 4 жылда ұстаздарымыздың жалақысы екі есе, ал еңбек демалысы 56 күнге дейін  өсті. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстардың барлығы алынып тасталды. Жас педагогтерімізді қолдау үшін әкімдік «Алматы жастары» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз етуде. Өткен жылы 350-ден астам мұғалім пәтер алды. Осы жылы аталмыш бағдарлама бойынша 210 жас мұғалім пәтерлі болса, жыл соңына дейін тағы 200 пәтердің кілтін табыстау жоспарланып отыр», – деді.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иелері – еліміздің болашағының іргетасын қалайтындықтан, ізгілік жолындағы парасатты тұлғалар қандай марапатқа да лайық. Себебі заман талабына сай біліммен қаруланған, парасат-пайымы терең, үздіксіз ізденісте жүретін педагогтер – білім беру жүйесінің ілгерілеуі үшін аянбай тер төгіп жүр.

Шоқтығы биік салада адамзатқа қызмет етіп, қоғамға пайдалы болуды ғана ойлаған жанкешті тұлғалардың балаға деген шексіз махаббаты тіпті бөлек. Білім мен өнегелі өмір майданында арман мен мақсат жолынан таймай, сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді балалардың жадында жаттатып, қаперінде сақтатқан педагогтерді – тек жақсы ұстаз деуден артық сөз таппаймыз!

Бұлай деуімізге «Алматы ұстазы» байқауының жеңімпазы атанған Анапияева Салтанат Сүлейменқызы арқау болды. Жас педагог болғанына қарамастан, шәкірттеріне креавтивті оқыту жүйесімен сабағын өткізіп, әріптестерінен оқ бойы озық шықты. Салтанат Сүлейменқызымен сұхбат құрғанымызда, қуанышында шек болмаған ол, тек алғысын жеткізумен болды:

 «Алматы ұстазы – 2023» байқауының бас жүлде иегерімін. 5 млн теңге мен Сингапурға оқуға тегін жолдама ұтып алдым. Осы байқауды ұйымдастырған Білім басқармасына, Алматы әкімдігіне үлкен алғысымды білдіремін. Бұл жас креативті ұстаздарға берілген үлкен мүмкіндік. Алғысым шексіз», – дейді ол.

Шәкірттеріне ізгілік нұрын сеуіп, осынау зерделі мамандықтың жолында кездескен әрбір қиындықтарға қасқайып қарсы төтеп берген, ерік-жігерін сарықпаған мәртебелі мамандардың марапат кезінде толқуы да –заңдылық. 

Сонымен қатар салтанатты жиында Сингапур қаласынан тағылымдамадан өтуге «топ – 5 ұстазға» жолдама берілді. Дәл осы мүмкіндікке ие болған үздік бестіктің бірі Махабаева Майра Қанатбекқызы былай дейді: 

«Алматы ұстазы – 2023» жас педагогтер арасында өткен байқауға 1000-нан астам ұстаз қатысты. Солардың ішінен екінші кезеңге жолдама алған 100 ұстаз, одан іріктеуден өтіп, 3-кезеңге жолдама алған 13 ұстаздың арасынан 5 ұстаз ғана Сингапурдатағылымдамадан өтуге жолдама ұтып алып отырмыз. Жас мұғалімдерге шет мемлекетке барып, сол жердің білім беру жүйесімен танысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік берген Алматы әкімдігі мен Білім басқармасына алғысым шексіз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, біз ешқашан үйретуден жалықпаймыз».

Педагогикалық шеберліктің шыңында дәл осындай үздік ұстаздардың еңбегі ескерусіз қалмағаны көңіл қуантады. Мұны Алматы қаласы әкімдігі мен Білім басқармасы тарапынан өскелең жас ұрпаққа өнеге бола білген абзал жандарға берілген лайықты құрмет деп білеміз.

Алматы әкімі Ерболат Досавев та мұны жоққа шығармайды: 

«Құрметті ұстаздар, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөздерінің мағынасы өте терең. Ұстаз – тек мамандық иесі ғана емес, ол қоғамға барынша беріле қызмет етіп жүргенпарасатты тұлға. Біз сіздермен мақтанамыз», – дейді ол.

Өркениет дамыған уақытта ғаламторға байланған балалардың назары мен қызығушылын ояту – бүгінде ұстаздар мен ата-аналарға жүктелген жауапты міндет. Бұл ретте ілім жолындағы ізденісте оқушыларға ғана талап қоя бермей, ұстаздардың алдымен өздерін жетілдіруге күш салатынын жиынға жиналған әр ұстаздан-ақ байқауға болады.

Терең білім мен үлкен жүректің иесі болған мұғалімдер ғана – шәкірттерін шыңға шығарып, құласа қайта тұрғызатын, сүрінсе сынбайтын, жығылса жасымайтын өршіл ұрпақты тәрбиелей алады.

Саналы ғұмырының 46 жылын ұстаздыққа арнаған химия пәнінің мұғалімі Жұмаділова Роза Дінмұхамедқызы дәл сондай педагог. Зейнетке шыққан ұстаз: 

«Педагогтік жолымның 46 жылында тек шәкірт тәрбиелеумен ғана емес, шығармашылық жұмыспен де айналыстым. 7-11 сыныптар арасында химия пәні бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарының авторымын. Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының тест тапсырмаларын жасаушы, сараптаушы болып та келдім. Республикалық, халықаралық олимпиадаларға шәкірттер тәрбиеледім. 2018 жылы педагогика жөніндегі кандидаттығына диссертация қорғап, атағымды алдым», – дейді.

Өз кәсібінің майталманы атану үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай шеберлікті меңгеріп жүрген ұстаздарды – ғасырлар мамандығын игерген жандар деуге болады. Оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігіболған – педагогтеріміз жасай берсін!

 

Жұлдыз  ӘБІЛ

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →