Тіл арқылы мәдениеті бай, тарихы терең елімізді тануды қалайды
Ұлыбританиядағы қазақ тілін үйренуге бейіл танытып отырған алғашқы жоғарғы оқу орны. Шетелдіктер қазақ тілін меңгеріп, Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін де тереңінен зерттегісі келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz
Бастама дегеніміз - университет қаржыландыратын, бірақ академиялық білімге жатпайтын жоба. Лейланың айтуынша, атақты оқу орнында түрік тіліне деген қызығушылығы жоғары студенттер мен оқытушылар көп. Олар түркітілдес тілге жататын қазақ тілін де меңгергісі келеді. Тіл арқылы мәдениеті бай, тарихы терең елімізді тануды қалайды.
«Қазақстанға және қазақ тіліне деген қызығушылығым орасан зор. Былтыр сәуірде Алматыға барып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директорымен кездестім. Қазір біз осы ғылыми зерттеу орталығымен тығыз байланыс орнатып, қазақ тілін оқыту әдістерін меңгеріп жатырмыз. Осылайша Оксфорд университеті қазақша үйрететін Ұлыбританиядағы алғашқы оқу орны болғалы тұр», - дейді Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры Лейла Наджафзада.
Оксфорд студенттері алдында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі арнайы дәріс оқыған. Мағжан Ілиясов Оксфорд Исламтану орталығында еліміздің маңызды тарихи кезеңдеріне тоқталып, жеткен жетістіктері туралы баяндаған. Толеранттылық үлгісін танытқан көп этносты және көп конфессиялы Қазақстан туралы айтып берген болатын.
«Біздің орталық Қазақстанмен байланыс орнатуға мүдделі. Оксфорд жұртшылығы елдеріңіздің тарихынан басқа тың ақпараттармен де танысқысы келеді. Елші бізге өркениеттің дамуына Қазақстанның қосқан өлшеусіз үлесін жіліктеп, жеткізді. Өткенінен бөлек, бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да әңгімеледі. Сіздермен экономика, білім салаларындағы байланыстарды нығайтып, болашаққа бірге жоспарлар құру өте маңызды деп ойлаймын», - дейді Оксфорд исламтану орталығының директоры Фархад Ахмад Низами.
24kz арнасының хабарлауынша, кездесу XVI-XIX ғасырларда еуропалық және америкалық зерттеушілер жасаған Қазақ мемлекеті карталарының көрмесіне ұласты. Экспозиция орта ғасырларда өмір сүрген шетелдік ғалымдардың біздің аймақ туралы ойларынан хабар береді.
Айта кетсек, бұған дейін Оксфорд университетінің докторанттары Қазақстанға бірнеше рет келіп кеткен. Өткен айда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 10 сәуірде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына Narxoz University ректоры Мирас Дәуленов пен University of Oxford Азия және Таяу Шығыс зерттеу факультетінің жетекшісі Лейла Наджафзада, University of Oxford докторанты Мартин Олдрик арнайы келіп, ғалымдармен кездесу өткізгенін жазған болатын. Сол тұста кездесу барысында екіжақты мәселелер сөз болған. Лейла Наджафзада өзі жетекшілік етіп отырған факультеттің қызметі туралы айтып, түркі тілінің бірі ретінде қазақ тіліне қызығушылық білдірген еді. Сондай-ақ қазақ тілін оқытуды қолға алуды да жоспарлап жүргенін жеткізген.
Тағы бір маңызды жайт, алдағы уақытта институттың жас ғалымдары «Болашақ» тағылымдамасы аясында Оксфорд университетіне барып, білім алуы мүмкін. Тарихи кездесуге мұрындық болып отырған қос тарап барлық мүмкіндікті қарастырғалы отыр.