«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры биыл өзінің 30 жылдық белесін бағындырды
«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры биыл өзінің 30 жылдық белесін бағындырды. Осы қордың көмегімен жылдар бойы мыңдаған түлек қанат қағып ұшып, білім кемесіне мініп, үлкен өмірлік сапарға аттанды. Қаншама жас қабілетін ұштап, тұлға болып қалыптасып, елдің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жатыр. Тәуелсіздіктің өзімен шамалас қор жайлы оның президенті Дархан Өте не дейді? Қор алдағы уақытта қандай игі бастамалар мен іс-шараларды жоспарлар отыр? Бұл турасында қор президенті арнайы баспасөз туры барысында кең-молынан айтып берді. Баспасөз турына әріптестерімен бірге Qaz365.kz тілшісі де қатысып қайтты.
1993 жылы қор білім мен тәрбие саласында отандық және халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, бәсекеге қабілетті әрі үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру, адами капиталдың дамуына үлес қосу үшін ашылған. Қазіргі уақытта қорға қарасты 32 лицей және 8 жеке меншік мектеп, 1 SDU университеті жұмыс істейді. Отыз жылдан бері қордың білім ошақтарындағы жастар халықаралық және отандық білім сайыстарында, олимпиадаларда 27 мыңнан астам медаль иеленген. Оның 4558-і халықаралық деңгейдегі медальдер болса, 5142-cі республикадан алынған жүлделер. Халықаралық сайыстарда медаль алған оқушылардың кейбірі тіпті ерекше дарынымен, қабілетімен Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Қордың президенті Дархан Өтенің айтуынша, қазір әділетті қоғам құру үшін ең маңызды шаруа – сын-қатерлерге төтеп беру мақсатында иық тіресе жұмыс істеу. «Ел бәрімізге ортақ» дейді Өтенің өзі.
“Балаларымыз келешекте ұлтжанды, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді тұлға болып қалыптасса, алдағы уақытта елімізді көркейтетін де, қуантатын да – осы балалар. Сондықтан бәріміз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз”, – дейді ол.
Қордың ең алғашқы лицейлері тоқсаныншы жылдары Алматыда, Көкшетауда және Қырғызстанда ашылған. Бүгінгі таңда лицейлер оқушыларды 7-11 сыныптар аралығында оқытады. 7 сыныпта Қазақстан бойынша емтихан өткізіледі. Емтиханның ерекшелігі – балалардың зеректігін, интеллектуалды қабілетін, сауатты ойлай білу қабілетін тексереді. Білім сынағының тағы бір ерекшелігі – ауылды жерлердегі балаларға мүмкіндік беру үшін әрбір ауданды да қор назардан тыс қалдырмайды. Дархан Өтенің сөзінше, білім басқармасы басшыларының ұйымдастыруымен бірге жыл сайын 30 мыңнан астам оқушы емтиханға қатысады. Солардың ішінен 1800 оқушы іріктеліп алынады.
“Оқу-ағарту министрі де айтып жатыр, Президент те педагогтер съезінде атап өтті. Ауыл мен қаланың алшақтығын жою мақсатында ауылды балаларға квота береміз. Ол негізінен 10 пайыз ауыл балаларына және 15 пайыз аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Ауылға барып, емтихан өткізіп, таңдаған оқушыларға сондай артықшылықтар жасап отырмыз. Сондықтан біздің лицей оқушыларының 30 пайызға жуығы ауыл балалары десек болады. Осы балалар Білім-ИННОВАЦИЯ лицейіндегі мүмкіндіктерді алып, мықты университеттерге түседі. Сапалы білім алғанның арқасында тек қана Қазақстанда емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті азаматтарға айналып отыр”, - дейді Дархан Өте.
Қорға қарасты лицейлерде олимпиада қозғалысы өте жақсы дамыған. Білім болғаннан кейін салада бәсеке де жоқ емес. Бұл тұрғыда қор президенті мынадай бір қызықты деректі келтірді.
“Біз ең алғашқы медальді Қазақстанға лицейден алып келдік деп айтамыз. Кеше конференцияда физматтың Алмаз Нұрқожа деген азаматты шақырған едік. Ол кісі “Дархан мырза, сізді түзету керек. Сіз алып келген жоқсыз. Бірінші физматтың оқушылары алып келді” деп айтты. Біз дайынбыз, ашықпыз, түзетейік дедім. Бірақ шын мәнінде, алғашқы күміс медальді 1993 жылы физматтың оқушысы алып келген екен. Алтынды да алып келген. Бірақ алтынды алып келген физматтың оқушысы Ресей командасының құрамында қатысқандықтан, ресми түрде Қазақстанның жеңісі болып есептелмей қалған екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін ресми факт бойынша біздің оқушыларымыз математика, биология бойынша алтын медаль алып келген. Әр 3 оқушының екеуі - олимпиада жүлдегері”, - дейді Дархан Өте.
Ең керемет жетістіктің бірі – Тараз БИЛ лицейі халықаралық олимпиадаларда 8 медаль жеңіп алғаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2001 жылы АҚШ-та өткен математика олимпиадасында 1 мектептен 3 медальді бір ғана мұғалімнің балалары алыпты. Бұл да – қордың үлкен жетістігінің бірі.
Қазіргі уақытта 32 лицей бар. Оның ішінде 10-ы қыздарға арналған. Дархан Өтенің сөзінше, қордың негізгі бағытының бірі – қыздарға арналған лицейлер ашу. Облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, қор мектептерді ашуға дайын екен. Сол мақсатта биыл Түркістан қаласында білім ордасы ашылған. Қазіргі уақытта Семей, Өскемен, Жезқазған қалаларында әкімдіктермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы 32 мектеп-лицей бүкіл Қазақстан облыстарында бар. Қорға қарасты 8 жеке меншік мектеп те ата-аналардың үлкен сұранысына ие. Оның екеуі Кембридж бағдарламасымен оқытатын халықаралық мектеп саналады. SPECTRUM – Кембридж бағдарламасына негізделген 12 жылдық мектеп. Онда сабақ 100 пайыз ағылшын тілінде өткізіледі. Одан бөлек Алматыда Galaxy халықаралық мектебі жұмыс істейді. Қалған алтауы – Нұр-Орда мектебі. Бәрі де жергілікті стандартты орындайды. Бірақ бұл мектептердің артықшылығы - ағылшын тілін тереңдетіп оқытатынында. IT бағытына көп маңыз береді.
Сондай-ақ қорға қарасты SDU университетінде 90 пайызға жуық мазмұн ағылшын тілінде.
Қор президенті Дархан Өтенің сөзіне қарағанда, БИЛ мектептері - жалпы Қазақстанға халықаралық тәжірибені алып келген алғашқы мектептер. Нақтырақ айтқанда, үштілді білім беру моделінің қарлығашы десе де болады.
“Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде негізгі гуманитарлық бағыттағы пәндер ол – қазақ тілі, Қазақстан тарихы, әдебиеті, географиясы, жалпы тарихы деген сияқты пәндер қазақ тілінде оқытылады. Не үшін тек қазақ тілінде өтеді? Себебі бізге түсетін балалардың жартысынан көбі – орыстілді балалар немесе өзге ұлт өкілінің балалары. Сондықтан ол балалар келгенде біз оларға деңгейлеп қазақ тілін осылайша 7-8 пәнді оқыту арқылы үйретеміз. Олар қазақ тілін өте жоғары деңгейде меңгеріп шығады. Мысалы, орыс тобының көбі қазақ тілін өте жақсы біледі”, – дейді ол.
Шынында да, бұл да үлкен инновация! Себебі Қазақстан жүйесінде қазақ тілі мен орыс тілі қатар жүретін мектептерде тоқсаныншы жылдары өте үлкен мәселе туындаған еді. Ата-аналар орыстілді мектептерге беруге тырысатын. Өйткені орыстілді контент дамып, қазақ тілі кенжелеп қалды. Қор осы стереотипті бұзуға атсалысқан.
Мұндағы білім жүйесінің тағы бір инновациясы – ағылшын тілін жаратылыстану бағытындағы пәндерге енгізуі. Ол үшін қор арнайы кітаптарды жазып шығарған. Бұл кітаптардың барлығы министрліктің экспертизасынан толық өтіп, жергілікті стандарттар толық кіріктірілген.
Қордың ағылшын тілінде сабақ берудегі мақсаты – халықаралық білім кеңістігінде балаларға қолжетімді білім беру. Неге десеңіз, ағылшын тілі өте маңызды. Шын мәнінде, қазіргі әлемде болып жатқан геосаясат, ақпарат соғысы – мұның бәрін айқын көрсеткен.
“Біздің мақсатымыз – оқушыларымыз халықаралық тәжірибеде, халықаралық бәсекеге ие болсын дейміз. Балаларымыз тек Қазақстан ішінде қалып қоймасын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, мықты мамандарға айналсын. Мұны үлкен бір жарыс деп айтсақ болады. Батыстың өзі азиялықтардан (жапондардан, қытайлықтардан, корейлерден) қорқып отыр. Біздің қазақтың балалары – өте ақылды балалар. Тоқсаныншы жылдардан бері осы үш тілде беріп келе жатырмыз. 5 пән бойынша постерлі лингвалды кітаптар шығардық. Естеріңізде болса, 2008 жылдары «Үштілді білім беру» моделі лицейлерге енгізілген болатын. Біз соңғы кезде 2017-2020 жылдары 25 мың мұғалімге осы тәжірибені бөлісуге тырыстық. Қазір осы «Үштілді білім беру» моделімен Қазақстанда 200-ге жуық мектеп жұмыс істейді. Бір айтатын дүние осы”, - дейді ол.
Қор алғаш болып бастауыш сыныптарында «математика» пәнін оқытуда сингапурлық модель бойынша оқыту әдістемесін енгізген. Қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік кешенді дайындаған. Бүгінгі таңда қордың Нұр-Орда сияқты жеке меншік мектептерде оқытылып жатқан сингапур математикасы – әлемдік трендтегі кітап. Қазақстанның дәстүрлі мектебі математиканы теориялық тұрғыдан үйретсе, сингапур математикасы ұстап көру арқылы үйретеді. Академик Асқар Жұмаділдаев «математиканы үйренген адам бүкіл ғылымды үйренеді» деген сөзі тегін емес. Қосымша мазмұн ретінде бұл кітап апробациядан өтіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі мен қор бірге жұмыс істеп жатыр. Келешекте бұл тәжірибені қордың бастамасымен бастауыш мектептерге негізгі оқу құралына өткізу жоспары бар.
“Сонымен қатар икемділік SOFT SKILS әдісін әкелген БИЛ мектептері деп те атауға болады. Бұл жобалап оқыту әдісі - балаларға сабақтан алған білімдерін жасампаздық, коллаборация, сыни тұрғыдан ойлау деген сияқты негізгі XXI ғасыр студенттерін қалыптастыратын әлемдік тренд. Бұл бағыттағы ұстаздарымыздың бәрі сертификат алған”, - дейді қор директоры.
Екінші бағыт – тәрбие жұмысы. Бүкіл дамыған елдер үшін тәрбие үлкен мәселеге айналған. Дархан Өтенің айтуынша, Америка болсын, Англия болсын, Корея болсын барлығының алдында ең үлкен проблема – құндылықтар. Барлық мұғалімнің, мықты ғалымдардың соңғы пікірлері құндылықтар негізінде білім беру керек дегенге саяды. Осы мақсатта лицейде көп бағдарлама «Құндылықтар негізінде білім беру» моделі негізінде іске асырылады.
Қор қызметкерлерінен, мектеп тәлімгерлерінен ата-аналар “лицейдің қандай сыры бар” деп сұрап жатады екен. “Неге осы жүйені басқа мектептерге таратпайсыздар?” дейтіндер де бар.
“Біздегі құндылықтарға негізделген білім беру моделі негізінен біртұтас тәрбие бағдарламасын мектепте тиімді жүруін қамтамасыз етеді. 18 құндылық қалыптасқан. Директор әр ай сайын сап түзеуге шығады. Осы айымыз “Құрмет айы” деп өзі бір істеген нәрсесін, не проектісін айтады. Бүкіл мектептегі мұғалімдер, қызметкерлер, оқушыларға ой тастап, практикада қолданса дейміз. Отансүйгіштік немесе тілге деген құрмет сияқты.. Қысқаша айтқанда, мектепті көтеріп, астына құндылықты төсеу ғой. Сол айда оқу мақсатына әр бірлестік Құрмет құндылығын қалай кіргізу керектігін ақылдасады. Мұның өте көп әсерін көріп жатырмыз. Бұл жайлы кітап шығардық, соны бөлісіп жатырмыз. Астанада 30-ға жуық курс өтті. Көп мектеп өз жетістігін де көрсетіп жатыр. 8 мектеп осы құндылықтарға негізделген білім беру моделін алып, 2 жылда академиялық жағынан да жетістіктерге жеткен”, - дейді Дархан Өте.
Осы құндылықтар негізінде «QADAM» деген әдістемелік кітаптар басылып шыққан. Бұл – мұғалімдерге бағыт-бағдар беретін дайын әдістеме. Қорға қарасты мектепте кітап оқу процесі дұрыс жолға қойылған. Мамандар “KitApp” деген мобильді қосымшаны жасап шығарды. Онда жарыс ұйымдастырылады. Әр тоқсан сайын ойын түрінде өтеді. Оқыған сайын әртүрлі сыйлықтар алып отырады. Яғни қосымша көмегімен оқушылардың оқу дағдыларын дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сондай-ақ оқушылардың өзін-өзі басқаруға өте көп мән беріледі. Жасампаздық, сыни тұрғыдан ойлау, әлеуметтік жауапкершілікті мектепте алу керек.
“Мысалы, біз кеңестік жүйеде өстік. Мен өзім үйде барынша еркін болуға тырыссам да, әкем кім болғың келеді деп сұрамаған ғой. Ол буынның өмірлік көзқарасы, принциптері басқаша болды. Мектеп қабырғасында балалар осы стереотиптерді бұзса, араласса өздерінің ойы бар екенін айтса, ішкі шабыттарын шығарса деген оймен өзін-өзі басқару жүйесін қолдау мақсатында жыл сайын көшбасшылар құрылтайын жасаймыз. Әр мектепте президент сайланады”, – дейді Дархан Өте.
Суреттер: “Білім-Инновация” халықаралық қоғамдық қорының баспасөз қызметі