×

«Білім бәсекесінде Батыс қазір Азиядан сескенеді»: Білім-Инновация қоры 30 жылдық белесті қалай басып өтті

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры биыл өзінің 30 жылдық белесін бағындырды

«Білім бәсекесінде Батыс қазір Азиядан сескенеді»: Білім-Инновация қоры 30 жылдық белесті қалай басып өтті
"Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қорының баспасөз қызметі

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры биыл өзінің 30 жылдық белесін бағындырды. Осы қордың көмегімен жылдар бойы мыңдаған түлек қанат қағып ұшып, білім кемесіне мініп, үлкен өмірлік сапарға аттанды. Қаншама жас қабілетін ұштап, тұлға болып қалыптасып, елдің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жатыр. Тәуелсіздіктің өзімен шамалас қор жайлы оның президенті Дархан Өте не дейді? Қор алдағы уақытта қандай игі бастамалар мен іс-шараларды жоспарлар отыр? Бұл турасында қор президенті арнайы баспасөз туры барысында кең-молынан айтып берді. Баспасөз турына әріптестерімен бірге Qaz365.kz тілшісі де қатысып қайтты.

Әділетті қоғам құру үшін иық тіресе еңбектену керек

1993 жылы қор білім мен тәрбие саласында отандық және халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, бәсекеге қабілетті әрі үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру, адами капиталдың дамуына үлес қосу үшін ашылған. Қазіргі уақытта қорға қарасты 32 лицей және 8 жеке меншік мектеп, 1 SDU университеті жұмыс істейді. Отыз жылдан бері қордың білім ошақтарындағы жастар халықаралық және отандық білім сайыстарында, олимпиадаларда 27 мыңнан астам медаль иеленген. Оның 4558-і халықаралық деңгейдегі медальдер болса, 5142-cі республикадан алынған жүлделер. Халықаралық сайыстарда медаль алған оқушылардың кейбірі тіпті ерекше дарынымен, қабілетімен Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Қордың президенті Дархан Өтенің айтуынша, қазір әділетті қоғам құру үшін ең маңызды шаруа – сын-қатерлерге төтеп беру мақсатында иық тіресе жұмыс істеу. «Ел бәрімізге ортақ» дейді Өтенің өзі.

“Балаларымыз келешекте ұлтжанды, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді тұлға болып қалыптасса,  алдағы уақытта елімізді көркейтетін де, қуантатын да – осы балалар. Сондықтан бәріміз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз”, – дейді ол.

Ауылдың балалары назардан тыс қалмаса дейміз

Қордың ең алғашқы лицейлері тоқсаныншы жылдары Алматыда, Көкшетауда және Қырғызстанда ашылған. Бүгінгі таңда лицейлер оқушыларды 7-11 сыныптар аралығында оқытады. 7 сыныпта Қазақстан бойынша емтихан өткізіледі. Емтиханның ерекшелігі – балалардың зеректігін, интеллектуалды қабілетін, сауатты ойлай білу қабілетін тексереді. Білім сынағының тағы бір ерекшелігі – ауылды жерлердегі балаларға мүмкіндік беру үшін әрбір ауданды да қор назардан тыс қалдырмайды. Дархан Өтенің сөзінше, білім басқармасы басшыларының ұйымдастыруымен бірге жыл сайын 30 мыңнан астам оқушы емтиханға қатысады. Солардың ішінен 1800 оқушы іріктеліп алынады.

“Оқу-ағарту министрі де айтып жатыр, Президент те педагогтер съезінде атап өтті. Ауыл мен қаланың алшақтығын жою мақсатында ауылды балаларға квота береміз. Ол негізінен 10 пайыз ауыл балаларына және 15 пайыз аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Ауылға барып, емтихан өткізіп, таңдаған оқушыларға сондай артықшылықтар жасап отырмыз. Сондықтан біздің лицей оқушыларының 30 пайызға жуығы ауыл балалары десек болады. Осы балалар Білім-ИННОВАЦИЯ лицейіндегі мүмкіндіктерді алып, мықты университеттерге түседі. Сапалы білім алғанның арқасында тек қана Қазақстанда емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті азаматтарға айналып отыр”, - дейді Дархан Өте.

SPECTRUM, Galaxy, SDU...

Қорға қарасты лицейлерде олимпиада қозғалысы өте жақсы дамыған. Білім болғаннан кейін салада бәсеке де жоқ емес. Бұл тұрғыда қор президенті мынадай бір қызықты деректі келтірді.

“Біз ең алғашқы медальді Қазақстанға лицейден алып келдік деп айтамыз. Кеше конференцияда физматтың Алмаз Нұрқожа деген азаматты шақырған едік. Ол кісі  “Дархан мырза, сізді түзету керек. Сіз алып келген жоқсыз. Бірінші физматтың оқушылары алып келді” деп айтты. Біз дайынбыз, ашықпыз, түзетейік дедім. Бірақ шын мәнінде, алғашқы күміс медальді 1993 жылы физматтың оқушысы алып келген екен. Алтынды да алып келген. Бірақ алтынды алып келген физматтың оқушысы Ресей командасының құрамында қатысқандықтан, ресми түрде Қазақстанның жеңісі болып есептелмей қалған екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін ресми факт бойынша біздің оқушыларымыз математика, биология бойынша алтын медаль алып келген. Әр 3 оқушының екеуі - олимпиада жүлдегері”, - дейді Дархан Өте.

Ең керемет жетістіктің бірі – Тараз БИЛ лицейі халықаралық олимпиадаларда 8 медаль жеңіп алғаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2001 жылы АҚШ-та өткен математика олимпиадасында 1 мектептен 3 медальді бір ғана мұғалімнің балалары алыпты. Бұл да – қордың үлкен жетістігінің бірі.

Қазіргі уақытта 32 лицей бар. Оның ішінде 10-ы қыздарға арналған. Дархан Өтенің сөзінше, қордың негізгі бағытының бірі – қыздарға арналған лицейлер ашу. Облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, қор мектептерді ашуға дайын екен. Сол мақсатта биыл Түркістан қаласында білім ордасы ашылған. Қазіргі уақытта Семей, Өскемен, Жезқазған қалаларында әкімдіктермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы 32 мектеп-лицей бүкіл Қазақстан облыстарында бар. Қорға қарасты 8 жеке меншік мектеп те ата-аналардың үлкен сұранысына ие. Оның екеуі Кембридж бағдарламасымен оқытатын халықаралық мектеп саналады. SPECTRUM – Кембридж бағдарламасына негізделген 12 жылдық мектеп. Онда сабақ 100 пайыз ағылшын тілінде өткізіледі. Одан бөлек Алматыда Galaxy халықаралық мектебі жұмыс істейді. Қалған алтауы – Нұр-Орда мектебі. Бәрі де жергілікті стандартты орындайды. Бірақ  бұл мектептердің артықшылығы - ағылшын тілін тереңдетіп оқытатынында.  IT бағытына көп маңыз береді.

Сондай-ақ қорға қарасты SDU  университетінде 90 пайызға жуық мазмұн ағылшын тілінде.

Білім бәсекесінде Батыс қазір Азиядан қорқып отыр

Қор президенті Дархан Өтенің сөзіне қарағанда, БИЛ мектептері - жалпы Қазақстанға халықаралық тәжірибені алып келген алғашқы мектептер. Нақтырақ айтқанда, үштілді білім беру моделінің қарлығашы десе де болады.

“Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде негізгі гуманитарлық бағыттағы пәндер ол – қазақ тілі, Қазақстан тарихы, әдебиеті,  географиясы, жалпы тарихы деген сияқты пәндер қазақ тілінде оқытылады. Не үшін тек қазақ тілінде өтеді? Себебі бізге түсетін балалардың жартысынан көбі –  орыстілді балалар немесе өзге ұлт өкілінің балалары. Сондықтан ол балалар келгенде біз оларға деңгейлеп қазақ тілін осылайша 7-8 пәнді оқыту арқылы үйретеміз. Олар қазақ тілін өте жоғары деңгейде меңгеріп шығады.  Мысалы, орыс тобының көбі қазақ тілін өте жақсы біледі”, – дейді ол.