×

Трайбализм, айлыққа қатысты шағым мен кеткісі келмейтін профессорлар: ҚазҰУ жиі айтылатын сынға қалай жауап берді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне айтылатын сын аз емес

Трайбализм, айлыққа қатысты шағым мен кеткісі келмейтін профессорлар: ҚазҰУ жиі айтылатын сынға қалай жауап берді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне айтылатын сын аз емес. Ел аузында жүретіні, БАҚ-қа шығып кететіні, ұжымдық хат болып жазылатыны да баршылық. Қордаланған осы сұрақтарды Qaz365.kz ақпараттық агенттігі жинақтап, университет ректорының өзіне  жолдаған. «Түймебаев іссапарда» деген ескертумен жауап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма мүшесі – қаржылық қызмет жөніндегі проректор Қалилла Абдуллаевтан келді.

Алдымен  сыйақы жайлы

Бұрын Scopus журналдарына мақаласы шыққан қызметкерлерге сыйақы беріліп келген. Ал қазір оның бәрі тоқтатылған көрінеді. Бұл қаншалықты рас? ҚазҰУ басшылығына қойған алғашқы сұрағымыз осы болатын. Алайда бұл ақпаратты университет жоққа шығарады. Ресми жауапқа сәйкес, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық QS рейтингінде 230-орынды иеленеді. 

«Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы QS Asia University Rankings бойынша 29-орында. Халықаралық рейтингтердің басты талаптарының бірі – Scopus журналдарында ғылыми мақалалар жариялау. Осыған сәйкес, профессор-оқытушылар құрамы, университет қызметкерлері мен білім алушылардың мақала жариялау белсенділігін ынталандыру мақсатында 2018 жылдан сыйақы қарастырылған», – делінген жауапта.

Жоғары белсенділік танытқан авторлар тізімі Ғылыми кеңестің шешімімен бекітіліп, арнайы бұйрық шығарылады. Мәселен: 2021 жылы 23.08.2021 жылғы №3-2974 бұйрыққа сәйкес,  234 мақала авторына 74 825 950 теңге аударылған. 2022 жылы 08.07.2022 жылғы №2293-К бұйрығына сәйкес, 299 жарияланым авторына 93 187 350 теңге аударылды. 2023 жылы 28.08.2023 жылғы №2265-К бұйрығына сәйкес, 537 жарияланым авторына 129 116 250 теңге аударылған. 

Айлыққа байланысты шағым көп

Университет қызметкерлерін әлеуметтік мәселелер көбірек алаңдатады. Үш жылдан бері жалақы өспеген. Оның үстіне уақытында берілмейтіні туралы шағым көп. Үнемі кешігетіні жайлы ақпарат бар. Мерекелерде сыйақы берілмейтініне де наразылар бар. Министрліктен қаржы бөлінгенімен, сыйақы жоқтығы туралы бірнеше хат келген. Жылына сыйақыға байланысты нақты қаражат көлемі бекітілген бе? Ректорға қойылған үшінші сұрақ осы болатын. 

Университеттің ресми жауабына сүйенсек, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен қызметкерлерінің жалақысы еңбек нарығына және қызметтік деңгейіне сәйкес келеді. 2021 жылы 11 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор лауазымына Ж.Қ.Түймебаев тағайындалғанда ең бірінші жалақыны 20 пайызға көтеру туралы бұйрыққа қол қойған. Араға алты ай салып,  2021 жылдың қыркүйек айында профессорлар жалақысы 75 пайызға, доценттер жалақысы 62 пайызға, аға оқытушылар жалақысы 36 пайызға, оқытушылар жалақысы  37 пайызға өскен.

 

 

Лауазымы

2020

2021

2022

2023

1

Профессор

190

228

400

480

2

Доцент

175

210

340​

340

3

Аға оқытушы

160

192

262

276

4

Оқытушы

145

174​

236

240

5

Бас маман

72,8

90

180​

180

6

Маман

66,7

72

145​

145

 

«Жалақы келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей уақытылы төленеді. Ереже бойынша, университеттің даму жоспарында көзделген қаражат шегінде еңбекақы төлеу қорында үнемдеу болған кезде сыйақы беріледі. Университеттің даму жоспарын (бюджетті) оның жалғыз акционері – Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітеді», – деп жауап береді университет.

Оқытушы-профессорлар құрамының орташа жасы

Айлықпен қатар, үш жылдың ішінде кадрлық саясатқа қаншалықты көңіл бөлгенін сұрадық Түймебаевтан. Бірнеше жылдан бері жүрген ардагер профессорлар орындарын босатқылары жоқтығы да көп айтылатын әңгіме. Бірақ университет ​оқу орнында 2310 оқытушы-профессор еңбек ететінін, оның ішінде ғылым докторлары – 613, ғылым кандидаттары – 731, PhD докторлары  254 екенін атап өтеді. Оқытушы-профессор құрамының 62 пайызын  25-45 жас аралығындағы азаматтар құрайтынын, ұзақ жылдар тер төгіп келе жатқан 491 ардагер-профессор тек жарты  жүктемемен жұмыс істейтінін жеткізеді.

«Университет бойынша оқытушы-профессорлар құрамының орташа жасы – 46. Университетте соңғы үш жыл ішінде 224 оқытушы-профессор жұмысқа қабылданды. Оның ішінде 30-ға дейінгі 66 жас ғалым, 40-қа дейінгі 61 жетекші ғалым бар», – дейді Абдуллаев.

«Жершілдік пен трайбализм жайлы»

Жершілдік, трайбализм мәселелеріне қатысты да бірнеше хат редакцияға келген болатын. Университет басшылығы Тараз, Шымкент жақтың тумаларын ғана алатынын, басшылықта ректордың туыстары көп екені туралы шағымдар түскен. Мысалы, әл-Фараби атындағы бизнес мектептің директоры Жарасқан Сарыев деген азамат ректордың жиені деген ақпарат бар. Оның анасы – Жұмагүл Қансейітқызы. Одан бөлек, Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ләйлә Бимендиева, Физикалық факультет деканы да ректордың туысы деген ақпарат бар. Осы қаншалықты рас?

Осы сұраққа әр адамның аты аталып жауап келген жоқ. Университет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңының 14-бабының 1-тармағын келтіреді. Осы баптың ескертпесіне сәйкес, жақын туыстар деп ата-ана (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, толық және толық аға-інілер мен апалар, ата-әжелер, немерелер, жекжаттар деп – ата-анасы (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, ата-анасы мен апа-сіңлілері, ата-енесі және жұбайының балалары көрсетіледі. 

«Сонымен қатар жақын туыстар туралы ұқсас ұғым «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 1-бабы 1-бөлігінің 13-тармағында да қарастырылған. Сондықтан Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған заңнамасына сәйкес, жақын туыстар ұғымына жататын тұлғалар Басқарма Төрағасы – Ректорға тікелей бағынышты болып жұмыс істемейді», – делінген жауапта.

Бастықтардың айлығы қанша?

Проректор, департамент директоры, департамент директорының орынбасары, декан, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі 700 мың - 3 миллион теңге аралығында жалақы алады. Оқытушылардың айлығы 190-440 мың теңге. Осындай да ақпарат түсті. Бұл деректі растай аласыз ба? Бұл да кезекті сұрақ болатын.

Университет профессор-оқытушылар құрамына жалақы тарифтеу тізіміне сәйкес белгіленетінін, қазіргі уақытта оқытушының ең төменгі жалақысы – 240 000 теңге, ал профессордың ең төменгі жалақысы – 480 000 теңге екенін хабарлайды. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығына сәйкес, профессор-оқытушылар құрамының негізгі жалақысына ғылыми-инновациялық қызметке қатысқаны үшін және қосымша білім беру қызметтерінен қосымша ақы төленетінін қосып өтеді.


«2021 жылы ОПҚ орташа жалақысы 433 598 теңгені, мамандардың жалақысы 152 638 теңгені құрады. 2022 жылы ОПҚ орташа жалақысы 435 967 теңгені, мамандардың жалақысы 162 620 теңгені құрады. 2023 жылы ОПҚ орташа жалақысы 532 258 теңгені, мамандардың жалақысы 165 005 теңгені құрады. Факультет мамандарына жалақы кәсіби біліктілігіне, еңбек өтіліне қарай төленеді. Қосымша ғылыммен айналысып,  гранттық жобаларға қатысуға кедергі жоқ», – делінген жауапта.

Өзге де мәселелер жайлы

Бұдан бөлек университет басшылығынан факультет мамандары да 120 мың теңге алатындарын айтып, реніштерін жеткізгенін де жолдадық. Әдеп, этикаға қатысты шағымдар көптігін, ректораттың хатшысының дөрекілігіне де сындар айтылғаны да аталып өткен.  Сонымен қатар докторанттарға бөлінетін қаржының аздығына қатысты наразылықтар бары жеткізілген.

Алайда университет ректорат хатшысы деген лауазым жоқтығын, этикалық сұрақ бойынша арыз тіркелмегенін хабарлайды.  Университетте шетелдік тағылымдамадан өтетін докторанттар  үшін 1,2 млн теңге көлемінде шығыстар қарастырылғанын  жеткізеді.

«Үкімет бекіткен жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінде тағылымдамаға арналған шығыстар нормасы жеке регламенттелмейді. Осыған байланысты ғылыми тағылымдаманы қаржыландыру төлем нысанына (ақылы бөлімше немесе грант) қарамастан, университет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Білім алушыларды тағылымдамаға жіберу кезінде білім алушылардың карточкалық шотына бұйрықта көрсетілген есепке сәйкес сомалар шегінде ақшалай қаражат толық көлемде аударылады. Білім алушы университетке қатысы жоқ себептерге байланысты кезектен тыс жоспарлары өзгерген жағдайда (мысалы: студент әртүрлі елдерден шақырту алып, тағылымдамадан өтетін жерін ауыстырған кезде, визасын уақытылы алмаған жағдайда) ерекшеліктер болуы мүмкін. Бекітілген ішкі нормативтермен салыстырғанда ғылыми тағылымдамадан өту бойынша қаржы көлемі асып кеткен жағдайда артық шығынды білім алушы өз қаражаты есебінен өтейді», – дейді ҚазҰУ басшылығы жауабында.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →