×

Кенжехан Матыжанов: Кей ғалым университеттегі қосалқы дөңгелек сияқты

Отандық ғылымға жаңалық әкелген жас ғалымдар саусақпен санарлық

Кенжехан Матыжанов: Кей ғалым университеттегі қосалқы дөңгелек сияқты

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ғылым салалары бойынша жұмсалған ішкі шығындар соңғы екі жылда 121,560,1 млн теңгені құрады. Оның ішінде жаратылыстану ғылымдарына – 36 030,0 млн, ал гуманитарлық ғылымдарға – 9267,0 млн теңге бөлінген. Республика бойынша магистратураны бітіргендер саны – 22193 адамды құраса, докторанттар саны – 1536 жас ғалымды құрайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау мен ғылымды дамытуға, жобаларын іске асыруға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар көптеп бөлінуде. Алайда отандық ғылымға жаңалық әкелген жас ғалымдар саусақпен санарлық.  

Әсіресе магистратура мен докторантураның стипендиясы артқанда, ғылым саласында қызмет етуді емес, грантқа түсуді ғана мақсат еткендер  көбейді.

Ғылымдағы осы және өзге де өзекті мәселелерді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлынан сұрап көрдік.

 «20 баспа табақ шығарылған монографияның құны – Scopus-қа жариялаған бес беттік мақалаға татымайды»

– Мемлекетіміз ғылым саласындағы жас ғалымдардың санын арттыру мен олардың жағдайын жақсарту мәселесіне соңғы 5 жылда айтарлықтай өзгерістер енгізді. Алайда талапкерлер арасында магистрлік пен PhD дәрежелерінің стипендиясына, ғылыми мансабына бола түсетіндері жетерлік. Мақсатымыз отандық ғылымды дамыту емес пе?  Мұны қалай реттейміз?

– Иә, соңғы жылдары жас ғалымдарға мемлекет тарапынан ерекше назар болып тұр. Президенттен бастап, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қостап, жастарды ғылымға тартуға, олардың білім сапасын көтеруге көптеген шаралар жасалып жатыр. Бірақ сол жұмыстардың әлі күнге дейін тиімділігі ойдағыдай деп айтуға ертерек. Жастарға сенім көрсетуге байланысты біраз шараларды кешенді түрде жасаған дұрыс. Мәселен, шетелдік тағылымдамаларға 5 мыңға жуық жас ғалымдарды жіберу жөнінде шешім қабылданды. Бірақ тәжірибе жүзінде сол 500 ғалымның өзі әлі күнге дейін толық шетелде оқып жатқан жоқ. Оның әртүрлі себептері бар. Біріншіден, шетелдік тәлімдемеге жіберудің негізгі тетіктері жете зерттеліп барып жасалмаған. «Бізге қандай ғалымдар керек және олар қандай университеттерде тағылымдамадан өтеді» деген мәселені алдын ала зерттемейміз. Тек шетелден келетін шақыруға байланысты іріктейміз. Ал енді шетелге барып оқуға тілек білдірген жастардың ішінде айқын мақсат қойғандары санаулы. Сондықтан бұл мәселеге келсек, саны бар да, сапасы көңіл көншітетін дәрежеге жете алмай отыр.

«Жас ғалымдарды дайындау мәселесінде қордаланған дүниелер көп»

Әсіресе мына магистратура, докторантурадан өткізу, содан кейін барып ғылымға бейімдеу жөніндегі мәселелерде әлі күнге дейін сапалы көрсеткішке жетпедік. Мәселен, докторантураны 3 жыл оқиды. Бірақ сол 3 жыл оқыту бағдарламасының өзі толыққанды заман талабына сай жасалмаған. Оның ішінде, әсіресе гуманитарлық және ұлттық ғылым салаларына ерекше көңіл бөлу жағын ойластыру керек. Себебі оны техникалық, жаратылыстану ғылымдарымен бірдей дәрежеге қоюға болмайды. Мысалы, қазір ағылшын тілін білу – басты талап. Ал ағылшын тілін білетін мамандардың көпшілігі қалада оқыған балалар. Өкініштісі, олар ана тілін жетік білмейді. Сонымен қоса, қазақ мәдениетін, тарихын, қазақ әдебиеті мен өнеріне жетік болмаған балалардың докторантураға түсіп кету жағдайлары бар. Өйткені ағылшын тілінен өтпеген балалар, докторантураға түсе алмайды. Ал ауылдан келген жастар ағылшын тілін жетік білмейді. Шет тілін тіпті жоғары оқу орындарының өзінде де жеткілікті деңгейде оқытпайды. Сол себепті ағылшын тілін білу керек. Бірақ оны негізгі критерий ретінде қарауға болмайды. Әсіресе гуманитарлық ғылым салаларында, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, қазақ өнері мен мәдениетінің ең басты критерийі – өзінің игерген пәні болуы керек. Сондықтан осы мәселені қайта қараған жөн. Әсіресе гуманитарлық ғылым салаларындағы жастарды шетелге жіберуде мәселе туындайды. Өйткені шетелде бұл бойынша оқу орындары өте аз. Одан соң жастарға ерекше қойылып отырған талап – шетелдік Scopus журналдарында мақала жариялау. Ал ол қазақтың ұлттық мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне қажеті жоқ. Олардың мақалаларын кез келген шетелдің журналдары жариялай бермейді. Мәселен, жаратылыстану пәндерінен егер татымды мақала жазатын болса, журналға шығару әлдеқайда жеңіл. Ал гуманитарлық ғылымдардан шетелдік басылымдарға мақала шығару өте қиын. Өйткені қазақ тіліндегі мақалаларды ағылшын тіліне аударудың өзі үлкен шаруа. Бұл бір. Екінші мәселе – шетелдік журналдардың оны түсініп, өз талаптарына сәйкес жариялауы екіталай. Осы жағын да ескеру керек. Сонымен қоса қоғамдық гуманитарлық ғылымдардың ең басты нәтижесі – ол монография болды. Докторантура қорғаған адамдардың еңбегі монографиямен бағаланатын, бұрынғы кеңес дәуірінен бері солай еді. Ал енді сол 10 не 20 баспа табақ шығарылған монографияның құны Scopus-қа жариялаған бес беттік мақалаға да татымайды. Әлбетте осыдан кейін гуманитарлық ғылымдарды қалай дамытамыз деген әңгіме туады...

– Аға, солай бола тұра ғылымды дамытуға мемлекеттен бөлінетін қаржы гранттары көп. Президентіміз айтқандай, құмға сіңген судай боп, қолдаудың өзі өзектілігі жоқ жобаларға кетіп жатыр. Үкімет ұтылмас үшін, бәлкім, мұндай гранттарды түбегейлі қайтарымды етіп, нәтижесіз қалған жобаларға салық көлемін ұлғайту керек шығар? Бұған не дейсіз?

– Бұл, әрине, жастарға қолдау көрсеткен мемлекеттің қамқорлығы. Қолдауға тұратын жағдай. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті де осы мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Бірақ осы гранттық жобаларға қатысты өзгерістер мен толықтырулар керек. Оның ішінде тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салаларына ерекше талаптар қойған жөн. Өйткені көп жағдайларда гуманитарлық ғылымдарға жарияланған конкурстарда міндетті түрде Scopus-қа мақала жариялау, ағылшын тілінде материал дайындау талаптары бар. Ал оның ақтық нәтижесінде шетелдік журналдар кемі мақаланы екі жыл ұстайды. Ал сол мақала 1 жыл ішінде Scopus-қа шықпаса, оның нәтижесі толыққанды деп бағаланбайтын шарттары тағы бар. Ал енді біздің тәжірибемізге қарасақ, Scopus-қа жіберген мақала үш жылдай жатады. Және оған қыруар ақша төлейді. Осының барлығы ойланып қарайтын дүние. Ақтық нәтиже ретінде монографиялық зерттеулердің көлемін негізгі критерий ретінде қарастырған жөн. Грант иегері атанған жақсы әрине, бірақ соның қайтарымы қандай деңгейде болуы керек деген мәселені ойлану қажет. Ал грантты жариялаған кезде «зерттеу жұмысының өзектілігі қандай, ол қазіргі ғылымға не алып келеді, қандай жаңалық ашады?» деген мәселені басшылыққа алған жөн. Сондықтан республикалық деңгейлерде осы гранттық жобаларды жариялаған кезде, оны алдын ала үйлестіріп отыратын орталықтар, олардың тақырыптарын қарастырып қана қоймай, оның қайталанбауын, нендей жаңалық әкелетінін бақылап отыруы маңызды.

Шетелдік эксперттер М.Әуезовтің шығармасы түгілі, оның кім екенін де білмейді!

– Сонымен қоса, бұл жобалар жариялағаннан кейін оған шетелдік эксперттер баға береді. Ал олар біздің отандық ғылымға не қажет екенін біле бермейді. Себебі олар әлемдік деңгейде қарайды. Мәселен, М.Әуезов жөніндегі бір монографияны докторант зерттейтін болса, шетелдік эксперттер М.Әуезовтің шығармасы түгілі, оның кім екенін де білмейді. Осыдан кейін олар қалай эксперт болады деген сауал туады. Бұл төңіректе отандық ғылымды түсінетін, бағалайтын эксперттік жүйені қалыптастырудың өзектілігі қазіргі таңда өте жоғары. Әсіресе қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласындағы бағалау, эксперттік сараптау тетіктерін жаңаша қарастырмаса, болмайды...

Саны бар да, сапасы жоқ жобалар көп

– Жасыратыны жоқ, қазір осыған байланысты Ғылыми-зерттеу институттарына айтылар сын көп. Оның үстіне жас ғалымдардың жалақылары да мардымсыз. Осыдан соң инновациялық жаңалық күту де  ақылға қонбайтындай...

– Иә, үкімет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа жас ғалымдар сай ма, сай емес па деген сұрақ туындайтыны рас. Өйткені қоғамдық-гуманитарлық саладағы жастардың көпшілігі сапалы білім алып келген дей алмаймыз. Олардың ішінде магистратура мен докторантураның стипендиясы үшін не диплом алу үшін 2-3 жыл уақыттарын өткізіп, кетіп қалатын жағдайлар да көп кездеседі. Соның бәрін саралап қарайтын болсақ, 30 пайызына жуығы докторантураға түсіп алып, қорғамай шығып жатыр. Қаражатты игермейтін болса, оның қайтарымы болуы керек. Бірақ бұл гранттық жобаларда қарастырылмаған. Және оның жауапкершілігі толық көрсетілмеген. Ал  оған жетекшілік ететін ғалымдарға бөлінетін қаражаттың өзі де көңіл көншітпейді. Сондықтан ғалымдар жетекші болғаннан гөрі, өз бетіменен  зерттеуін жасап жүре бергісі келеді. Өйткені жетекшілерге қойылатын талаптың өзі де әртүрлі деңгейде болады. Мәселен, жетекші жоқ дегенде, Scopus журналдарында мақалалары шыққан болуы керек. Кәнігі деген көп мамандар жетекшілік етуге құқығы жоқ екенін көргеннен кейін ғылымнан түңілетін жағдайлар болады. Кейде шетелдік жетекшілер алынып жатады. Қорғайтын кезде шетелдік эксперттер тағайындалады. Ал олардың өзі қазақ әдебиетін,  қазақ тілін, мәдениетін, төл туындыларын оқымаған адамдар. Жастарды алға тартайық деп қолдағанмен де, жас ғалымдар көбейіп кетпейді. Сондықтан бұл мәселеде білім сапасын арттырудың, оны ғылымға бейімдеудің арнайы жүйесін қарастыру керек. Өкініштісі, қазір жобалардың саны болғанмен, сапасы, оның нәтижесі әлі күнге дейін көңіл көншітпейді…

– Өзіңіз жақсы білесіз, қазір университетаралық ынтымақтастықты арттыруға қатысты жаңа жобалар қолға алынуда. Ғылыми-зерттеу институттарының жанынан PhD докторантураны қайта ашу жағын қарастыру керек сияқты...

– Соңғы кездері университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі сөз жүзінде көп айтылады. Ал оны шын мәнінде қалай дамыту керек? Тәжірибеге назар аударып көрейікші. Кез келген университетке барып, ол жердегі құрылып жатқан ғылыми институттардың форматына көңіл аударсақ, ол бір ұстаздардың, ғалымдардың, өздерінің сабағын бергеннен кейінгі кезеңде ғана, нәпақа табу үшін қосымша жасайтын жұмыстары сияқты болып көрінеді. Мәселен, университеттердің құрамындағы Ғылыми-зерттеу институттары, Ғылыми-зерттеу орталықтары деп аталатын ұйымдардың барлығының заңды түрде мәртебесі не өз қаражатын игеретіндей мүмкіндігі жоқ. Олар университеттің ішіндегі қосалқы бесінші дөңгелек сияқты болып жүрген жағдайлар бар. Осы төңіректе оның заңдық, құқықтық, жалпы өз мәртебесін көтеруге байланысты тетіктерін қарастырып барып, қараған дұрыс. Бұл орайда Ғылыми-зерттеу институттарының мүмкіндіктері әлдеқайда кең. Өйткені Ғылыми-зерттеу институтында тек осымен ғана айналысатын мамандар отыр. Олардың жастармен жұмыс істеуге мүмкіндіктері көп. Сондықтан, әрине, Ғылыми-зерттеу институттарының жанынан PhD докторантураны қайта ашу жағын қарастырған дұрыс шешім болар еді. Ғылыми зерттеу жұмысын жүргізудің бұрынғы кеңестік дәуірде қалыптасқан аспирантура сияқты не тәлімдемеден өтіп те қорғай беру жағын ескерген жөн. Өйткені Ғылыми-зерттеу институтында отқан жас мамандардың мүмкіндіктері де, тәжірибесі де оған жетеді.

– Сіз басшылық ететін институттың өңірлік университеттермен қарым-қатынасы қалай?

– Ғылыми институттың ынтымақтастығын әлі де жетілдіре түсу қажет. Бүгінде іргелі университеттермен қоса, облыстық келісімшарттар жасалған. Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп мамандар даярлаймыз. Бірақ осы мамандарды даярлаудың толық жеткілікті жағдайда ережелері қалыптасқан жоқ. Көптеген сұрақтар туындайтын жағдайлар бар. Жалпы жастарға қамқорлық жасап, мүмкіндіктерді ашу керек. Бірақ соны ары қарай жетілдірудің, жүзеге асырудың тиімділігін көтеру бойынша үлкен жұмыстар атқарылуы  қажет. Университеттер Ғылыми-зерттеу институттарына  қосалқы мекеме сияқты қарайды. Мұны заң арқылы қайта жасақтаған жөн. Бәріміздің ортақ мүддеміз – елімізді көркейтетін, жаңа инновация әкелетін зерделі жас ғалымдарды шығару. Ол бірден болатын шаруа емес. Бірақ оны уақыт еншісіне қалдыруға тағы болмайды. Ынталы жастар ғана Қазақстанды әлемге паш етеді. Біз өз тарапымыздан елі үшін барын салатын патриот жастардың санын көбейтуге, сапалы білім беруге барамызды саламыз.

 – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →