×

Нұрсұлу Сейіткерімқызы: Ұлтым мен ұрпағыма пайдалы болу – абыройлы міндетім!

Саналы ғұмырын білімге арнаған ұстаз

Нұрсұлу Сейіткерімқызы: Ұлтым мен ұрпағыма пайдалы болу – абыройлы міндетім!

Ол саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз. Үздік шәкірттер тәрбиелеп, жастардың бойында патриоттық сезімді оятып жүрген Нұрсұлу Сейіткерімқызы – өз ісінің білгір маманы. Қызметінбарынша абыроймен атқарып келе жатқан жан-жақты ұстаз бүгінде еліміздің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты ретінде қызмет етіп келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Өскелең ұрпаққа білім беріп қана қоймай, өз елінің патриоты болуға жол көрсеткен ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұрсұлу Сейіткерімқызы, сіздің ұлтын шын сүйген шәкірттеріңіз көп.  Мұны мамандығыңызға деген махаббаттан көруге болады. Педагогтік жолыңыз жайлы айтып берсеңіз.

Әке-шешем кішкентайымнан сапалы білім алуым мен түрлі үйірмелерге қатысуым үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Содан болар, бала кезден қиялға ерік беріп, бірде сатушы, бірде заңгер, ал бірде ұстаз болуды армандайтынмын. Есейе келе, отбасым өмірде қателесуге болмайтын екі таңдауды құлағыма құя бастады. Әрине, соның бірі – мамандық таңдау еді. Мектеп табалдырығында жүргенде гуманитарлық бағыттағы пәндерді сүйіп оқыдым. Әсіресе, тарих пен әдебиет сабағы ерекше ұнайтын. Ұстаздарымыз оқушыларға айтқан ақпаратын санаға сіңіріп, жадымызда жатталуы үшін өзіндік методикалары арқылы сабағын қызықты өткізетіндіктерінен болар, есімде жақсы сақталыпты. Міне, содан кейін мен де алдағы болашағымды ұстаздық жолмен байланыстыра бастадым. Өзгенің таным-көкжиегін кеңейтіп, оның сан сауалына жауап табуына себепкер болған неткен бақыт?!.

Кейіннен осы бағытта көп іздене бастадым. «Ерінбейтін еңбекшіл адам ғана ертең-ақ еңбегінің жемісін жейді» деген аталы сөз – айтқанынан қайтпайтын, бойында ерге тән өжеттік пен қайсарлық, намыс пен жігер тулаған, қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын қазақтың әрбір қыз-жігітіне қарап айтылған ғой. Сөйтіп, мектепті үздік бітіріп, еліміздің маңдайалды университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, өз ісімнің білікті маманы болуға асықтым. Университет қабырғасында жүргенде оқытушыларымыздың терең ізденісі мен пайым-парасатының кеңдігіне қарап, мен де сол кісілердей ұстаз болуға бекіндім. Ең алғаш еңбек жолымды Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрындағы мұражайда аға ғылыми қызметкер болып бастап, кейіннен мектеп пен колледжде тарих пәнінен сабақ бердім. Одан соң педагогика мамандығына аспирантураға оқуға түсіп, диссертациямды сегіз жылда жазып шығып, сәтті қорғап шықтым. Бүгінде сол бала күнгі арманым орындалып, Қазақ Ұлттық университетінде аталмыш кафедрада оқытушы, профессор және кафедра меңгерушісі болып қызмет етіп келемін.

– Тұлға болып қалыптасуыңызға отбасыңыз берген тәлім-тәрбиенің өмірлік қағидаларыңызға ықпалыжайында айта аласыз ба?

– Кез келген адамның тұлға болып қалыптасуына микро, макро, мезо, мегофакторлардың әсер ететіні белгілі. Менің өміріме де дәл осы факторлар айтарлықтай ықпал етті деп нық сеніммен айта аламын. Себебі өзімді университетке түспей тұрып, институтта білім алған адаммын деп санаймын. Ол – отбасы деген институт. Ондағы ректорым – әкем, проректорым – анам, әріптестерім – ағам мен әпкем, студенттерім – сіңілім мен інілерім болды. Мен осы бір институтта өмір бойы оқып, білім алудан жалыққан емеспін. Өйткені менің алғашқы ұстазым – анам болса, алғашқы профессорым – әкем еді. Шәкірттеріме де патриоттық сезімді ояту үшін тәрбиенің қайнар бұлағы жанұясында екенін барынша түсіндіріп келемін. Мемлекеттің мүддесі үшін қызмет ететін мықты тұлғалар алдымен жанұясында бақытты бола алуы керек. Психологияда травма деген сөз қазір жиі қолданылатын болды. Педагог ретінде алдыма келген шәкірттің психологиялық жарақаттарын білсем, оған ең басты құндылықты жеңіл ұғындыруға тырысамын. Менің педагог ретінде жылдар бойғы тәжірибем – өтетін дәрісімді жастарға «елің мен жеріңнің мақтанышына айнал, ол үшін алдымен жанұяңда бақытты бола біл» деген қағиданы түсіндіруден, сезіндіруден басталады. Бұлай айтатын себеп те жоқ емес. Еңсемді тік көтеріп, қатарымнан қалмауым үшін барын салған, назарымды тек білімге аударып, ілім жолында үлкен жетістіктер мен биік белестерге шығуым үшін қолдарынан келгенін жасаған ата-анама шексіз ризамын. Солардың ізгі ниеті мен ақ пейілдерінің арқасында бүгінгідей күнге жеттік. 

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қағидамен өсірген ата-анам мені еш нәрседен тыйған емес. Көпбалалы отбасынан шыққандықтан да, бауырмалмыз. Қай-қайсысымыздың да терең білім алуымыз үшін барын салған әке-шешеміздің үмітін ақтап, ұлтым мен ұрпағыма пайдалы болу – абыройлы міндетім деп санаймын. Таным көкжиегімнің кеңеюі мен өмірге деген көзқарасымды қалыптастырған отбасы институтындағы ұстаздарыма алғыстан басқа айтарым жоқ!

– Жоғары оқу орнында білім алып жатқан қазіргі жаңа буын ұрпақтарына көңіліңіз тола ма? Жастар бойында патриоттық сезімді қалай оятамыз?

– Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген. Бүгінгі жастардан рухани жұтаңдықтың байқалатыны рас. Алайда өркениеті дамыған, қазіргідей жаһандану заманында білімге құштар, жан-жақты жастарды көргенде, қуанып қаламын. Сәйкесінше қоғамда, жалпы әлемде бәрі бірдей ақылды, бәрі бірдей кәсіпкер немесе ең үздік жетістікке жеткен емес. Адам санасын өзгерту үшін, оның ішінде өскелең ұрпақтың көзқарасы мен танымын жетілдіруге біздің ұлттық идеология, рухани-адамгершілік және отансүйгіштік тәрбие ауадай қажет. Бұл турасында Елбасымыздың Жолдауларында да жыл сайынғы білім беру бағдарламалары әзірленіп, мектеп, колледж бен жоғарғы оқу орындарында көптеп айтылып, кемшіліктер мен олқылықтар толықтырылуда. 

Бүгінгі заманымыздың жастарына деген көзқарасым оң. Әлбетте, көңілім толады. Бірақ тәрбие бастауы отбасында екенін ескерсек, жастардың бәрі елінің патриоты болуға құштар дей алмаймыз. Жанұя – баланың құндылығы қалыптасып, іргетасы қаланатын орын. Жақсы адам болу үшін – жоғары оқу орнын бітіру жеткіліксіз. Ол өмір бойы терең ізденістің, қажырлы еңбекті қажет етеді. Шәкірттерімнің патриоттық сезімдерін ояту үшін үнемі осы мақсатта өзіңді жан-жақты жетілдіріп отыруың қажет деп жиі айтып отырамын. 

– Сіздің рухани-адамгершілік тәрбие беру саласында «имандылық» ұғымын ғылыми айналымға енгізген адамның бірі ретінде білеміз. Жастардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін қандай шаралар қолданылуы керек деп ойлайсыз? 

Өмірлік тәжірибем бойынша түйгенім мынау: жақсыадамдардың жанында жүріп, именіп жүріп игілік көру, тыңдау, түйін жасау, ой қорыту, көп оқу. Алдыңа үлкен мақсаттар қойып, оған жетудің жол картасын жасап барып,жетістікке жету, бір орында тоқтап қалмау, үнемі «мен кіммін?» деген сұрақты қойып, алға қадам басу. Мен шәкірттеріме ақыл айтпаймын. Себебі «Ақыл – жастан» дейді қазақ. Қазір өркениет дамыған заман. Жастар оң-солын, ақ-қараны ажырата алады. Ол үшін де үнемі ізденісте болу керек. Білікті, білімді шәкірттерім көп. Олардың ел мүддесі үшін қызмет еткісі келетіндерін естігенде, кеудемді мақтаныш кернейді. Бүгінде жетекшілігіммен 31 магистрлік және 1 кандидаттық, 1 Phdдокторлық диссертация қорғалды. «Әлемдік педагогикалық ойлар антологиясы» – «Мәдени мұра» жобасы, ЖаҺандану жағдайында кәсіби өзін-өзі анықтаудағы қазіргі жастардың педагогикалық-психологиялық құзыреттіліктерін қалыптастыру», «ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» және т.б. жобалар жасалды. 250-ден аса ғылыми еңбектің авторымын. «Скопус», «Томсон»журналдарында мақалаларым жарық көрді. Заманауилыққа бейім жастардың назарын өзіңде ұстап қалуың үшін дәрісіңді қызықты, жаһандық жаңалықпен байланыстырып отырамын. Ізденісі бар педагогті көрген студенттер де, дайындықсыз келмейді. 

Абай Құнанбаев: «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады». К.Д.Ушинский: «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті». Л.Н.Толстой: «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз» деген.Ұлылардың ұстаз жайлы осындай ғаламат сөздерінен артық не айтуға болады?!. Халқына қызмет қылатын патриот жастардың санын арттыруға барымызды саламыз. Себебі ұлтым мен ұрпағыма пайдалы болу – абыройлы міндетім!

– Сұқбатыңызға рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
"World University Rankings 2025" рейтинг нәтижелері жарияланды - Қазақстандық қанша университет бар
11.10.2024ж. 10:14

"World University Rankings 2025" рейтинг нәтижелері жарияланды - Қазақстандық қанша университет бар

Рейтинг оқу орындарын төрт негізгі өлшем бойынша бағалайды: білім сапасы, ғылыми зерттеулер, дәйексөз және халықаралық ынтымақтастық
Бұл жобаны оқу ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарады
Олар орыс тілі оқулықтарының тапсырмалары шамадан тыс ауыр екенін айтты
Бүгінде олардың оқу ақысын мемлекетке қайтару бойынша сот процесі жүріп жатыр

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →