×

Ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы даму мен прогрестің өзегі іспетті

Бүгінде ғалымның еңбектері мен оқытушылық қызметі университет жетістіктерінің сабақтастығын жалғастыруда

Ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы даму мен прогрестің өзегі іспетті

Сәтбаев Университетінің 90 жылдық тарихында көптеген көрнекті ғылыми тұлғалардың еңбектері мен ашқан жаңалықтары тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік ғылымның дамуында елеулі рөл атқарып, олардың есімдері дүйім жұртқа танымал болды. Осындай көрнекті ғалымдардың бірі – университеттің үздік түлектерінің тізімінде есімі ерекше орын алатын Баян Рақышев. Бүгінде оның ғылыми еңбектері мен оқытушылық қызметі университет жетістіктерінің сабақтастығын жалғастырып, қолданбалы зерттеулер ғылыми прогресс пен қоғамның әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды екенін дәлелдеп отыр.

Ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы – білім беру мен ғылыми зерттеу әдістері ғалымдардың аға буын ұрпағынан кейінгі жас ұрпаққа дәйекті түрде беріліп отыруын қамтамасыз ететін іргелі қағида болып табылады. Ғылыми жетістіктер мен тәжірибелік деректердің сабақтастығы қазіргі жас ұрпаққа өздерінен бұрынғы аға ұрпақ ғалымдардың зерттеулерін дамытып, тереңдетіп қана қоймай, жаңа білім бұлағын ашуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл ғылымға заман ағымына ілесуге, құбылмалы жағдайға бейімделуге және қиындықтарға заман талабына сай төтеп беруге де мүмкіндік береді.

Осындай аға буын ғалымдардың бірі де бірегейі – Баян Рақышұлы өз ісіне деген жоғары асқан жауапкершіліктің, ұйымдастырушылық қабілетінің, ғылыми зерттеулерді экономиканың нақты секторының талаптарымен үйлестіре білуі мен ерекше көрегендік қасиетінің арқасында тек академиялық ортада ғана емес, сондай-ақ Қазақстандағы тау-кен кәсіпорындарының басшылары арасында да мерейі үстем болып, ерекше құрметке бөленіп отыр.
Бүгінгі күні ғалымдар мен оқытушыларымыз тау-кен металлургия ғылымы мен инженерлік білім саласында қол жеткізіп отырған жетістіктерінің негізін, іргетасын кезінде Баян Рақышұлы қалаған болатын. Осы ретте айта кету керек, 1957 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын, қазіргі Сәтбаев Университетін сәтті тәмамдап,  болашағынан зор үміт күттірген жас ғалым Баян Рақышев зертхана мен тап-таза аудиториялардың орнына шахта мен кен орындарындағы жұмысты таңдап, дүйім жұртты таң қалдырған еді. Осылайша өндіріс орнында сегіз жыл жұмыс істеп, Баян Рақышев кандидаттық диссертациясын да қорғап шықты, әрі мансабы да қарқынды дамыды. Сөйтіп ол 1965 жылы өзі білім алған қара шаңыраққа тәжірибелі қызметкер, әрі жас ғалым ретінде оралып, қызметін теориялық механика кафедрасының доценті лауазымынан бастады, кейін кафедра меңгерушісі, осы оқу орнының ректоры лауазымына дейін көтеріліп, адал еңбек етті.

Ғалым үшін өмірлік тәжірибе қаншалықты маңызды екенін, ол тек академиялық зерттеулер мен ғылыми тәжірибелерді ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды әлеуметтік, мәдени және практикалық білімдерді де қамтитынын Баян Рақышев өзінің өмір жолымен дәлелдеп берді. Бұл тәжірибе күрделі мәселелерді тереңірек түсінуге, оларды нақты өмірде көруге және тиімді әрі іске асыруға болатын шешімдерді қабылдауға көмектеседі.

Көшбасшылық дағдыларды дамыту үшін жетекшіге өмірлік тәжірибе ауадай қажет, әсіресе эмпатия, шешім қабылдай білу және басқаларды шабыттандыра білу сияқты қабілеттер өте маңызды. Жеке және кәсіби тәжірибелер арқылы жинақталған өмірлік сабақтар басқарушылық қызметте баға жетпес құндылық бола тұрып, әділ шешімдер қабылдауға және жаңалықтар ашып, мақсатқа қол жеткізуге қабілетті мықты команда құруға мүмкіндік береді.

Өндірісте жинақтаған тәжірибе Баян Рақышевқа әкімшілік жұмысты ғылыми және оқытушылық қызметпен қатар ұштастыруға көмектесті. Оның жетекшілігімен тау жыныстарын дәстүрлі емес әдістермен бұзу саласы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Ол әртүрлі физикалық өрістердің әсерінен қатты тау жыныстарының блоктарында жарықшақтардың пайда болу заңдылықтарын түсінуге және қолдануға көмектесетін тәжірибелер жүргізді. Бұл зерттеулер тамаша ғылыми нәтижелер беріп, кейін әлемдік практикада кеңінен қолданылды.
Бүгінде Баян Рақышұлы 90 жасқа толып отыр. Университетпен қатар туған ғалым еліміздің тұңғыш ұлттық техникалық университетінің үздік дәстүрлерін бойына сіңіріп қана қоймай, оның жаңа дәстүрлерінің де негізін қалады. Ол жастардың жан-жақты дамуына әрдайым жағдай жасауға тырысады. Баян Рақышұлы декан қызметін атқарған дәл 1967–1974 жылдар аралығында Автоматика және есептеу техникасы факультетінің іргесінде бүкіл әлемге әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі құрылды. Оның құрылуына Баян Рақышев та зор үлес қосты. Еліміздің барлық кинотеатрларында мол табыспен көрсетілген осы аттас фильмде музыкалық топтың қалыптасуына Баян Рақышевтің сіңірген еңбегі жан-жақты баяндалады. Ол басшылық еткен жылдары Автоматика және есептеу техникасы факультеті ғылыми-зерттеу, оқу-ағарту, өндірістік және қоғамдық қызметте елеулі табыстарға қол жеткізді.
Баян Рақышевтің ұйымдастырушылық, жетекшілік  ету қабілеттерін университет пен республика басшылығы да назардан тыс қалдырған жоқ. В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында бес жыл бойы проректор болып жүрген Баян Рақышев 1985 жылы оның ректоры болып тағайындалды. Осыдан кейінгі жеті жыл ішінде оның басшылығымен университетте түбегейлі өзгерістер орын алып, ғылым мен білім енді халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашты, әрі ел экономикасы үшін жұмыс істей бастады.
Баян Рақышевтың ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысының маңызды элементтерінің бірі – жаңа оқу бағдарламаларын енгізу, бұл бағдарламалар үздіксіз білім беруге бағытталып, студенттердің жеке оқу алаңын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Университет пен өндіріс орындары арасындағы байланыс белсенді түрде дамып отырды; студенттердің теориялық сабақ оқу уақыты қысқартылып, оларға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берілді. Барлық ірі кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу институттарының базасында университет кафедраларының филиалдары ашылды және жұмыс беруші барлық ірі-ірі кәсіпорындармен ғылыми-техникалық ынтымақтастық және мамандар даярлау туралы келісімшарттар жасалды. Политехтың студенттері арасынан алғашқы мамандандырылған студенттік жасақтар құрылып, олар өндірістік тәжірибеден өте бастады.
Баян Рақышев Отанға деген адал сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін өзінің істері арқылы дәлелдеді. Солардың бірі – Политехта болашақ инженерлерді мемлекеттік тілде даярлау, яғни студенттерді қазақ тілінде оқыту жүйесін енгізу болды. Осы мақсатта университетте Қазақ тілі кафедрасы мен қазақ тілінде білім беру жөніндегі Ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Бұл қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне айналдыруға мүмкіндік беріп, қазақ тілінде инженерлік білім алуға жол ашты. Тіпті Қазақстанның алыс ауылдарынан да студенттер келіп, білім ала бастады.

Баян Рақышев 1986 жылғы қайғылы Желтоқсан оқиғасы кезінде батылдық пен ерлік танытып, кеңес үкіметіне қарсы шықты деп күдікке ілінген студенттер мен оқытушыларды қудалаудан қорғады. Соның арқасында институтта ешбір қызметкер, ешбір студент саяси себеппен жұмыстан да, оқудан да шығарылған жоқ. Осылайша ол ұжымда тұрақтылық пен университет басшылығына деген сенімділікті қамтамасыз етті.

Баян Рақышевтің ең басты жетістіктері – 1987–1992 жылдар аралығында институттың материалдық-техникалық базасын жақсарту, аумағы 30 мың кв. метр Бас оқу корпусының іске қосылуы болды. Сонымен қатар Баян Рақышевтың жетекшілігімен оқу-өндірістік зертхананың ғимараттары да толықтай қайта жөндеуден өтіп, заманауи құралдармен жабдықталды, электронды есептеуіш машиналар паркі айтарлықтай кеңейтілді. Оқу орны жанынан қызметкерлерге арналған жатақхана мен тұрғын үйлер салынды, жаңа спорт залдары іске қосылып, студенттер күрес, бокс, үстел теннисі және шахмат секілді спорт түрлерімен айналыса бастады.
Баян Рақышев пен оның әріптестерінің көпкомпонентті кенді өндіру мен өңдеуді оңтайландырудағы жемісті ғылыми еңбегі тау-кен және геотехника саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі болып табылады. Еліміздің тау-кен өнеркәсібінің тиімді және тұрақты түрде дамуы табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды қамтамасыз етіп, кеншілердің қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етті. Бағдарламалық модульдер мен бұрғылау-жару жұмыстарын жобалаудың автоматтандырылған жүйелерін құру пайдалы қазбаларды өндіру процестерін оңтайландыруға және оларды қауіпсіз етуге көмектеседі. Ал тау-кен өнеркәсібінде жүргізілген зерттеулер мен тәжірибелер күні бүгінге дейін елімізде және шетелдерде мыңдаған кеншілердің өмірін сақтап қалуға көмектесуде.

Баян Рақышевтың теориялық механика, карьерлік кен орындарын ашу, кенді ашық әдіспен өндіру жүйелері, карьерлерді жобалау тақырыбына арналған дәрістері студенттер, магистранттар мен докторанттар арасында әлі күнге дейін үлкен қызығушылық тудырып келеді. Ол осы пәндер бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын жазу жұмысын жалғастырып келеді.

Баян Рақышұлының тау-кен ғылымының дамуына қосқан зор үлесі, сіңірген еңбегі республикалық және халықаралық деңгейде де мойындалып, жоғары бағаланып отыр. Баян Рақышев – Сәтбаев Университетінің мақтанышы, еліміздегі тұңғыш техникалық университеттің құрдасы, көрнекті ғалым және дарынды түлек, тұтас университет жақсы көретін тамаша тәлімгер, әрі ұлағатты ұстаз!

Мейрам Бегентаев, Сәтбаев Университетінің Басқарма төрағасы-ректоры

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстанда мектеп оқушылары Жаңа жылда неше күн демалады
10.12.2024ж. 17:17

Қазақстанда мектеп оқушылары Жаңа жылда неше күн демалады

Үшінші тоқсан 10 оқу аптасынан тұрады
Қысқы демалыс кезеңі 2024 жылдың 30 желтоқсаны мен 2025 жылдың 8 қаңтары аралығында 
Бұл туралы толығырақ Асхат Аймағамбетов айтты
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары басталып та кетті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →