×

Оқушылар ұйымдастырған инновациялық білім көрмесі көпті таңғалдырды

Көрмеде бірнеше жоба таныстырылды

Оқушылар ұйымдастырған инновациялық білім көрмесі көпті таңғалдырды
Суреттерді түсірген Мадияр Мухаметья

19 сәуірде Алматыдағы  «Сүлеймен Демирел атындағы мектеп-интернат колледжі» мекемесінің ұйымдастыруымен «Инновациялық мектеп – креативті ұстаз, бәсекеге қабілетті оқушы» атты білім көрмесі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шараға ҚАУ, Зерде, Престиж, Жаңа ұрпақ мектебі, Тұран, Лидер, Келешек, Элко, БЭСТ, Tamos Еducation мен Н. Назарбаев білім беру қоры мектептері қатысты. Бостандық ауданының білім беру ошағының 5-9 сынып аралығындағы оқушылары өздерінің жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

Заманға сай біліммен қаруланған Демирел атындағы мектеп-интернаты шәкірттерінің инновациялық жобасы көпті таңғалдырды.

Көрмеде күн сәулесі арқылы таза әрі жаңартылған электр күшін табуға көмектесетін күн электр станциясы таныстырылды. Жоба авторы Мансұр Сайлаубай – 9-сынып оқушысы. Айтуынша, бұл инфрақұрылым, экономика мен экология саласының жұмысын дамытады.

«Күн электр станциясы – энергия табудың бір жолы. Осы жоба арқылы Қазақстандағы мұнай, газ, көмір сияқты зиянды заттардан тәуелділігімізді азайта аламыз. АҚШ, Германия секілді алпауыт елдер осы әдісті қолданады. Біз де сол мемлекеттердің қатарында болғымыз келеді. Себебі мұның тек экологияға ғана емес, экономика мен инфрақұрылымға да ықпалы зор. Дәл осы электр станциясын Түркістан, Шымкент сияқты еліміздің оңтүстік өңіріне орналастыруымыз керек. Себебі ол жерде Алматымен салыстырғанда күн сәулесі тұрақты. Нәтиже көру жағынан тиімділік әкеледі әрі ол қалаларда бос орындар көп», – дейді ол.

Балаларға арналған контент тапшы

Көрмеде таныстырылған оқушылардың жобалары түрлі бағытты қамтыған, бірінен-бірі өтеді. Соның бірі  8-сынып оқушысы Нұрлан Мұхамедәлидің «Рафадан тайфа» деп аталатын мульфильмі. Дубляжы құлаққа жағымды, кішкентай бүлдіршіндерге арналған жобаның персонаждары да көз қызықтырады. Нұрлан мұны «балаларға қазақ тілін үйретемін» деген үлкен миссиямен жасаған.

«Рафадан тайфа» деп аталатын мульфильмді  монтаждап, әр персонажды аша алатын дубляжерларды табу оңай болған жоқ. Себебі балалар кішкентай болғанымен, ерекше талғампаз. Оларға визуалдан бастап, ондағы әуен, сюжет, оның  дыбысталуы профессоналды деңгейде болуы керек. Осы мәселені ескере отырып, балаларға сапалы контент ұсыну үшін осы жобама дыбыстауға көмектескен 10 адамға алғысымды білдіремін. Арнайы студияда жаздыруға қол үшін берген ұстаздарым мен ата-аналарға да ризашылығымды айтқым келеді. Бұл жобаны кішкентай балалардың қазақ тілін еркін үйренсін, тілі өз ана тілінде шықсын деген мақсатта жасадым. Қазір балалардың басым көпшілігі балабақшаларда орыс тілінде сөйлейді. Телефон мен гаджеттерден көретін контентінің барлығы да сол тілде. Бізде қазақ тіліндегі контент тапшы. Мен осы мәселені шешуге атсалысқым келеді», – дейді Нұрлан.

Иіс сабынның біз білмейтін құпиясы қандай?

Білім көрмесінде қаламыздағы мектептердің ең үздік оқушылары жобаларын таныстырды. Араларында тек жоғары сынып емес, бастауыштың оқушылары бар. Соның бірі – Алима. Ол 1 «б» сыныбының оқушысы. Жиын барысында «Иіс сабынның таңғажайып құпиялары» атты жобасын таныстырды. Айтуынша, денсаулыққа зияны жоқ, ешқандай қоспасыз эфир майы арқылы жасалады екен.

Бұрындары асқазанды улы заттардан тазарту үшін жұқалап туралған сабынды қайнаған суға ерітіп, балалар мен ересектерге ішкізетін болған. Ішектердегі шлактардың шығуына қолданатын әдіс болғаны көбімізге мәлім. Кішкентай Алиманың да жобасы осы мақсатта пайдаланылады. Сонымен қатар күйік шалғанда таза иіс сабынның ерітіндісін жақса, ісікті қайтарып, ауруды басады екен.

«Жобамның аты айтып тұрғандай, иіс сабынның біз білмейтін таңғажайып құпиялары өте көп. Мысалы, қылқаламмен сурет саларда сабын ерітіндісін пайдаланса, оның түсін айқын етуге әрі ұзақ мерзімге сақтауға болады. Желімнің орнына қағаз жапсырарда пайдаланса, оңай жапсырылады, металға сабын ерітіндісін жағып, матамен орап қойса, тот баспайды», – дейді кішкентай Алима.

 

Жасыл энергия – болашақ кепілі

Ал Сүлеймен Демирел атындағы мектеп-интернат колледжінің 9-сынып оқушысы Досбол Қанатбек жылу электр станциясы жайлы жобасын таныстырды. Айтуынша, жылу электр станциясының жұмысына отын пайдаланылады, ал ол ауаны ластайды. Экологиялық проблемалардың алдын алу үшін жасыл энергияны қолдануымыз керек.

«Елімізде энергия тапшылығы болмас үшін жасыл энергияға көшуіміз қажет. Энергия қуат көзін барынша сақтай алуымыз – жарқын болашақ кепілі. Бұл туралы президентіміз де айтып келеді. Ресурсты үнемдеу, қоршаған ортаны таза ұстау – саламатты Қазақстанды қалыптастырады», – дейді Досбол.

Көрмеге жиналған оқушылар мен ұстаздардың, шара қонақтарының санында шек болмады. Айта кетейік, аталмыш шара педагогтердің білім беру идеяларын ұсыну, тәжірибе алмасу, оқытудағы инновациялық мәдениетті дамыту мен сондай-ақ серіктестік орнату мақсатында өтті. Аталмыш көрмеге жиналғандардың ғылым саласына деген қызығушылығы артқандықтан, алдағы уақытта да ұйымдастырыла бермек.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →