×

Ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған: World’s Top 2% Scientists рейтингіне енген қазақ ғалым немен айналысады

Малдың жүні, мүйізі мен тұяғынан өнім алу жайлы жобасына шетелдіктер қызыққан

Ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған: World’s Top 2% Scientists рейтингіне енген қазақ ғалым немен айналысады
Фото: Qaz365.kz

Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%» (World’s Top 2% Scientists) рейтингіне енген еді. Qaz365.kz тілшісі Нұрлыбек Рахманов ғалыммен сұқбаттасып қайтты.

Сәрсенбек Монтаев – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дағы  Индустриалды-технологиялық институтын басқарады. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі.

Қазақстанның табиғи және техногенді шикізаттарын өңдеу негізінде энергия және ресурстарды үнемдейтін технологияларын жасау көп салалы композициялық материалдарды алу, «Жасыл құрылыс» және үйлер мен ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру технологиялық шешімдерін жасау бағытында жұмыстанатын ғалым.

1997-2022 жылдар аралығында 40-тан аса техника және технология магистрына, 6 техника ғылымдарының кандидатына, 3 PhD докторға жетекшілік жасап, дайындап шығарды.

–  Бұл жаңалықты кімнен естідіңіз? Қалай қабылдадыңыз?

– Маған «осындай рейтингке қосылдыңыз» деп ағылшын тілінде хабарлама келді. Алғашында әлгі «жұмыстарыңызды жинаққа қостық, жариялау үшін осынша қаржы төлеуіңіз керек» деп хабарласатын алаяқтар болады ғой, солар емес пе деп күдіктеніп қалдым. Сөйтсем, аты-жөнімді рейтингтен байқап қалған өзімнің Жапониядағы әріптестерім екен. Мен Жапонияда «Болашақ» бағдарламасы аясында «Нанотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен едім.

– Әлемнің ең үздік ғалымдарының рейтингін жасаған Стэнфорд университетінің сарапшыларын сіздердің қай жұмыстарыңыз қызықтырды деп ойлайсыз?

– Біздің мемлекетіміз ғылымның басым бағыттарын белгілеп берді. Солардың бірі – табиғи шикізаттарды, су ресурстарын және табиғи байлықты ұтымды жұмсайтын технология жасау. Экономикаға қажетті, индустриялық-технологиялық үдерісті дамытатын технологияларды басымдық берілуде. Біздің жұмыстарымыз сол бағытқа сай келеді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында көп зерттелмеген шикізаттар бар. Соның бірі – кремний жынысты опока және монтмориллонит деген материал бар. Саздың қоры үлкен. Ақтөбе облысында диатомит деген органикалық зат бар. Бұларды тек құрылыс материалы ретінде емес, ауыл шаруащылығына, суды тазартуға, мал азығына пайдалануға болады. Сондай бірнеше бағыттарды белгілеп алып ғылыми жұмыстармен айналысып, шәкірттер дайындап жүрмін. Ғылыми жұмыс нәтижелерін еліміздің ғылыми баспасөзінен бөлек шетелдің рейтингі жоғары басылымдарында мақала ретінде жариялап жүрміз. Жоғарыда аталған мемлекет белгілеп берген басым бағыттар тек біздің елде немесе әлемде де өзекті. Сондықтан біздің ғылыми мақалаларымызға әлемнің ғалымдары сілтеме жасаған. Үздік үштікке ілінгенімізге қуаныштымыз. Себебі дұрыс бағыттамыз деп ойлаймыз, әрі қарай нәтижелі жалғастыруға мотивация береді. Мұның бәрі тек өзімнің жетістігім емес, университетіміздің ғылыммен айналысуға жағдай жасағанының, зертханалардың жасақталғаны мен шәкірттерімнің біріккен жұмысының арқасында деп білемін. Шетелдік ғалымдар біздің зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесін ары қарай зерттеу жұмыстарында пайдаланатын да болар. Ғылым осылай бірін бірі жақсарту арқылы дамиды.

– Ғылымның қай бағытымен айналысасыз? Қандай инновациялық жаңалықтарыңыз бар?

– Алдымен құрылыс материалдарынан бастайын. Өйткені оған сұраныс жоғары. Құрылыс индустриясында қиыршық тастың рөлі өте зор. Батыс Қазақстан облысына қиыршық тас алыстан тасымалданып, бағасы қымбаттап кетеді. Біз қиыршық тасты алмастыратын материал шығардық. Кремний жынысты опока деген шикізатты зерттеу арқылы жасанды қиыршық тас технологиясын жасадық. Сапасы табиғи шикізаттан жоғары болып шықты. Әрі жеңіл, әрі жылу сақтағыш қасиеті бар, әрі табиғи қиыршық тастың беріктігімен бірдей. Бұл технологияны коммерциязациялау гранттарын ұтып алып, университетімізде цех ашып, шағын көлемде шығарып пайдаланып жатырмыз. Инвесторлар қызығушылық танытса, үлкен өндіріске айналып, еліміз мол пайда табар еді.

– Ауыл шаруашылығына қатысты қандай жобаларыңыз бар?

– Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығына басымдық беретін аймақ болғасын ол салаға біздің шикізаттардан қандай пайда барын зерттедік. Өңірімізде үлкен қоры бар кремний жынысты опока, монтмориллонит және диатомит, саз бен борды мал азығына қоспа ретінде пайдалануды ғылыми жұмыстарымыздың басым бағыты қылып алдық. Ветеринарлық институт мамандарымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Бұл шикізатты мал мен құс азығына пайданалып көрдік, нәтижесі өте жақсы. Мал шаруашылығына арналған құрама жемге қосатын минералдардың барлығы шетелден келеді. Сондықтан бағасы да жоғары. Егер біз өзіміздің шикізатпен алмастырсақ, ауыл шаруашылығымызға үлкен үлес қосқанымыз әрі ғылыми жұмыстарымызды жалғастыруға мүмкіндік болады. Мал азығына тек шикізаттарды емес, даламызда көп кездесетін дәрілік шөптерді қоссақ дейміз. Оның ішінде жусан бар. Жусанды әбден пісіп жетілген күйінде пайдаланымыз. Бір қар жауғаннан кейін жинап, ұнтақтап, құрама жемге қосып беретін болсақ, құстарға да, ауыл шаруашылық жануарларға да биологиялық белсенді қоспа болады. Көптеген аурулардың алдын алады әрі өнімділігін арттырады.  Сондай-ақ ішуге және шаруашылыққа қажетті суды тазалауға арналған композициялық сорбент жасау үшін кремнийлі жыныс-опоканы өңдеу технологиясын жасап шығардық. Ол арқылы су сүзуді біраз арзандатуға қол жеткіземіз.

– Малдың жүні, мүйізі мен тұяғынан өнім алу жайлы жобаңызға шетелдіктер неге қызықты?

– Базальт талшықты материалды жылыжайлар өсімдіктің тамырына ылғалды ұзақ сақтау үшін пайдаланады. Ал өсімдік өнім беріп болған соң әлгі материалды қоқысқа лақтырады. Ол әрекет қоршаған ортаға да зиян тигізеді. Біз базальт талшығын жоғары температурада қыздырғанда құрамына жайылған өсімдік тамырлары жойылып кететінін анықтадық. Яғни материалды қайта өңдеуде пайдалануға болады. Әрі сол жылыжайдағы гидрополиканы жүнмен алмастырсақ Қазақстанға өте тиімді жоба болады. Себебі біздің елде жылыжай көп, ал гидрополиканы шетелден сатып алып отыр. Оған біздің мал жүнін неге пайдаланбасқа? Бұған үлкен мән берген ректорымыз бізге тапсырмалар берді. Мал жүнін осы гидроизоляциялық материал жасау үшін тәжірибелер жалғасады. Пенобетон жасау үшін кеуектік беретін көбік керек. Көбікті бетонға қосады, көпіршікке айналған қоспа қатқанда кеуекті материал пайда болады. Ал осы көбікті (кератиновый пенооброзаватель) шетелден сатып алып отыр. Мұны малдың мүйізі мен тұяғынан, тіпті жүнінен өндіруге болатынын зертханамызда дәлелдедік.  Сондай-ақ қазір әлем бойынша кең қолданылатын өрнектасты (брусчатка) тиімді әрі сапалы жасауға болатын технология шығардық. Саздан керамикалық жол төсеніші технологиясын жасап, тиімділігін дәлелдедік. Керамикалық төсеніш тұзға, қышқылға, химиялық әсерге төзімді. Экологияға әсері бар: жазда бетон күнге қызып, айналасының температурасын жоғарылатады. Керамикалық өрнектас күнге қызбайды, қыста жылу сақтағыш қасиеті бар. Дамыған елдерде адам демалатын аллеяларды бетон өрнектас пайдаланбайды. Себебі керамикалық өрнектас – экологиялық таза материал. Әрі өте берік, көпке шыдайтын өнім жасауға болады. Цементтен жасалған өрнектас сияқты жиі алмастыруды қажет етпейді, сөйтіп бюджетке шығынды азайтар еді. Кірпіш зауыттар мұны кірпішпен қатар күйдіріп қосымша өнім ретінде өндіре алады.

– Әңгімеңізге рақмет! Ғылыми жұмыстарыңызға табыс тілейміз! Сұқбаттасқан Нұрлыбек Рахманов

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады
Бүгін, 16:25

Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →