×

Министрлік өкілі ҚазҰУ-ға апарғысы келмеді, ал олар басқа жатақханасын көрсеткісі келді – депутат

Депутат студенттерге арналған жатаханаларды аралап, өз бетінше тексеріс жүргізіп көрді

Министрлік өкілі ҚазҰУ-ға апарғысы келмеді, ал олар басқа жатақханасын көрсеткісі келді – депутат
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау бірнеше күннен бері Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы жатаханаларды аралап жүр. Түнеугүні ғана ҚазҰУ жатақханасына бас сұғып, біраз жайттың бетін ашты. Бір қызығы, Түймебаев ректор болып тағайындалған жылы БАҚ өкілдерін университетке жинап, ҚазҰУ-ға күрделі реформа жүргізетінін айтқан еді. Тіпті, Мұтановтан қалған «мұраны» журналистерге «указкамен» әшкерелеп, «айыбын» аймандай қылған. Алайда араға үш жыл салып жатақханаға бассұққан депутаттың өзі жаға ұстадым деп отыр. Qaz365.kz тілшісі мән-жайды депутаттың өзінен сұрап білді.  

Мәжілістегі Respublica партиясының депутаты Нұргүл Тау студенттерге арналған жатаханаларды аралап, өз бетінше тексеріс жүргізіп көрді. Оның сөзінше, бұл мәселемен айналысқанына бір жылдан астам уақыт болған. Оған 123 студенттің арызы себеп болған.  

«Алғаш рет былтыр күзде Астана медицина университетінің жатақханаға қатысты 123 студент қол қойған арызы түсті. Сол жатақханаларды аралаған кезде жағдайының мүшкіл екенін түсіндім. Содан салыстырмалы түрде басқа да оқу орындарынікін көргім келді. Еуразия университеті мен екі колледж жатақханасында болдым. Түсірген фото-видеоның бәрі менің сторисімде сақтаулы тұр. Алматыға қаңтардағы демалыс кезінде келдім. С.Асфендияров атындағы медицина университетінің, Абай атындағы педагогикалық университетінің және колледж жатақханаларына бардым. Осылайша, жатақхана әңгімесі жалғасып жатты. Биыл каникулға шығар алдында, Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы хат жазып, қасыма бір адамды бекітіп беруін сұрадым. Өзім барсам адамдар басқаша ойлайды екен. «Хайп жасап жүр» дейді. Шын мәнісінде, жатақханалардың жағдайы өте нашар десем, сенесіз бе? Өзім 1995 жылы ҚазПУ-ды бітірдім. Ол кезде жатақхананың жағдайы жақсы еді. Қазір ХХІ ғасырдағы көрінісі өте ұят қой», – дейді депутат.

Депутат бүгінге дейін бірнеше қаладағы, соның ішінде Тараз және Шымкент қалаларындағы жекеменшік ЖОО жатақханаларына да тексеріс жүргізген.  

«Министрліктің жіберген адамы Тараздан күтіп алды. Тараздан кейін Шымкент қаласындағы жатақханаларға табан тіредік. Ең соңынан Алматыға келдік. Себебі, мұнда жоғары оқу орны көп. Үшінші күні ҚазҰУ-ға, содан соң С.Асфендияров атындағы медицина университетіне бардық. Бұл оқу орны қыста өздерінің жатақхананы қалай жөндейтінін, жазда бір жатақхана салатынын, алдағы жоспарлын егжей-тегжейлі бөліскен еді. Шынымен де, 100 пайыз болмаса да, 97 пайызға айтқанын орындапты. Ректоры уәдесінде тұрды. Болмаса, ол кісіні танымаймын да. Министрліктің адамдарымен АЭжБУ-дің жатақханасына барып көрдік. Оның біреуі ғана дұрыс болды. Қалғандары адам шошырлық жағдайда екен», – деді Нұргүл Тау көрген-білгенін ортаға салып.  

Алайда Мәжіліс депутаты министрлік өкілінің ҚазҰУ жатақханасына апарғысы келмегенін айтып қалды.  

«ҚазҰУ-ға жолатқысы келмеді. «Ұлттық университет» екенін ескертіп қоймады. Біз таңертең басқа шаруамен жүріп, кешқұрым баратын болдық. Университет өкілдері Әл-Фараби  даңғылының бойында күтіп тұрған. «Тимирязев жақтамыз, осы жақтан кіре берейік» дедім.  Арнайы жоспармен жүреді деп ойлаған ғой. Мен ондай адам емеспін. «Шетінен бастайық» деп, ең шеткері орналасқан жатақханаға тоқтадық. Дәретханаларын көрсеңіз, масқара күйде. Тазалық жоқ. Кір жуатын жердің қасында тамақ пісіреді. Бөлменің кішкентайлығынан екі адам сығылысып тұрады. Сондағысы бетке ұстар ұлттық университетіміз сиқы осы ғой. Негізі бұл кісілер басқа жатақханасын көрсеткісі келген. Менің қасымда мәслихат депутаты да болды. Бізді кіреді деп ойламаған. Студенттер бұл жатақханадан көшіп жатыр екен», – деді ол.

АЭжБУ бір айға үш миллион теңгеге келісімшарт жасатқан

Оның айтуынша, жатаханаларда техникалық қауіпсіздік деңгейі төмен. Дабыл белгілерінің батырмалары мүлдем жоқ. 

«Өздері орталықтандырылған жүйеміз бар» дейді. Жалпы, күзет компанияларын реттейтін заңда жұмыс тобының мүшесімін. Ол заң өте шикі екенін білемін. Алматы қаласының білім басқармасында 17 жыл қызмет еттім. Күзет қызметіне білім басқармасынан жауапты едім. Дабыл түймесін басып, күзетті шақыруға біраз уақыт кетеді. Ешқайсысы уақытында келмейді. Дабыл түймесі полицияға, одан ары күзет фирмасына түсуі керек. Олар көлікпен жетуі керек. Заңда тоғыз минут деп көрсетсе де, ешқайсысы 9 минутта келмейді. Бізде бәленбай мың күзет компаниясы бар. Бірақ та олардың иелері полициядан зейнетке шыққандар. Мысалы, Талғар ауданындағы медколледжге бардым дейінші. Жеті минутта сонда келуі керек. Мұндай уақытта жету мүмкін емес. 15 минутқа дейін күтейін. Бір ғана күзет өкілі ғана келеді. Не басында каскасы, күртесі мен мылтығы жоқ. Террорист қаруымен келіп тұрса не істемек? Осы сәтте бірнеше сұрақ туындады. ҚазҰУ-да мүлдем жоқ. Келісімшарт біткен немесе дабылы істемейді. Күзет жүйесіне қосылып-қосылмағанын өздері де білмейді. Келісімшарттарын сұрадым.  АЭжБУ бір айға үш миллион теңгеге келісімшарт жасақан.  Үш миллион теңгеге қандай күзет келеді? Тараздағы бір университет айына 179 мың теңге төлейді екен. Алматыда тағы бірі 149 мың төлейді. Бұл енді дұрыс. Бір жылда екі миллионға шығады ғой. АЭжБУ тек айына 3 миллион теңге жұмсайды? Ондағы кісілер жауап бере алмады. Ректоры да ешкім де келмеді», – дейді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ депутат еліміздегі жекеменшік университет басшыларының студенттер қауіпсіздігіне салғырт қарайтынына көз жеткізгенін айтады. Жатақханадағы дабыл түймесін басып күткенімен,  мекемеге ешкім келмеген.   

«ЖОО-ны жекеменшік деп айтуға болмайды. Жекеменшік университетке баруға құқығымыз бар. Олар мемлекеттен грант алады.  Кейбіреуінің ректоры жұмысына салғырт қарайтынына куә болдық. Дабыл түймесін басып, күтіп тұрсақ ешкім келмейді. Ол жерде әріптесім Олжас Құсбеков те бірге жүр. Шымкенттің барлық партиясы, жастар орталығының директоры жүр. Ректор не екенін де түсініп тұрған жоқ. «Дабыл батырмасы бірінші полиция орталығына түседі, сосын олар күзет фирмасына береді» дедім. Келісімшарттарында айына 179 мың теңге төленетіні жазылып тұр. Бірақ күзет компаниясынан да ешкім келмеді, Сөйтсек, проректоры  «Ей, депутаттар келді ғой, келіңдерші, болыңдар» деп айқайлап жүр. Ақыры үш патруль полицей келді. Университет қызметкері дәл осылай шақыруға міндетті емес. Күзетте отырған адам басқанда, сол сәтте полиция орталығына түсуі керек. Олар күзет жіберуі керек. Шымкентте учаскелік инспекторды жіберді. Оның қолында түк жоқ. «Екі адам қарумен жүрсе, не істейсің, өзіңді атып тастайды ғой» десем, күледі тағы. 45 минут бойы күткен күзет қызметі ақыры келмеді. Полиция бірінен соң бірі кеп жатыр. Сорақысы сол, кей жекеменшік ЖОО-да күзет қызметі мүлдем жұмыс істемейді», – деп қынжылды жатақханаларды аралаған депутат.

UPD: Депутаттың берген сұқбатына қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі бірден реакция көрсетті. Мәжілісмен Нұргүл Тау ҚазҰУ жатақханаларын аралаған кезде қасында болған министрлік өкілі – Жоғары білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы депутатқа кедергі келтірмегенін айтады.

«Депутат бағдарламасын Таразда да, Шымкентте де, Алматыда да өзі анықтады. Депутаттың көмекшісі ҚазҰУ-ға баратынын сол күні сағат 11-дің кезінде бірақ жіберді. Сондықтан менің депуатқа мында барыңыз, мында бармаңыз деп айтуға құқығым жоқ. Біз қандай да бір университеттің, жатақхананың жағдайын көрсетпеу деген мақсат қоймадық. Себебі, жатақханада жататын бірінші кезекте – ауылдан келген жастар. Сапалы білім беру үшін жастарға жағдай жасауымыз керек», – деді Жоғары білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы.

Сондай-ақ ол депутаттың университет жатақханаларын аралап, барлық жағдаймен танысқанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Алматы кардиологиялық орталығынының бұрынғы қызметкерлерінің шағымын тыңдаған еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады
Бүгін, 16:25

Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →