Суық плазма арқылы суды микропластиктерден тазартатын ғылыми жұмыс
Микропластик – өлшемі 5 мм-ден аз болатын пластиктің ұсақ бөлшегі. Ол шикізатты өңдеу кезінде, өнеркәсіптік қалдықтардан және үлкенірек пластик қалдықтардың бөлшектерінен пайда болады. Микропластик өзендерге, көлдерге және жер асты суларына енеді. Оның өміршеңдігі сондай, қоршаған ортада ұзақ уақыт өмір сүре береді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сәтбаев университетінің ғалымдары жуырда «Горизонт Европа» жобасын ұтып алып, жобадағы ғылыми жұмысқа сай суды микропластиктерден тазарту әдісін сынап көрген.
Суық плазма арқылы суды микропластиктерден тазартатын ғылыми жұмыс жетекшісі, Ph.D, қауымдастырылған профессор Сейітхан Азатпен жоба туралы толық айтып беруді өтіндік.
Сейітхан Азат: Бұл жобаны қаңтар айында ұтып алдық. «Горизонт Еуропа» жобасын Еуро комиссия қаржыландырады. Бір жобаға 8 мемлекет қатысып жатыр, оған шамамен 1 миллион еуро қаржы бөлінді. Жоба аясында көптеген бағыт бар. Ол бойынша іссапарлар шығыны толық өтеледі, бірақ жалақы алмайсыз. Халықаралық жоба болғасын Еуро комиссияның құрамына кіретін ел жетекшілік ете алады, ал қалған мемлекеттерден бір-бір ЖОО-нан қатыса алады. Оның өзінің жеке жетекшісі болады. Біздің елден Сәтбаев университеті қатысты, ғылыми жетекшісі мен болдым. Жоба 1 қаңтардан басталған, 21 қаңтар қарсаңында алғашқы жиналысымыз Испанияның Аликанте университетінде өтті. Дәл сол уақытта АҚШ-қа іссапар жоспарлап қойғандықтан, ол жиынға онлайн қатыстым. Біз кореялықтармен, поляктармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, олар біздің зертханаға келген, Қазақстанның зертханалық әлеуетін жақсы біледі. Осы жоба қарсаңында 8 мемлекет қатысқан Workshop жасадық. Испания – координатор, Ұлыбритания, Мексика, Қазақстан, Словакия, Польша, Украина елдерінен ғалымдар қатысып осы жобаның аяқ алысын талқыладық. Сол кезде біздің ғалымдар Польшадағы Мария Кюри университетінің ғалымдарын шақырып, Қазақстанның ғылыми деңгейін таныстырды. Елімізде ғылым мен білімге жақсы көңіл бөлінетінін айтып, елдегі ғылымға бөлінетін қаржы мен ұстанатын саясат туралы түсіндіріп, жаңа жобаларды таныстырды.
Qaz365.kz: Жалпы бұл қандай ғылыми жоба екенін тереңірек түсіндіріп кетесіз бе?
Жауап: Ғылыми жоба ағылшынша «Cleanwater» деп аталады, қазақшаға аударсақ «Таза су» деген мағынаны білдіреді. Жобаның мақсаты суық плазманың көмегімен суды микропластиктерден тазарту. Суық плазма – экологиялық таза технология және суды тазарту үшін мұқият зерттелген. Жоба авторлары Украина ғалымдары, ал біз жобаны алғаш рет қолданып көреміз, яғни тест жасаушылардың біріміз. Тесттен өткізген соң жобаның кем-кетігі мен артықшылықтарын анықтап, жобаны ары қарай жетілдіру үшін бірге жұмыс жасаймыз. Осы тұста Ғылым және жоғары білім министрлігіне зор алғыс айтқым келеді. Өйткені бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3 жылға 71 миллион теңге шамасында қаржы бөлді. Осы жоба негізінде біз Испания еліндегі жобада жеңіске жетіп отырмыз, ал мұның барлығы жобаның ары қарай дамуына зор ықпал етеді. 2027 жылға дейін ұзартылған ғылыми жоба барысында 32 іссапар жоспарланған. Барлық іссапар шығыны, барған елдердегі университеттерде жасаған эксперименттерге кететін шығын, жүріп-тұруға кететін шығын барлығы жобаға бөлінген қаржыдан төленеді.
Qaz365.kz: Ғылыми жобаның мән-маңызын қарапайым оқырманға қалай түсіндіресіз?
Жауап: Бакалавр дәрежесінде білім алып жүрген кезімнен бастап су және химиялық материал бойынша ізденіп жүрмін. Елімізде су мәселесі өте өзекті, су жетіспейтін ауылдарды сумен қамтамасыз етеміз деген мақсат қойдық. Бірақ, бұл туралы бірдеңе айту қиын. Жалпы су қорына келетін болсақ, еліміздің шығысында су көбірек, оңтүстігінде азырақ. Оның өзі қалдықтармен, қоқыстармен ластанады. Қарапайым халықтың су жөніндегі танымы таяз. Суды үнемдеу, оны дұрыс тазарту деген секілді қарапайым қағидалардан бейхабар. Мұны таусылмайтын тақырып деп айуға болады. Біздің жұмысымыз суды әртүрлі ауыр металдардан, органикалық ластағыштардан тазартуға бағытталған. Ал осы жолы ұтып алған жобамыз суды органикалық ластағыштардан, оның ішінде микропластиктерден тазартуға бағытталған. Су құрамына енген микропластик су арқылы түрлі организмдерге, қоректік торларға және жалпы биоәртүрлілікке өтеді. Тұщы су құрамына енген микропластик адам денсаулығына қатысты алаңдаушылық туғызып отыр. Микропластик мәселесі бізде ғана емес, бүкіл әлемде бар. 2010 жылы ғалымдар алғаш рет осы мәселені көтеріп, шешу жолдарын іздей бастады. 2019 жылы ағылшындық әріптестерім біздің университетке келіп алғаш рет микропластиктер туралы презентация жасаған болатын. Ол кезде шыны керек менде микропластик туралы мүлде түсінік болмаған. 2021 жылы ғылыми мақалалар мен кітаптарды ақтарып жүріп микропалстиктер туралы көбірек оқи бастадым. 2019 жылғы презентацияда айтылған мәселелерді сол кезде анық түсіндім. Негізінде бұл Өте өзекті тақырып. Кәдімгі полимерлік материалдардан (PP, PS, PE, PET) жасалған контейнерлер бізде кеңінен қолданылады және оларда микропластик бар. Аптасына 4-7 рет жеткізілетін тағамға тапсырыс беретін адамдар контейнер арқылы 12-203 дана микропластик жұтуы мүмкін деген болжам бар. Баланы бөтелкемен бір жыл тамақтандырса шамамен 0,66 млн микропластик жұтады екен. Алайда біз әлі де мұндай нәрсені қабылдауға моральді тұрғыда дайын емеспіз.
Микропластик бойынша жобаны 2021 жылы бастадық. Қазір осы салада еңбек етіп, ғылыми жұмыспен айналысып жүрміз.
Qaz365.kz: Сонда пластик ыдыстарға құйылған судың бәрінде микропластик бар деген сөз ғой?
Жауап: Ғалымдардың айтуы бойынша солай, Америка мен Қытай елдерінде микропластик тіпті адамның қанынан, жүрегінен табылса, ауа ластануын зерттейтін ғалымдар оны бұлттардан да тауып жатыр. Пластик бөлінбейді, ыдырамайды. Адам ағзасына түссе қанмен бірге айналып жүре береді. Көптеген ғалымдар сканерлейтін электронды микроксоп арқылы микропластиктерді идентификация жасайды, қарайды. Ал ол құрылғы бізде жоқ. Біздің зерттеу әдістемеміз (методологиямыз) оған дайын емес. Еліміздегі жоғары оқу орындарының ғалымдары енді-енді микропластикке қатысты жобаларды ұтып, зерттеу жұмыстарын бастап жатыр. Судың ластануы бойынша санитарлық нормалар бар, белгіленген көрсеткіштен асып кеткен жағдайда, біз оны түзеп, басқа көрсеткіш енгізуіміз керек. Кейбір ластағыштар тіпті біздің ұғымымызда болмағандықтан, біз олармен бірге еш қаперсіз өмір сүріп жүруіміз мүмкін.
Қазақстандағы ғылыми институттардың әлеуеті, білім деңгейі, материалдық жағдайы енді жетіліп келеді. Сондықтан осындай жаңа бағытта ғылыми зерттеулер жасауға ғылыми техника жеткіліксіз.
Qaz365.kz: Өзіңіз пластикті жиі пайдаланасыз ба?
Жауап: Иә, амалдың жоғынан пластик қолдануға тура келеді. Жалпы пластиктың тарихына үңілсек, ХХ ғасырдың ортасынан бастап кең қолданыла бастады. Ол кезде де, амал жоқтықтан, адамдар жаппай қағаздан жасалған заттарды қолдана бастағасын, экологтар дабыл қаққан болатын. Қағазды көп қолдану ағаштарды жойып, ормандардың азаюына әкеп соққан. Пластикті ойлап тапқан соң, ғалымдар орманды қорғап қалдық, экологиялық проблема шешілді деген байламға келген. Ал енді 100 жылдан кейін пластик проблемаға айналып, адамзат қағазадан жасалған заттарға қайта мойын бұра бастады.
Qaz365.kz: «Горизонт Европа» жобасы енгізген суық плазманың жұмыс істеу жүйесін түсіндіріп өтсеңіз.
Жауап: Суық плазманың көмегімен суды қалай тазартады? Қондырғы микробөлшектерді нанобөлшектерге дейін ыдыратады, ал біз өзіміз жасаған сорбенттердің (сұйықтарды немесе газдарды сіңіруге немесе соруға арналған зат) көмегімен нанопластиктерді сорып аламыз. Адам 5 милиметр микропалстикті көруі мүмкін, бірақ нанобөлшекті көре алмайды. Ал біз нанопластиктерді күнделікті өмірде сумен, шаймен бірге ішіп жүруіміз әбден мүмкін. Ол микропластикке қарағанда зияндырақ.
Бір сөзбен айтқанда көзге көрінбейтін нанопластиктерді сорбенттердің көмегімен сорып алып, суды тазартамыз.
Qaz365.kz: Суық плазманың өндіріске (күнделікті тұрмысқа) ену мүмкіндігі қандай?
Жауап: Біздің жоба аз мөлшердегі ауыз суларға ғана лайықталған, келесі жобамыз мөлшері көп қолданылған сулар, кәріз сулары, өндірістік ағын сулардағы микропластиктерді алу. Малайзияға беріп жатқан жобамыз бар, ол флокулянттар мен тұндырғыштардың көмегімен микропластиктерді алу. Ондағы ғалымдар қазір қаржыландыру көзін іздеуде, егер тапса, Қазақстанға іссапармен келіп, жоба туралы толығырақ біліп, тағлымдамадан өтеді.
Qaz365.kz: Курчатов қаласындағы ядролық орталықта да сіздердің сорбентті қолдана ма?
Жауап: Иә, Курчатов қаласына Махаббат Кунарбекова мен Инабат Сапарғали есімді ғылыми қызметкерлеріміз барып келді. Біз қазір бұл жобаны радионуклидпен ластанған суларға қолданып жатырмыз. Негізі зертханалық тәжірибиелердің барлығын аяқтап, шынайы ластанған суларды радионуклидтерден тазарту мүмкіндігін сынап көруге кірістік.
Qaz365.kz: Қазір өзіңізге белгілі ғылым мен білім екі министрлікке бөлінді. Мұның ғылым дамуына әсері бар ма?
Жауап: Біз ЖОО-нда бәлен ғалым бар деп жиі айтамыз, алайда, оның қаншасы ғылыммен айналысып, қаншасы білім берумен айналысып жүргеніне мән бере бермейміз.
Qaz365.kz: Ғылыми зерттеумен айналысатындардың санына қарағанда сапасы маңызды дегенді құптайсыз ба?
Жауап: Сапа да керек, ал сапа болу үшін ең алдымен ғылыми техникалық база керек. Бізде соңғы 4-5 жылдың шамасында, ғылыммен айналысатындарға жыл сайын грант бөлініп, ғылыми институттардың ғимараттары жөнделді. Грант бөлу, яғни қаржыландыруға қатысты бұрынғы шарттар бойынша жаңалыққа патент алу, ғылыми журналға мақала шығару керек, жаңалықты өндіріске шығару керек деген шарттар болатын. Ол шарттардың кейбірі орындалмаса да, ізденуші келесі жолы да қаржыландыруға қатыса алатын. Жаңа шарт бойынша қойылған талап орындалмаса, ғалымдар келесі қаржыландыруға қатыса алмайды.
Жалпы ғылым дегеніңіз ұзақ жыл қаржыландыруды қажет етеді. Ғылыми жаңалықтар бір күнде яки бір жылда, тіпті бес жылда пайда болмайтын нәрсе. Жаңалық ұзақ жылдық зерттеулерден кейін ашылады. Жапония, Корея елдерінде Хонда, Киа, Тойота секілді компанияларға 10-15 жылға есептеп қаржы бөліп тастайды.
Qaz365.kz: Танымдық сұхбатыңызға рақмет!