Алматы әкімдігі мектептерді сайлау жайлы ақпарат таратуға міндеттеген
2023 жылдың 19 наурызында кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді. Осыған орай Алматы әкімдігі мектептерді сайлау жайлы ақпарат таратуға міндеттеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кейбір мектеп директорлары редакциямызға хабарласып, әкімдіктің мектептерді сайт және әлеуметтік желілерде Мәжіліс сайлауы жайлы ақпарат таратуға міндеттегенін айтып шағымданды. Олар білім ресурстары саясиланып кетпей ме деп алаңдайды.
Олардың айтуынша, мектептер әр материалдың қайда жарияланғаны жазылған және де сілтемесі берілген форманы толтырып, әкімдікке есеп беруі керек.
“Мектептер салдық деп әкімдікке есеп береді. Салмаса “неге салмайсыңдар” деп ұрысады. Мемлекеттік мекеме, міндеттісіңдер дейді. Әр сайлау жайлы бейнероликті мектептің аккаунтымен салып отыруымыз керек. Мектептің сайты мен әлеуметтік желілерінің бәрі сайлау туралы болып кетеді. Оның сілтемесін аудан әкімдеріне жіберіп, есеп береміз. “Мұғалім мәртебесі” деген заң бойынша мектептер сайлауға, ондай нәрселерге араласпасын деді ғой. Сайтқа тек білімге, тәрбиеге қатысты ақпарат шығару керек, ал саяси ақпаратты жарияламау керек”, – деді мектеп басшыларының бірі.
Біз мәселенің анық-қанығын анықтау үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов пен Алматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ермекбаева Гүлнарға хабарласып көрдік. Олар “Мұғалім мәртебесі” заңы бойынша мұғалімдерді сайлау жұмыстарына тарту заңсыз екенін айтты.
“Мұғалімдерді сайлау жұмыстарына тарту заңға сай келмейді. Қалған мәселе бойынша құзыретті орган – Алматы қаласы Білім басқармасына немесе Алматы әкімдігіне жүгінесіздер”, – деді Гүлнар Ермекбаева.
Осыдан кейін Алматы қаласы Білім басқармасы басшысы Ляззат Жылқыбаева мен оның орынбасары Жанат Айтпаеваға қоңырау шалып көрдік, алайда олармен хабарласу мүмкін болмады.