×

«География кітабында Қазақстан жері «Ресей аумағы» деп көрсетілген»: «Атамұра» баспасы түсініктеме берді

Желіде 7-сыныптың география кітабындағы дүниежүзі картасына байланысты дау шыққан еді

«География кітабында Қазақстан жері «Ресей аумағы» деп көрсетілген»: «Атамұра» баспасы түсініктеме берді
Фото: әлеуметтік желіден

Баспа түсініктемесінде суретте белгілі географтың суреті бейнеленгенін жазады. Бұл туралы «Атамұра» баспасы Qaz365.kz агенттігіне берген ресми жауабында атап көрсетті.

«Әлеуметтік желіде жарияланған 7-сыныпқа арналған «География» оқулығы (Атамұра баспасы) 2017 жылдан бері оқу процесінде қолданыста. Жалпы географиялық білім беруде әлемді тарихи-мәдени  аудандастырудың, атап айтқанда саяси географиялық, әлеуметтік географиялық және өркениеттік сияқты түрлі сызбалары мысал ретінде қолданылады. Оқулықта «Дүниежүзінің тарихи-мәдени аймақтары» тақырыбы бойынша дүниежүзіндегі тарихи-мәдени байланысты белгілі географ В. Вольскидің  құрастырған сызба- картасы (74-сурет) арқылы сипаттаған», - делінген жауапта.

«Атамұра» бұл сызбада КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттердің географиялық орнын белгілеу үшін «Ресей-Еуразиялық аймақ» атауы қолданылғанын атап көрсетеді. Себебі жаңа және қазіргі заманның тарихи кезеңдерінде жаңа тәуелсіз мемлекеттер ұзақ жылдар бойы КСРО-ның құрамында болғаны белгілі. Сондықтан қазіргі замандағы жаңа тәуелсіз мемлекеттер шешетін тарихи жағдайлар мен мәдени-тарихи проблемалардың ортақтығы осыған байланысты.

«Оқулықтағы сызба-карта Еуразия құрлығының шекаралары нақты белгіленген әлемнің қазіргі заманғы саяси немесе экономикалық картасы емес, бұл ежелден қалыптасып, өзгеріп келе жатқан әлемнің тарихи-мәдени аудандарының сызба-картасы. Тарихи-мәдени Ресей-Еуразия аймағының құрамына Ресей ғана емес, посткеңістіктегі елдер, соның ішінде, Қазақстан мен Орталық Азия елдері кіреді. Әлемнің осындай тарихи-мәдени аймақтарын зерделей отырып, оқушылар олардың пайда болу тарихын, осы аумақтарда тұратын барлық халықтардың мәдениеттерін, әсіресе шығыс және славян мәдениетінің тығыз байланыста болғанын біледі. Осы аймақта, әсіресе Қазақстанда қандай тарихи және мәдени көрікті орындар, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар бар екенін атап өтеді», - делінген жауапта.

2018 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Орталық Азияны тәуелсіз аймақ ретінде бөледі. Осыған орай, кейінгі басылымдарда көрсетілген сызбаға тиісті жаңартулар енгізілмек.

«Қазіргі уақытта кейбір деректердің, статистикалық мәліметтердің жаңартылуына байланысты аталған оқулық мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, келесі 2025-2026 оқу жылында оқулық қайта басылып шығарылады», - дейді «Атамұра».

Еске сала кетейік, желіде 7-сыныптың география кітабындағы дүниежүзі картасына байланысты дау шықты. Бұл туралы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына айтылған. Желі қолданушысы география кітабындағы картада Қазақстанның орналасқан аумағы дұрыс көрсетілмегенін айтты. Сөзінше, еліміз Ресей-Еуразиялық аймаққа енгізілген. Бұл көптің ашуына тиіп, видео қызу талқыға түскен.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →