×

Ақша, "гүл" жинайтын педагогтерді тиісті жазаға тартамыз - Ернұр Дәуенов

Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібі мүлдем өзгерді

Ақша, "гүл" жинайтын педагогтерді тиісті жазаға тартамыз - Ернұр Дәуенов
aikyn.kz

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Қ. Жандарбеков атындағы мектепте «мемлекеттік аттестаттаудан өту үшін» ақша жинау жүріп жатқаны туралы хабар алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібі мүлдем өзгерді, жемқорлық тудыруы мүмкін барлық тәуекел тұстарынан барынша тазартылды.

“Біріншіден, аттестаттау қашықтықтан өткізіледі, білім беру ұйымының құжаттары электронды түрде ғана алынады, екіншіден, көптеген ақпаратты департаменттер дайын ақпараттық жүйелерден (НОБД, Күнделік, е-лицензия, т.б.) алады. Болашақта е-Аттестация порталын құрып, құжаттардың барлығын сол жерде қарайтын боламыз.

Білім беру ұйымы мемлекеттік аттестатаудан өтпесе, барлық кемшіліктерді жойғаннан кейін, екінші рет өтуге болады. Одан кейін, қажет болған жағдайда бару арқылы профилактикалық бақылауға қоямыз.

Түркістан облысы бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті аталған мектепте тиісті жұмыстар жүргізді, бірақ ақпарат дәлелденген жоқ”, – деді Комитет төрағасы.

Ернұр Дәуенов аудиожазбалардағы «гүл жинау» тапсырмасының болуына байланысты Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) департаментіне мәселені зерделеу бойынша ресми хат жібергендерін жеткізді.

“Құрметті педагогтер!

Сіздер ешбір және ешқандай жағдайда ақша жинауға міндетті емессіздер!

Ақша жинау арқылы Сіздер заңбұзушылыққа жол берулеріңіз мүмкін. Ақша жинау талабы немесе өтініші болған жағдайда біздің өңірлік департаментке немесе тікелей біздің Комитетке бірден хабарласуларыңызды сұраймын.

Ақша жинаушыларды да, «гүл» жинаушыларды да заң аясында тиісті жазаға тартамыз!” – деп педагогтерді ескертті ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →