Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Стокгольмде жыл сайын 10 желтоқсанда өтеді
Ғылым саласындағы ең беделді Нобель сыйлығының лауреаттарын жариялау дәстүр бойынша қазанның басында өтеді. «Нобель аптасы» деп аталатын өткен жеті күнде 2024 жылғы лауреаттардың толық тізімі жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Нобель сыйлығы (Nobel Prize) – жыл сайын адамзатқа пайдалы ең үздік ғылыми-зерттеулер, революциялық өнертабыстар немесе мәдениетке, әлеуметтік дамуға қосқан ірі үлесі үшін берілетін ең беделді халықаралық сыйлық. Жүлде қоры - 1 млн доллар.
Медицина саласы бойынша:
2024 жылы америкалық ғалымдар Виктор Амброс пен Гэри Равкан «микроРНҚ-ларды ашқаны және олардың ген экспрессиясын транскрипциядан кейінгі реттелуіндегі рөлін зерттегені» үшін медицина саласындағы Нобель сыйлығын жеңіп алды.
Физика саласы бойынша:
«Жасанды нейрондық желілерді қолдану арқылы машиналық оқыту негізінде жатқан іргелі жаңалықтар мен өнертабыстар» үшін физика сыйлығы АҚШ-тан Джон Хопфилд пен канадалық Джеффри Хинтонға берілді.
Химия саласы бойынша:
Ал 2024 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығының жүлдесі екіге бөлінді. Оның бірінші жартысы Google DeepMind қызметкері Демис Хассабис пен Джон М. Джамперге ақуыздың құрылымын болжауда ЖИ-ді пайдаланғаны үшін берілсе, екінші бөлігі Вашингтон университетінің биохимия профессоры Дэвид Бейкерге ақуыздың дизайнын (құрылымын) ЖИ-ді қолданып есептеуге арналған жұмысы үшін беріледі. Жеңімпаздар 1 миллион АҚШ долларына тең жүлде қорын бөліп алады.
Әдебиет саласы бойынша:
Әдебиет сыйлығының иегері оңтүстіккореялық жазушы Хан Ганг.
Бейбітшілік саласы бойынша:
Бейбітшілік сыйлығы Нихон Хиданкиоға Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбасынан зардап шеккендер ұйымдарының жапондық Nihon Hidankyo кеңесіне берілді.
Экономика саласы бойынша:
Швеция Ұлттық банкінің Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика ғылымдары бойынша сыйлығы бейресми түрде экономика саласындағы Нобель сыйлығы деп аталады. Бұл экономика ғылымындағы ең іргелі зерттеулер үшін берілетін экономика саласындағы ең беделді сыйлық саналады. Оны Швеция банкі Альфред Нобельді еске алу үшін тағайындаған. Сыйлықты Швеция Корольдік Ғылым Академиясы жылына бір рет береді. Нобель сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде берілетін басқа сыйлықтардан айырмашылығы, бұл сыйлық Альфред Нобельдің өсиетінде айтылмаған. Сыйлық 1969 жылы тағайындалған.
Экономика бойынша 2024 жылғы Нобель сыйлығын америкалық ғалымдар Дарон Асемоглу, Саймон Джонсон және Джеймс Робинсон жеңіп алды. Сыйлық Асемоглу, Джонсон және Робинсонға институттардың қалай құрылатыны және олардың әл-ауқатқа қалай әсер ететіні туралы зерттеулері үшін берілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Стокгольмде жыл сайын 10 желтоқсанда Стокгольм қаласының ратушасында (мэрия) өтеді.