×

Қазақ жазушыларының тілі – ұлттық тілдің айнасы

Қазақ тілінің ұлттық корпусы — қазақ тілінің жазбаша және ауызша мәтіндерінің электрондық базасынан құралған тілтанымдық ресурс

Қазақ жазушыларының тілі – ұлттық тілдің айнасы

«Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады». Бұл – түрколог ғалым В.С.Маловтың қазақ тіліне берген бағасы. Расымен де қазақ тілінің көркемдігі, бейнелілігі, суырыпсалма қабілеті ерекше. Қазақ тілінің осы қасиеті жайында және қазақ жазушыларының тілі жайында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» құрамындағы «Жазушылар тілі ішкорпусын» әзірлеуші маман Айгүл Байдебекқызы Әмірбековамен Qaz365.kz тілшісі сұхбаттасты.

  Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы мәтіндер саны қанша? Қазақ тіліндегі мәтіндердің дені қай стильдегі мәтіндер?

  – Қазақ тілінің ұлттық корпусы — қазақ тілінің жазбаша және ауызша мәтіндерінің электрондық базасынан құралған тілтанымдық ресурс. «Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау» ісі алғаш рет профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың бастамасымен қолға алынды. 2009-2011 жылдары  «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» Ұлттық корпустың бастамасы болып табылады. Ал Ұлттық корпус сайтының құрылымы мен жүйесін әзірлеуге басшылық еткен Институт директоры Анар Мұратқызы Фазылжан. Ал практикалық жағынан Ұлттық корпусты әзірлеуші бас маман – Айман Әбділдақызы Жаңабек. Қазір қазақ тілінің ұлттық корпусы 15 ішкорпусқа дейін жетілдірілді. Олар: негізгі ішкорпус, ауызша ішкорпус, мәдени-репрезентативті ішкорпус, терминологиялық ішкорпус, оқу ішкорпусы, мақал-мәтелдер ішкорпусы, тарихи ішкорпус, параллель ішкорпус, жазушылар ішкорпусы, тарихи поэтикалық ішкорпус, ономастикалық ішкорпус, жарнама ішкорпусы, Ахмет Байтұрсынұлы ішкорпусы, фразеологизм ішкорпусы.

Ұлттық корпуста 40 миллион сөзқолданысы бар мәтіндер сақталған. Ол көркем әдеби, публицистикалық, ресми іскери, ғылыми, ауызекі сөйлеу стиліндегі мәтіндер толық қамтылған. Корпус қорына енген мәтіндердің дені – көркем шығармалар, ғылыми еңбектер және публицистикалық мәтіндер. Қазақтың көркем туындылары түгел қамтылды деп айтуға болады.

  Жазушылар тілі ішкорпусын қалай пайдалануға болады? Бұл корпусты кімдер қолдана алады? Мәселен журналист ретінде белгілі бір жазушының афоризмдерін қолданарда корпустан оңай таба алам ба?

  – Орынды сұрақ. Жазушылар тілі ішкорпусына қазақтың 100 жазушысының көркем шығармалары енгізілді. Әрбір шығармада қолданылған авторлық көркемдік құралдар теріліп, мағыналары көрсетіліп берілді. Біз көркем шығармаларды оқимыз, керемет шығарма екен деп баға береміз. Бірақ ол несімен керемет болды, бізге қалай әсер етті ол жағын жіті түсіндіріп айта алмаймыз. Негізінде адамға әсер еткен жазушының эстетикалық танымы, көркемдеп әсірелеу шеберлігі, жазушының сөзбен сурет салғаны, қарапайым құбылысты әртүрлі эффектімен жеткізуі. Мәселен, маңдайға түскен қалың әжімді – «екі қастың арасынан жүгірген  екі білем ай сызық» деп сипаттау, су көрмеген, кеуіп кеткен шөл даланы «сахараның тандыр емшегі» деп суреттеу, яғни ақтандық боп ауырған биенің емшегі суалып, құрғаған күйіне ұқсатуын бірі білсе, бірі біле бермейді. Оқырманның оны танымағаны  жазушының аялық білімімен тең келмегені. Қазақ жазушыларының көркем шығармалары мектеп оқулығында бар, яғни мектепте оқытылады. Барлық оқушыға көркем тілдегі көріктеуіштер түсінікті бола бермейді. Мысалы, «мысық табан әңгімесін бастады» деген сөзқолданыс келсе оның мағынасын түсінбеуі мүмкін. Білгісі келіп іздейін десе, сол жазушының көріктеуіштерін түсіндірген мәліметті қайдан іздерін де білмейтіні сөзсіз. Ал Жазушылар ішкорпусында 100 қазақ жазушының көркем шығармаларындағы бейнелі қолданыстар – теңеу, эпитет, метафора, тұрақты тіркес, мақал-мәтел, нақыл сөздер теріліп алынды және олардың түсіндірмесі берілді. Мысалы, Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» әңгімесінде «Садықтың сары резинкадан істелген мүйізатары бар» деген сөйлемдегі мүйізатар – рогатка екенін тануға болады. Осы күнге дейін рогатканы аудара алмай жүргендер болса мүйізатар дап-дайын нұсқа. Демек, көркем шығарма – бұл қазақтың ұлттық тілінің айнасы. Көркем шығарма – қазақ сөзінің жәдігері. Мәселен, «Дастарқанның дәл орта тұсына құрсаулы қоңыр жағал ағаш тостағанмен қара талқан қойылған. Тостағанда бір ғана ағаш қасық. Жұмыскер қасықта дамыл жоқ. Тостағанды шыр айналып, әркімнің алдына бір барады» деген үзіндідегі жұмыскер қасық қазақ тарихының қай кезең екенін, сол кездегі тұрмыс-тіршіліктің шынайы бейнесін сипаттап тұр.

Байқағаныңыздай жазушылар тілі ішкорпусы –  проза және драма жанрындағы көркем шығармалардың аннотацияланған электрондық қоры және жазушының көркем тілін танытатын көріктеуіш құралдардың базасы. Алғашқы қазақ әңгімелерінің авторы – Ыбырай Алтынсариннен бастап, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, Т.Әбдік, т.б. қазіргі жас жазушыларға дейін Б.Сарыбай, А.Мантай, Ұ.Нұрғалымұлы, т.б шығармалары қамтылды.

Жазушылар ішкорпусын қалай пайдалануға болады? Корпус үш іздеу жүйесімен әзірленді: автормен іздеу, кілт сөзбен іздеу, шығарма атауымен іздеу. Немесе корпустың сол жағында көркемдік тіл деген ұяшықты басу арқылы теңеу, метафора, эпитеттер тізімінен табуға болады. Шығарманың көркемдік тілі ретінде авторлық окказионалды авторлық қолданыстары алынды. Себебі тұрақты теңеулер мен метафоралардың мағынасы көпшілікке таныс. Ал авторлық қолданыстардың мағынасы іздеушілер көп болуы мүмкін. Әсіресе оқушылар іздейді. Осы сұранысты өтеу мақсатында, көркем шығарманы оны түсінуге жеңіл болсын деген ниетпен жазушылар ішкорпусы әзірленіп жатыр.

Иә, дұрыс айтасыз, жазушылардың көркем шығармасы –   автордың ойтолғамы, ішкі құндылығының  рухани жемісі. Сондықтан жазушының авторизмдері, нақыл сөздері терілді, жиналды. Жазушылар ішкорпусына ілінді. Кез келген тұтынушыға қолжетімді, табуға оңай браузерде көрсетілген. Журналис ретінде корпус ішінен таңдаған жазушының ұяшығын ашып, нақыл сөздерін таба аласыз, қолдана аласыз.

  – Шынында да жазушылар ішкорпусы пайдасы мол құнды ресурс екен. Пайдаланатын боламыз. Жазушылар ішкорпусының құрылымының үлгісін басқа ұлттық корпустардан алдыңыздар ма? Орыс тілінің де, ағылшын тілінің де ұлттық корпусы бар. Солар үлгі болды ма?

  – Жоқ. Өзіңіз сол корпустарды қарап көріңізші. Жазушылар тілінің субкорпусы оларда жоқ. Бұл – қазақ тілінің ұлттық корпусының ерекшелігі. Бәлкім, олар біздің үлгіні көріп, өз корпустарына қосуы мүмкін. Жазушылар ішкорпусының құрылымын Институт қызметкерлері, осы ішкорпусты әзірлеушілер бірлесіп құрастырдық. Ал олай құрастыруға негіз болған, қазақ жазушыларының тіліндегі көркемдік ерекшелік. Қазақ жазушыларының тілінде барлық көріктеу амалдары, яғни синекдоха, метанимия, аллегория, гипербола да кездеседі. Бірақ өте көп қолданылатын көріктеуіштер – теңеу, эпитет, метафора. Жазушылар ішкорпусы 2024 жылдың қаңтар айынан бастап қолға алынды. Алдағы уақытты әрбір жазушыға арналған парақша әзірлеу жоспарланып отыр. Мәселен, «Әбіш әлемі» парақшасы. Онда жазушы Әбіш Кекібайұлы тілінің сөздігі, оның көркемдік әлемі, көсемсөз шеберлігі, бәтуалы сөздері бөлек ұяшық ретінде ажыратылып беріледі.

  Өте жақсы. Бұл жоба көпшіліктің сұранысын өтейтін, әсіресе, мұғалімдер мен оқушылардың құралы боларына сенімдімін. Дұрыс айтасыз, жазушылардың көркем шығармасы – қазақтың тілін ғана емес, мәдениетін, тарихын, қарапайым тұрмыс-тіршілігін, қазақ халқының тағдырын суреттейтін шежірелі қазына. Сондықтан жазушылар ішкорпусы қазақтың әдеби тілін байытатын, қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты ақпар беретін құнды руханиятымыз бола бергей! Сұхбаттасып, жақсы жаңалықпен бөліскеніңіз үшін көп рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →