Тартысты бәсеке жеті бөлімнен тұратын ерекше тапсырмаларды орындаудан өтті
Оқушылар арасында V республикалық шешендік өнер байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Елімізде желілік «Абай мектептерінің» оқушылары арасында V республикалық «Іші - алтын, сырты - күміс сөз жақсысы» шешендік өнер байқауы өз мәресіне жетті. Оған әр өңірлердегі Абай мектептерінен 30-ға жуық білім алушы қатысып, ойдың ұшқырлығы, тілдің шешендігі бойынша өзара бәсекеге түсті. Биыл республикалық байқаудың қорытындылануы Ақмола облысында өтті.
«Осы іс-шараның мақсаты - оқушыларға сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын көрсете отырып, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын, мәдениетін қалыптастыру, сөз өнеріміздің тарихи-мәдени және этномәдени болмысын таныту, шешендік өнерді жаңаша үлгіде жандандырып дамыту», - дейді Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға мектеп-интернатының оқытушысы Жарқын Сәленұлы.
Қатысушылар байқау тақырыбын жеребе тартып таңдады және жұптасып сайысты. Байқау тақырыптары «Ұлттық құндылық», «Алашшыл жас», «Іскерлік – ісмерлік», «Абайдың тәлім мектебі» және т.б жеті бөлімге негізделген тапсырмаларға бөлінген.
- Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Алматы қ. РММИ оқушылары Амина Смағұлқызы мен Айсымбат Тақылбек жеңіп алды.
- 1 орынды Ұлытау облысынан келген Інжу Тілеулі мен Рауан Жақсылық және Батыс Қазақстаннан келген Айым Хамидуллина мен Аяна Мәлік иеленді.
- Алматы облысының намысын қорғаған Ақерке Нұржанқызы мен Нұрсұлтан Орынбасар және Астана қаласынан Аяжан Азаматқызы мен Ғабит Рустемов 2 орынға ие болды.
- Қарағанды облысының оқушылары Жібек Қалияқпар мен Аяла Әлқазы, ақмолалық Ажар Жанұзақ пен Фариза Шаменова 3 орынды бөлісті.
Сонымен қатар, өнер байқауы аясында желілік «Абай мектептері» педагогтеріне арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті, шешендік өнерді дамытудағы өзекті мәселелер мен жетістіктер» тақырыбында республикалық семинар өтті.