×

"Шығынға батқан". «ҚазМұнайГаз» 60 пайыз акцияны ресейлік компанияға сатқан

Зауыт 2015 жылы пайдалануға берілді

"Шығынға батқан". «ҚазМұнайГаз» 60 пайыз акцияны ресейлік компанияға сатқан
Фото: «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясы (ҚМГ) «Полимер Продакшн» компаниясындағы үлесін иелігінен шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

E-gov сайтындағы деректерге сәйкес, қазір компанияның екі акционері бар. Біріншісі – «ҚазМұнайГаз» болса, екіншісі – ресейлік «Сибур Холдинг» компаниясы. Атырау облысындағы «Карабатан» өндірістік аймағында жұмыс істейтін компания 4 сәуірде қайта тіркеуден өтті.

Ал 2025 жылдың 1 сәуірінде компанияның жалғыз акционері «ҚазМұнайГаз» компаниясы болған. Қаржы есептілігі депозитарийінде жарияланған жарғысында, компанияның 40 пайыз үлесі – «ҚазМұнайГазға» тиесілі болса, 60 пайызын «Сибур Холдинг» иеленетін жазылған.

Ақпаратқа сәйкес, «Полимер Продакшн» ЖШС 2012 жылы Атырау облысында полимер өнімдерін өндіру жобасын іске асыру мақсатында құрылған. Зауыт 2015 жылы пайдалануға берілді.

Есептік деректерге сәйкес, 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Polimer Production ЖШС 27,59 млрд теңге шығын жинақтаған, меншікті капитал тапшылығы 6,02 млрд теңгені, міндеттемелері – 12,1 млрд теңгені және Samruk-Kazyna Ondeu компаниясынан алынған несиелері – 11,05 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, 2022 жылы қап пен пленка өндіруші компания 1,19 млрд теңге көлемінде қаржылық көмек алған, ал 2021 жылы – 793 млн теңге. Сондай-ақ 2022 жылы кәсіпорынның жарғылық капиталына 3,3 млрд теңге көлемінде қаражат енгізілген.

2023 жылғы желтоқсанда Polimer Production ЖШС-нің жарғылық капиталының 100%-ы бұрынғы иелерінен – «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС-нен (99,9%) және «Тараз химиялық паркі» АЭА басқарушы компаниясынан (0,1%) «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға өтті. «ҚазМұнайГаз» бұл мәмілені мұнай-газ химия саласындағы активтерді компанияға шоғырландыру жұмыстары аясындағы кезекті қадам ретінде түсіндірді.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →