BI Development компаниясының атқарушы орган мүшелері 2024 жылы 228,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Бұл туралы компания Қазақстан қор биржасы – KASE мәлімет етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталған сома есепті кезеңде қоғам тарапынан атқарушы орган мүшелеріне төленген барлық төлемдерді қамтиды, оның ішінде жалақы және барлық түрдегі ақшалай көтермелеулер бар, – делінген компания мәлімдемесінде.
Осы мәліметке сүйенсек, BI Development басшылығы ай сайын орта есеппен 19 миллион теңге көлемінде жалақы мен сыйақы алады. Алайда, компания мүшелерінің нақты саны көрсетілмеген. Бұл ақпарат қор биржасының сайтында да жарияланбаған.
BI Development ресми сайтына сәйкес, компания басшылығында алты адам бар:
• Амангелді Омаров
• Расул Мұстафин
• Максим Чернышов
• Қуаныш Айтжанов
• Мәди Каргин
• Қайрат Шаяхметов
BI Development – BI Group компаниясының еншілес ұйымы. Компанияның түпкі иесі – қазақстандық миллиардер Айдын Рахимбаев, ол Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің ішінде 10-орында тұр. Оның байлығы 967 миллион доллар деп бағаланған.
BI Development құрылыс, жылжымайтын мүлікті сату және басқару салаларымен айналысады.