Жыл басынан бері көрсеткіш 5,7 миллиард долларға өскен.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 170,5 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің жаңартылған есебінде айтылған. Жыл басынан бері көрсеткіш 5,7 миллиард долларға өскен, деп жазады Qaz365.kz.
Ұлттық банк мәліметінше, бірінші тоқсандағы өсімнің негізгі бөлігі төлем балансына қатысты операциялар есебінен болған (3,4 млрд доллар). Тағы 2,3 миллиард доллар валюталық бағам өзгерістері, қайта бағалау және басқа да факторлардың әсерінен артқан.
Сыртқы қарыз құрылымына тоқталсақ, оның 87,1 пайызы – ұзақ мерзімді міндеттемелерге (1 жылдан жоғары) тиесілі. Бұл өз кезегінде өтімділікке байланысты қауіп-қатерлерді азайтқанымен, қарызды өтеу мен қызмет көрсету барысында нарықтық жағдайлардың өзгерісіне тәуелділікті арттырады, – деп атап өтті Ұлттық банк.
Қаржылық құралдар түрлері бойынша сыртқы қарыздың негізгі бөлігін резидент еместерден алынған несиелер мен қарыздар (71,9%), сондай-ақ шетелдік инвесторлардың иелігіндегі борыштық бағалы қағаздар (9,3%) құрайды.