Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша келіссөз өтті
Түркістан облысына қарасты, Мақтаарал ауданының маңында жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша келіссөз жүргізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы ретте, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет шетелдік инвесторлармен кездесті. Инвестор Түркістан облысында замануаи индустриалды аймақ және Мақтаарал ауданы, «Атамекен» кеден бекеті маңында жүзеге асырылуы жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
– Біз өндірісті өркендетуге жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Инвесторларға инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жобаны сүйемелдеп, бірге жұмыс істейміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында әріптестік жөніндегі меморандум түзу бойынша келісім жасалды. Инвестор Мақтаарал ауданы, «Атамекен» кеден бекеті маңында жүзеге асырылуы жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында электр жабдықтарын, пластмасса өнімдерін, жылу құбырларын және өзге де заттар шығаратын кәсіпорындар ашуды көздеп отыр. Сонымен бірге инвестиция тартып, бизнес орталық, жүк сақтау қоймаларын салу жоспарын да жеткізді. Бұл мәселелер зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Жалпы Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттардың бірі. Бұл қадам облыстың индустриалды дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға, және инвестициялық тартымдылығын көтеруге бағытталған. Жаңа өндіріс орындары – жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, әсіресе ауылдық жерлердегі халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.