Түркістан облысында заман талабына сай зауыттар мен кәсіпорындар көбейіп келеді
Түркістан облысында заман талабына сай зауыттар мен кәсіпорындар көбейіп келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өңірде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады. Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.