Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында экономиканы әртараптандыру жолдары қаралды
Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының экономикасын әртараптандыру жолдары қаралды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активінің қатысуымен мәжіліс өткізді. Оған басқарма басшылары, аудан әкімі және өзге де жауапты тұлғалар қатысты. Өңір басшысы ауданды дамыту жұмыстарын жандандыру маңызды екеніне тоқталды.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, жергілікті бюджет кірістеріне биылғы бес айда 15 млрд. теңгеден астам қаржы түсіп, жоспар 3 млрд. 404 млн. теңгеге артығымен орындалды. 5 айдың қорытындысымен ауданда 380 млрд. 702 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,3 пайызға немесе 88 млрд. 609 млн. теңгеге артты. Аудан экономикасына 81 млрд. 509 млн. теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 156,4 пайызға немесе 29 млрд. 397 млн. теңгеге артқан. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Шолаққорған-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына 7 арнайы техника, «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына 20 техника сатып алынған. Аудан орталығының аумағы 5 секторға бөлініп, ондағы 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілген. Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында 27 500 ағаш көшеті отырғызылған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Созақ орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемелекеттік мекемесі» КММ-нің сексеуіл алқабында болып, көгалдандыру жұмыстарын қадағалады. Егілген сексеуілдердің жай-күйімен танысып, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді. 2021 жылдан бастап 24700 га алқапқа 29 млн. 400 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған.