Түркістан облысында Мәжіліс депутаттары банан және балық өсіру жобаларымен танысты
Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков бүгін Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Парламент өкілдері Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің банан өсіру жылыжай кешенімен танысты. Жалпы алаңы 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен және газбен қамту, жер асты суын пайдалануда ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға көмек көрсетілуде.
Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-нің балық өсіру жобасымен де танысты. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн. теңгені құрайды және мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Балық өсірумен айналысатын кәсіпкер балық түрлерін дамыту, оның жемін өндіру, тоғандық балық шаруашылығының тиімділіктері, суды үнемді пайдалану, несие беру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, осы бағыттарда жүйелі мемлекеттік саясатты орнықтыру мәселесін көтерді. Кәсіпкердің ұсыныстарын депутаттар салалық орталық мемлекеттік органдарға жеткізетін болды.