Түркістан облысында 32 мың гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілді
Түркістан облысында ел тарихында тұңғыш рет бір мезгілде 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Отырар ауданында «Мақта дақылын жаңа технологиямен егудің тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті. Бағдарлама аясында қатысушылар «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС аумағында егілген мақта алқабымен танысты. Ауыл шаруашылығы дақылдарына қажет тұқым, көшет, органикалық және минералды тыңайтқыштар, биоагенттер, агродрондар, гербицидтер мен пестицидтер сатушылардың көрмесі ұйымдастырылды. Жалпы Түркістан облысында 2025-2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру көзделген.
– Халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды. Облыста ауыл шаруашылығында жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, республикада жетекші орында тұр. Өңірде 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызын құрайды. Осы орайда, 1 млн ауыл тұрғынының әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Өңірде су үнемдеу технологияларына кешенді көшу арқылы мәселені шешу қарқын алған. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектар алқапқа енгізіледі. 2030 жылға дейін осы әдіспен суармалы жердің 50 пайызы қамтылады. Қолжетімділікті арттыру үшін жылдық қуаттылығы 113 мың гектарды қамтитын жергілікті 4 кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде мақта дақылынан дәстүрлі әдіспен орташа гектарына 25 центнерден өнім алынса, жаңа технология есебінен өнімділік 3 есеге дейін немесе гектарына 60 центнерден өнім алуға қол жеткізіліп отыр, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.