Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы Бәйдібекте азаматтарды қабылдады
Түркістан облысына қарасты, Бәйдібек ауданында “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында жеке қабылдау өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталмыш тақырып аясында Бәйдібекте тұрғындардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында жеке қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Балғабаев Ерболат арнайы келіп қатысты. Жеке қабылдау барысында азаматтар тарапынан төмендегі мәселелер көтерілді. Оның ішінде, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік қолдау алу, Боралдай ауылдық округіндегі Боралдай – Шымкент тас жолын жөндеу, Жұлдыз және Боралдай елді мекендеріне газ тарту және тағы басқа да мәселелер көтерілді.
Көтерілген мәселелердің бірқатары жауапты сала мамандарының қатысуымен сол жерде нақты түсіндіріліп, дер кезінде шешімін тапты. Ал кейбір мәселелер уақыт пен қаржы көздеріне байланысты кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов тұрғындар өтінішіне жіті назар аударып, жауапты сала жетекшілеріне, аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Аталған мәселелердің орындалу барысы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балғабаевтың тұрақты бақылауында болатындығы айтылды. Бұл кездесу – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық диалогты қалыптастырудың, жергілікті деңгейде қордаланған мәселелерді жүйелі шешудің жарқын үлгісі. Жалпы Заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы – кез келген елдің әлеуметтік және саяси тұрақтылығының негізгі тірегі. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау арқылы азаматтар өздерін қауіпсіз сезінеді.