Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова халықтың кредитін кешіру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоқ, кешірілмейді. Ондай жоспар жоқ. Қазір басқа механизм енгізілді – кредиторлар тарапынан берешекті міндетті түрде реттеу тетігі. Бұл банкроттық жүйесі емес. Бүгінде заңға сәйкес, егер проблемалық кредит болса, азамат банкке немесе микроқаржылық ұйымға өтініш бере алады. Өтініш түскен соң, қаржы ұйымы берешекті азайту мүмкіндігін қарастыруға міндетті. Мәселен, пайыздық мөлшерлемені төмендету немесе несиені өтеу мерзімін ұзарту жолдарын ұсынуы тиіс, – деді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, жаңа нормалар аясында қайта құрылымдауға қойылатын талаптар бірыңғай әрі нақты болады.
Міндетті түрде негізгі қарыздың азаюы жүзеге асуы тиіс. Бұдан бөлек, біз ұжымдық реттеу тетігін енгіздік. Егер адамның екі немесе одан да көп несиесі болса, кредиторлар оған бірыңғай төлем кестесін ұсынуы қажет. Яғни, бір ұйым жеңілдік беріп, ал екіншісі ешқандай қадам жасамайтын жағдай болмауы керек. Осы мақсатта арнайы онлайн-платформа әзірленді, – деді Әбілқасымова.
Агенттік басшысы ең алдымен банктер мен микроқаржы ұйымдары проблемалық берешекті реттеуде азаматқа көмек көрсетуге жауапты екенін атап өтті.
— Қазіргі уақытта қаржы ұйымдарында тек берешекті қайта құрылымдау емес, ең осал топтар үшін бөлек ұсыныстар да бар. Кей жағдайда олар өз қаражаты есебінен қарызды есептен шығарады. Сондықтан мұндай мүмкіндік туындаса, азамат ең алдымен қаржы ұйымына жүгінуі тиіс, – деді ол.