Премьер-министр шығындарды оңтайландыру шеңберінде сомасы 8 трлн теңгеден асатын өтінімдер бюджеттен алынып тасталғанын айтты
AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет маңызы аз шығындарды қысқарту және бюджетті оңтайландыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бюджет шығындарына қатысты айтар болсақ, біз оларды қысқарту қажет екенін түсініп отырмыз және осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2025 жылдың бюджеті қалыптастырылған кезде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің маңызсыз шығындарға қатысты өтінімдері алынып тасталды. Жалпы 34 трлн теңгеге өтінім келіп түсті, соның ішінде біз тек 25 трлн 700 млрд теңгесін ғана қанағаттандырдық», – деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов Үкіметте шығындарды оңтайландыру жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп отырғанын атап өтті.
«Әрине, мемлекеттік органдардың ағымдағы шығындары үнемі қайта қаралып отырады. Біз экономикалық тиімсіз шығындарды қысқартамыз», – деп атап өтті Премьер-министр.