Премьер-министр Олжас Бектенов 9 қыркүйек 2025 жылы Үкімет отырысында әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үкімет басшысы Еңбек министрлігіне тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен бірлесе отырып, 1 желтоқсанға дейін барлық өңірлер үшін бірыңғай әлеуметтік қолдау стандартын әзірлеуді тапсырды.
«Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтаймыз және масылдық психологиясына жол бермейміз. Үкіметтің міндеті – баршаға тең жағдай жасау, ал азаматтар еңбек етіп, өз отбасын қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс», – деді Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет тек шынымен мұқтаж жандарға ғана көмек көрсетуі қажет. Ол үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары арқылы жаңа бақылау және мониторинг жүйесі енгізіледі.
Сонымен қатар, Бектенов 1 қарашаға дейін Еңбек министрлігіне әлеуметтік салаға арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуды және әлеуметтік аудит механизмін енгізетін заң жобасын дайындауды тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін өз Жолдауында соңғы 15 жылда әлеуметтік салада масылдық пен әлеуметтік алаяқтықты ынталандыратын қате шешімдер қабылданғанын атап өткен еді. Ол сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді барлық өңірлерде біріздендіруді тапсырды.
«Біз өзіміз жалқаулық пен масылдықты ынталандырып отырмыз. Жұмыс істемей-ақ, әр отбасы мүшесіне дейін жәрдемақы ала беретін жағдай қалыптасты», – деген болатын Тоқаев.
Бектенов барлық тапсырмалар уақытылы әрі сапалы орындалатынын айтып, басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.