Қытайдағы семинарлар қазақстандық өндірушілер үшін нағыз «экспорт мектебіне» айналды.
Қазақстанның шикізаттық емес экспорты кеңейіп келеді. 2020-2024 жылдары «Экспорттық акселерация» бағдарламасы арқылы 306 кәсіпорын шетелдік нарыққа шықса, жасалған келісімшарттардың жалпы көлемі 189 млн АҚШ долларынан асты. Биыл бағдарламаға тағы 120 өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету компаниясы іріктелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
СИМ мәліметінше, бағдарламаның басты артықшылығы – кәсіпкерлерге нарықты зерттеу, өнімді сертификаттау, маркетинг пен қаптамада кәсіби көмек беру, сондай-ақ шетелдік алаңдарда оқыту мүмкіндігін ұсыну.
Осы тұрғыда 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында қазақстандық кәсіпкерлер Бейжің, Үрімші және Гуйян қалаларында білім алды. Оқыту агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өңдеу және инновациялар салаларын қамтып, қатысушылар қытайлық стандарттар мен жетекші кәсіпорындардың тәжірибесін зерттеді және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.
Қытай – өндіріс пен саудада әлемдік көшбасшы. Егер қазақстандық компаниялар жаһандық нарықта бәсекеге түскісі келсе, алдымен осы елдің талаптары мен тәжірибесін білуі шарт. Сол себепті біз акселераторларды дайындау алаңы ретінде Қытайды таңдадық, – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
Оқу барысында біз негізінен өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін талқыладық. Қытайлық әріптестердің жұмыс тәсілдері мен стандарттарын көзбен көріп, тәжірибеден өттік. Сондай-ақ ірі тоқыма фабрикаларына барып, мата үлгілері мен баға ұсыныстарын алдық. Ең қатты таңғалдырғаны – автоматтандыру деңгейі. Алып цехтарда бар болғаны елуге жуық адам жұмыс істейді, ал қалғанын толықтай роботтар атқарады. Бұл тәжірибеден Қазақстандағы тоқыма өндірісіне жаңа технология енгізудің маңызын түсіндік, – деді «UNIFORMA Systems» өндіріс жөніндегі менеджері Сандибек Далмаханов.
Соның нәтижесінде Қытайдағы семинарлар қазақстандық өндірушілер үшін нағыз «экспорт мектебіне» айналды. Қатысушылар тек технология мен маркетинг бойынша білім алып қана қоймай, болашақ экспорттық келісімшарттарына қадам жасады.