×

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерІп тастады

Халықтың инфляциялық күтулері жоғары және тұрақсыз деңгейде қалып отыр

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерІп тастады
Ұлттық банк

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақща-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл шешім инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы нәтижесінде баға тұрақтылығына төнген тәуекелдерге жауап ретінде қабылданды.

Ұлттық банк мәліметінше, инфляцияның күшеюі баға динамикасын тұрақтандыру үшін қатаң шараларды қажет етті. Инфляцияның барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсу байқалды: жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%-ға дейін жеделдеп (тамызда – 12,2%), болжамнан асып түсті. Азық-түлік бағасының өсуі өндіріс шығындары мен импорттық құнның артуымен байланысты. Сервистік инфляция (15,3%) реттелетін қызметтер мен нарықтық қызметтердің қымбаттауынан жоғарылады.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция да ырықтандыру шараларының әсерінен 10,8%-ға дейін артты. Жанар-жағармай бағасы бір жыл ішінде 11,9%-ға, ал қыркүйекте 3,4%-ға өсті. Айлық инфляция 1,1%-ды құрады (тамызда – 1,0%), базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да өсу қарқынын көрсетті. Бұл үрдіс инфляцияның тұрақты сипаты мен баға динамикасындағы қайталама әсердің күшейе бастағанын білдіреді.

Халықтың инфляциялық күтулері жоғары және тұрақсыз деңгейде қалып отыр. Сарапшылардың 2025 жылға арналған инфляциялық болжамдары 11,3%-дан 12%-ға дейін өсті. Сыртқы факторлар да әсер етуде – әлемдік азық-түлік нарықтарындағы тәуекелдер сақталып, ет пен өсімдік майының бағасы рекордтық деңгейге жетті. Ресейде инфляция салыстырмалы түрде жоғары болса да, баяулау белгілері бар; Еуропалық Одақта инфляция тұрақтанған. АҚШ-та Федералдық резерв жүйесі инфляциялық қысым мен макроэкономикалық белгісіздік жағдайында жұмыспен қамтуды қолдау үшін мөлшерлемені төмендету бағытын таңдады.

2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 6,5%-ға дейін жеделдеді (2024 жылғы осындай кезеңде – 3,7%). Негізгі өсім көлік және қоймада сақтау (+21,5%), құрылыс (+18,1%), сауда (+8,9%), тау-кен (+9,6%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,5%) салаларында байқалады. Өсу көбіне бюджеттік экспансия мен ішкі тұтыну есебінен қамтамасыз етілуде. Бұл сұраныстың ұсыныстан асып түсуіне және импорт көлемінің артуына ықпал етті.

Проинфляциялық тәуекелдер негізінен ішкі факторлардан туындайды. Олар жоғары ішкі сұраныс, тарифтік және салық реформаларының (ҚҚС қоса алғанда) әсері, сондай-ақ жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың салдары ретінде көрініс табуда.

Инфляцияның айтарлықтай жеделдеуі мен инфляциялық күтулердің жоғары болуы, сондай-ақ айырбас бағамының әлсіреуі ақша-кредит шарттарының жеңілдеуіне және болжамды инфляцияның төмендеу траекториясынан ауытқуына алып келді. Осы жағдайларда Ұлттық Банк инфляцияның нақты деңгейінің болжамнан асып кетуіне байланысты ақша-кредит саясатын қатаңдату мақсатында базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешім қабылдады.

Бұл шара алтын-валюта операцияларын теңдестіру, өтімділікті реттеу тетіктерін жетілдіру және макро және микро деңгейдегі шектеулерді енгізу арқылы инфляцияны тұрақтандыруға, теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтауға және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдер нақты экономикалық деректер мен баға тұрақтылығына төнетін тәуекелдерді бағалау нәтижесінде қабылданатын болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →