Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда жаңартылған заңнама талаптарына сәйкес бюджет процесін іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Отырысқа Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов, Ұлттық экономика министрлігі бюджет саясаты департаментінің директоры Гульором Муллабаева, Қаржы министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Сейілхан Исмағұлов қатысты.
Аймақ басшысы Президент тапсырмасында нақтыланған бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау мен тиімді игеру міндетін атап өтті.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы бюджет қаржысын тиімді жоспарлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөнінде міндеттер жүктегені белгілі. Облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 2023-2025 жылдары бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына жүргізілген зерделеу, бақылау шараларының нәтижесінде 100 млрд. теңгеге жуық қаржы үнемделді. Оның ішінде білім саласынан 58 млрд. 600 млн теңге, «Арт спорт» бағдарламасынан 13 млрд. 100 миллион теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн. теңге үнемделіп, бюджет қазынасында қалды», – дейді әкім.
Оның айтуынша, жаңадан жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға құжаттама әзірлеуге демеушілер есебінен 7 миллиард теңге бөлінді.
«Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтарын» салып, бұған дейін әр жерде орналасқан мекемелерді бір орталыққа біріктірдік. Бұл ғимараттарды ұстап тұру шығындарын қысқартуға жол ашты. Мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы үш ауысымдық оқу мәселесін түбегейлі шешіп, жаңа мектеп салуға қажеттіліктің алдын алдық. Осылайша, бюджетке түсетін салмақ азайтылып, 13 миллиард 100 миллион теңге оңтайландырылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мамандардың айтуынша, жаңа үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттер Үкіметтің алдына қойылған негізгі міндеттерді шешуге, оның ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейтуге, халық үшін әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін теңестіруге, сондай-ақ өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздіктерді азайтуға ықпал етеді.
Жиынға қатысушылар бюджет процесін іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді, сондай-ақ елімізде қолданыстағы трансферттік тетіктерді талқылап, туындаған сұрақтарға жауап алды.