×

Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты: Өңдеу өнеркәсібі – дамудың қозғаушы күші

Бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр

Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты: Өңдеу өнеркәсібі – дамудың қозғаушы күші
Ашық дереккөздерден

Өңдеу өнеркәсібі – ел экономикасына серпін беретін сала.  Бұл сала дамыса, мемлекет тек шикізат сатушы емес, дайын өнім өндіруші елге айналады. Қазақстан үшін бұл бағыт – экономиканы әртараптандырудың басты тетігі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан өңдеу саласын қолдауға бағытталған нақты шаралар жүзеге асып келеді. Индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар құрылып, инвесторлар үшін тиімді жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің өндірістік әлеуетінің артуына жол ашты. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібі бойынша қандай  жетістіктеріміз бар? Qaz365.kz тілшісі бұл сауалды Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровке қойған еді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы Халыққа Жолдауында өңдеу өнеркісібін дамыту қажет екенін айтты. Өңдеу өнеркәсібінде дамыту үшін не қажет?

– Өңдеу өнеркәсібі бойынша  биылғы 9 айдағы көрсеткішті қарайтын болсақ, былтырғымен салыстырғанда 6,5 %-ға өсіп отыр. Негізінде, бірнеше жыл болды, өңдеу өнеркәсібінде жақсы жетістіктер байқалады. Мемлекетімізде бұл салада жақсы өсу бар. Егер жыл сайын 6,5 пайызға өсіп отыратын болса, онда жақсы көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Әрине, елімізде кез келген салада болсын, өңдеу өнеркәсібі бойынша барлығын қамтамасыз етеміз деп айта алмаймыз. Дегенмен нақты қадамдар жасалып жатыр.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа зауыттар іске қосылып, импортты алмастыратын өндірістер жолға қойылды. Химия, металлургия, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі сияқты бағыттарда оң серпін байқалады.

– Өңдеу секторында қандай жетістіктеріміз бар?

–Кедергілер бар деп айта алмаймын. Дегенмен, өндірісте, оның ішінде химия саласында үлкен жобалар жасалып жатыр.  Олар қарқынды дамып келеді. Бір-екі жылда химия саласында, металлургия саласында  жаңа жобалардың жемісін көре бастаймыз. Мысалы, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл облысында салынып жатқан жобалар химия саласында өз үлесін қосады деп ойлаймын. Тағы бір сала бар: ол – фармацевтика, яғни  медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер шығару. Мемлекет басшысы «кем дегенде 50 пайызы өзімізде өндірілуі қажет» деген болатын. Сол межеге жетуіміз қажет. Әлі де болса, мемлекет тарапынан, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдаулар керек. Өзімізде шығарылған өнімдердің ауруханаларға, дәріханаларға жеткізу мәселесінде әлі де шешілмеген дүниелер бар. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алға ұмтылуымыз керек.  Бұл бағытта жаңа технологиялар енгізу, кадарларды даярлау және ғылыми әлеуетті арттыру маңызды рөл атқарады.

– Қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру үшін не істеу керек?

–Өңдеу өнеркәсібі бойынша экспортқа шығарылып жатқан дүниелер бар. Металлургия, химия, мұнай-газ саласы бар. Олардың көлемі 70 пайыздан артып, эскпортқа шығарылып жатыр. Елдң әлеуетін арттыруда көп үлес қосып жатқан өңдеу өнеркәсібі деп айтуға болады.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту – елдің экономимкалық тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. Себебі, бұл сала тек өндіріс емес, болашақ ұрпаққа тұрақты еңбек пен инновациялық өркендеудің жолын ашады.

– Бұған дейін күзде отандық тауар өндірушілер (ОТӨ) реестрі іске қосылатыны айтылған болатын. Бұл жүйе қашан іске қосылады? Қалай ойлайсыз аталмыш реестр өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың дамуына қалай әсер етуә мүмкін?

– Иә, расында да, ОТӨ реестрі биыл күзде іске қосылады деп жоспарланған. Қазір жүйе сынақтан өтіп жатыр - оған еліміздің 13 өңірінен түрлі саладағы 36 кәсіпорын қатысып отыр. Бұл сынақ кезеңі өте маңызды, себебі әртүрлі өндірістік жағдайларда жүйенің қалай жұмыс істейтінін тексеріп, барлық техникалық және функционалдық жақтарын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жалпы, бұл реестр өңдеу өнеркәсібіне үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біріншіден, кәсіпорындарға өз өнімін "отандық тауар" ретінде онлайн растау жеңілдейді. Бұрын ондай мәртебе алу үшін көптеген қағаз жинап, бірнеше мемлекеттік органға бару қажет болатын. Енді барлығы цифрлы форматта, ЭЦҚ арқылы жүзеге асады.

Одан кейін, бұл жүйе мемлекет пен бизнес арасындағы ашықтықты арттырады. Яғни, нақты деректерге сүйеніп, қай кәсіпорынның расында отандық өндіруші екенін көруге болады. Бұл өз кезегінде адал өндірушілерге қолдау алуды жеңілдетіп, жалпы саланың дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпорындар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Себебі, олар да өз өнімін ұлттық деңгейде таныстырып, мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады. Сондықтан бұл жүйе өндіріс саласын цифрландырудың нақты бір қадамы деп айтуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →