×

Инвестициялық келісімдер мен жаңа жобалар: Қазақстан индустрияны қалай дамытып жатыр

Үкімет өнеркәсіп саласына ерекше назар аударып отыр

Инвестициялық келісімдер мен жаңа жобалар: Қазақстан индустрияны қалай дамытып жатыр
Курсив

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше рет атап өткендей, Қазақстан индустриялық-инновациялық даму және экономиканы әртараптандыру бағытын берік ұстанып келеді. Бұл бағытта қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі елдің тау-кен секторынан озып, экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгінде Үкімет өнеркәсіп саласына ерекше назар аударып отыр. Ел экономикасының ресурстық әлеуетін толық және тиімді пайдалануға бағытталған жобалар тұрақты бақылауда. Бұл тек өндірістің дамуын емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарының ашылуын, азаматтардың өмір сапасының артуын қамтамасыз етеді.

Индустриялық даму - экономикалық өсіммен қатар, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және стратегиялық салаларды қолдау есебінен Қазақстан инновациялық әрі бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруда.

Мәселен, жақында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Франция елшісінің кездесуінде Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын "Мирный" жел электр стансасын салу жобасы бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар екендігі айтылды. Бұл жобаны француздық "Total Energies" компаниясы, "Самұрық-Қазына" қоры мен "ҚазМұнайГаз" компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба құрамына 600 МВт/сағ қуаттылығы бар энергия сақтау жүйесі кіреді. Кездесуде негізгі үкіметаралық келісімдерге қол қойылып, тарифтер бекітілді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, тараптар "Air Liquide" компаниясымен технологиялық әріптестікке ерекше назар аударды. Мамыр айында қол қойылған 44,3 млрд теңгелік инвестициялық келісім аясында Павлодар мұнай-химия зауытында сутегі өндіру қондырғысы салынып жатыр. Бұл әлемде алғаш рет бутан-бутилен фракциясынан сутегі өндіру технологиясын қолданатын жоба болмақ.

"Франциялық компаниялар Қазақстанға тек инвестиция ғана әкеліп отырған жоқ, сонымен қатар озық технологиялар мен бірегей инженерлік шешімдер ұсынуда", - дейді Ерлан Ақкенженов. - "Total Energies" компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан гибридті станса жобасы - "жасыл" энергетика мен икемді қуат көздерін дамытудағы стратегиялық қадамымыз. Ал "Air Liquide" компаниясының Павлодар мұнай-химия зауытындағы жобасы импортты алмастыру мәселесін шешіп, елдің энергетикалық тұрақтылығын арттырады. Біз осындай нақты, технологиялық күрделі әрі экономика үшін маңызды нәтижелерге қол жеткізетін ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, - деді ол.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі бүгінде сапалы серпін алды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, салада жұмыспен қамтылғандар саны соңғы үш жылда 6,9 пайызға өсіп, 625,9 мың адамға жеткен. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,07 трлн теңгені құрады - бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26,7 пайызға көп. Ал өңделген өнім экспорты 28,8 млрд долларға жетіп, үш жыл ішінде 45 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер - еліміздің өндірістік әлеуетінің артқанын, әрі Қазақстанның жаһандық құн тізбегіндегі орнын нығайтуға ұмтылысын айқын көрсетеді.

Мемлекет қазір заманға сай индустриялық инфрақұрылым қалыптастыруға, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға және инновациялық шешімдерді енгізуге ерекше көңіл бөліп отыр. Мұның бәрі ұзақ мерзімде экономикалық тұрақтылық пен технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етіп, елдің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.

Сонымен қатар бүгінде бәсекеге қабілеттіліктті арттырудың тағы бір тиімді құралы жасанды интеллектке негізделген ауқымды жобалар болып отыр. Осы себепті де еліміз деректер биржасы құру арқылы ақпарат дәуіріне жаңа қадам басуды көздейді. Бұл бастама Ұлттық Статистика бюросы мен және Шанхай деректер биржасының қолдауымен жүзеге асырылмақ. Мақсат - деректерді экономикалық ресурс ретінде заңды әрі тиімді айналымға енгізу. Жоба Қытай тәжірибесіне сүйеніп, деректерді сақтау, тексеру және алмасу инфрақұрылымын қамтиды. Сонымен қатар, жеке мәліметтерді қорғау мен меншік иелерінің құқықтарын қамтамасыз ету көзделген. Сарапшылардың бағалауынша, тиімді деректер айналымы ЖІӨ-ні 2,5%-ға арттырып, Қазақстанды цифрлық экономиканың жаңа деңгейіне шығарады.

Экономист Ғалымжан Айтқазиннің сөзінше, егер жоба жүйелі жүзеге асса, деректер биржасы кезінде қор нарығындағы капиталдың өсуіне қалай серпін берсе, бұл да солай цифрлық экономиканың дамуына негіз болатын инфрақұрылымға айналады.

"Деректер биржасын құру - болашағы бар бастама. Бұл - ақпаратты нақты құны бар, қорғалған әрі ашық айналымда жүретін ресурсқа айналдыру әрекеті. Осындай платформа мемлекетке де, бизнеске де, зерттеушілерге де пайдалы болмақ: бұрын жай ғана "шикізат" саналған деректер енді жаңалық ашуға, инвестиция тартуға жол ашады", - дейді ол.

Өнеркәсіп саясатының тағы бір маңызды бағыты - бұл импортты алмастыру. Бұрын шетелден жеткізілетін өнімдерді ел ішінде өндіруге бағытталған ондаған жоба іске асырылып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алу тәжірибесіне тұрақты мониторинг жүргізеді.

2024 жылы аталған субъектілердің тауар, жұмыс және қызмет сатып алу көлемі 29,3 трлн теңгені құраған. Оның 14,8 трлн теңгесі (50,7%) - отандық өндіріс үлесіне тиесілі. Ішкі өндірісті дамыту мақсатында мемлекет жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық өндірушілер арасында ұзақ мерзімді және оффтейк-шарттар жасауды қолдап келеді.

Былтыр пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялар 138,9 млрд теңгеге 290 ұзақ мерзімді келісімге қол қойған. Соның бірі - биыл наурызда KAZ Minerals компаниясы мен Чилидің ME Elecmetal фирмасы арасында жасалған келісім. Бұл құжат Талдықорғанда заманауи зауыт салуды көздейді және Қазақстандағы өндірістік кооперацияны жаңа деңгейге көтермек.

Осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін "Тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына бірқатар түзетулер енгізілуде. Атап айтқанда, отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру, ірі тапсырыс берушілерге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу міндетін енгізу және ішкі өндірістік құндылықты арттыру бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған.

Сонымен қатар, жаңа түзетулер мемлекеттік ынталандыру шараларын алушылар үшін қосымша міндеттемелер енгізуді көздейді. Бұл - жергілікті өндіріс үлесін ұлғайту мен өнімді терең өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →