Қазақстанның банк секторы 2025 жылы активтер көлемін ұлғайтып, таза пайдасын арттырғанымен, жалпы тиімділік деңгейі төмендеп келеді. Қаржы нарығындағы көрсеткіштерге қарағанда, банктердің табыс құрылымында өсу болғанымен, рентабельділік баяулай түскен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
1 қазан 2025 жылғы мәлімет бойынша, екінші деңгейлі банктердің жиынтық активтері 67 триллион теңгеге жетіп, айлық өсім 0,6 пайызды құрады. Несие портфелі де ұлғайып, 41,6 триллион теңгеге дейін жеткен. Ал өтімді активтер үлесі активтердің 28,4 пайызына тең. Бұл – жүйенің қысқа мерзімді міндеттемелерін орындау қабілетінің жоғары екенін көрсетеді.
Қаңтар мен қыркүйек аралығында банктердің жиынтық таза пайдасы 2,1 триллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға артқан. Алайда бұл өсімге қарамастан, негізгі табыстылық көрсеткіштері төмендеген. Активтердің рентабельділігі (ROA) қыркүйекте 4,5 пайыздан 4,4 пайызға, ал меншікті капиталдың рентабельділігі (ROE) 30,8 пайыздан 29,9 пайызға түсті.
Мұндай динамика пайыздық маржаның төмендеуімен, банктер арасындағы бәсекенің күшеюімен және экономикалық белсенділіктің баяулауымен байланысты болуы мүмкін.
Соған қарамастан, банк жүйесінің жалпы тұрақтылығы жоғары деңгейде қалып отыр. Өтімді активтердің жоғары үлесі мен меншікті капиталдың өсуі сектормен байланысты сыртқы тәуекелдерге қарсы тұру мүмкіндігін арттырады.