Депутаттар пікірін айтты
Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттардан “несиені кешіруге амнистия беру керек пе?” деген сұрақ қойды. Бұл тақырыпқа әр депутат өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қазір халықтың көбі несиені “бір күні мемлекет кешіріп береді” деп үміттеніп алады.
«2019 жылы несие алған азаматтар қазір тағы да несие алып жатыр. Миллион екі жүз мың адамның несиесі проблемалық деп есептеледі. Олардың бәрінен сұрасаң, “бір күні кешіріп береді, Президент амнистия жасайды, еліміздің байлығынан бізге де бір нәрсе бұйырар” деп жауап береді. Осындай оймен өмір сүретіндер бар. Бірақ бұл ел экономикасын қиындатады. Менің өзімнің де, мысалы, екі ипотекам бар. Егер бәрі “төлемей-ақ қояйын, кешіріп береді ғой” десе, онда қалай болмақ?» – деді Мұқаев.
Ал Мұрат Әбенов несиелік амнистияны банктердің пайдасына жұмыс істейтін жүйе деп атады.
«Кредиттік амнистия жасау – банктерге тиімді. Себебі олар оңды-солды кез келген адамға 40–50 пайызбен тұтынушылық несие беріп жатыр. Біз енді банктерден де жауапкершілік талап етуіміз керек. Өзбекстанда мысалы, алаяқтық жолмен берілген несие болса, оны банк өзі өтейді. Себебі көп жағдайда сол банктердің өз қызметкерлері алаяқтарға көмектеседі. Қалай бір адам 5 банктен бір сағатта несие ала алады? Бұл жерде банк жүйесінің өзінде мәселе бар», – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, несиелік амнистияны қарастырмас бұрын алаяқтық несие фактілерін тексеру қажет. Ал кінә банк тарапынан болса, жауапкершілік те соған жүктелуі тиіс.
Осылайша, депутаттар несиелік амнистияға көзқарасты екі түрлі қырынан түсіндірді: бірі оны экономикалық жауапсыздыққа апарады десе, екіншісі банктердің де кінәсін ескеру қажет деп есептейді.