×

«Теңге әлсірей береді»: қаржыгер 2026 жылғы доллар бағамына болжам жасады

Қаржыгер қазіргі экономикалық модельдің теңгені ұзақ мерзімде тұрақтандыруға мүмкіндік бермейтінін атап өтті

«Теңге әлсірей береді»: қаржыгер 2026 жылғы доллар бағамына болжам жасады
Facebook/Rassul Rysmambetov

Қаржыгер Расул Рысмамбетов Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында 2026 жылғы доллар мен теңге бағамына қатысты болжамын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан экономикасы шикізаттық тәуелділіктен арылып, нақты әртараптандыруды жүзеге асырмайынша, ұлттық валюта нығая алмайды.

«Қазір доллар жаһандық деңгейде аздап әлсіреуі мүмкін, өйткені Трамп Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді қалайды. Бұл долларды әлем бойынша арзандатады. Бірақ сонымен қатар теңге де әлсірейді, себебі Қазақстан әлі де шикізатқа тәуелді экономика болып отыр», – деді Рысмамбетов.

Маманның айтуынша, нақты курсқа болжам жасау мүмкін емес, бәрі мұнай бағасына байланысты.

«Егер мұнай барреліне 100 долларға дейін қымбаттаса, теңге нығаяды. Ал арзандаса, әлсірейді. Бұл – “голландиялық дерт” деп аталатын құбылыс: біз толығымен мұнай мен металға тәуелдіміз», – деді ол.

Қаржыгер қазіргі экономикалық модельдің теңгені ұзақ мерзімде тұрақтандыруға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

«Біз шикізатқа сүйеніп отырған елміз. Мұнай бағасы өскенде де, төмендегенде де теңге бірден соған әсер береді. Егер біз шикізат емес, дайын өнім немесе мұнай-химия өнімдерін сатсақ, табыс әлдеқайда жоғары болар еді», – деді Рысмамбетов.

Оның пікірінше, экономикаға ресурстарды әділ өңдеу жүйесі мен делдалдарды ашық аудиттеу қажет.

«Теңге бағамы – қазақстандық экономиканың долларға, рубль мен юаньға қатысты күші. Сондықтан теңгені емес, экономиканы күшейту қажет. Ол үшін өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын және өндірісті дамыту керек. Әйтпесе Ұлттық банктің интервенциясы да нәтиже бермейді», – деді сарапшы.

Қаржыгер сонымен қатар теңгенің әлсіреуі мен инфляция жағдайында несиелердің уақытша тиімді көрінуі мүмкін екенін, бірақ ұзақ мерзімде тәуекелдердің жоғары болатынын ескертті.

«Теңге әлсіреген сайын баланың аяқ киімінен бастап жанармайға дейін бәрі қымбаттай береді. Мемлекет бағаны үнемі ұстап тұра алмайды, әйтпесе біз қайтадан әкімшілік реттеу дәуіріне ораламыз», – деді ол.

Рысмамбетовтың пікірінше, тұрақтылыққа апарар жалғыз жол – өңдеуші салаларды дамыту, технология енгізу және ішкі экономиканың тиімділігін арттыру.

«Өз шикізатымыздан дайын өнім шығара бастаған күні ғана теңге тәуелсіз әрі тұрақты болады», – деп түйіндеді қаржыгер.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Бұл – реформа емес, жыртықты жамау»: Қазақстанда салықты өсіру неге апарып соғады
Кеше, 10:00

«Бұл – реформа емес, жыртықты жамау»: Қазақстанда салықты өсіру неге апарып соғады

Экономистің айтуынша, тек азаматтар мен бизнестің табысы артқан жағдайда ғана салықты өсіруге болады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →