×

Ұлттық банк пен Үкіметтің үйлесімді жұмысы нарыққа тұрақтылық әкеледі – сарапшы

Үкімет отырысында Ұлттық Банк басшысы Тимур Сүлейменов кеңейтілген баяндама жасады

Ұлттық банк пен Үкіметтің үйлесімді жұмысы нарыққа тұрақтылық әкеледі – сарапшы
nationalbank.kz

Үкімет отырысында Ұлттық Банк басшысы Тимур Сүлейменов кеңейтілген баяндама жасап, ақша-кредит және фискалдық саясат бойынша министрлер кабинетімен өзара іс-қимыл қағидаларын айқындады. Монетарлық реттеуші Үкіметтің, Ұлттық банктің және ҚНРДА-ның 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы аясындағы жұмыс бағыттарын таныстырды. Жоспарланған шаралардың қатарында – инфляцияны және инфляциялық күтулерді төмендетуге бағытталған қалыпты қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу, сондай-ақ теңгеге деген сенімді нығайту бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ақша-кредит саясаты инфляцияны төмендетуге, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға және теңгеге деген сенімді нығайтуға бағытталады.  Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанда тәуекелдер балансы, сыртқы конъюнктура мен ішкі сұраныс, жұмыспен қамту және басқа да экономикалық факторлар жан-жақты талданып, есепке алынады», – деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ оның айтуынша, валюталық саясаттағы Ұлттық банктің ұстанымы өзгермейді. Яғни, ішкі нарықтағы айырбастау бағамы сұраныс пен ұсынысқа, негізгі факторларға сүйенетін еркін режимінде болады. Алайда реттеуші валюталық нарықта алыпсатарлық жағдай туындаған кезде жедел шаралар қабылдауға дайын.

«Сонымен бірге, Ұлттық Банк ұлттық валютаны тұрақсыздандыратын, спекулятивтік ауытқуларды және қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін болдырмау үшін қатаң әрі жедел түрде нақты әрекет жасауға, яғни валюталық интервенцияларды жүргізуге дайын. Сонымен қатар, Ұлттық Банк квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық нарыққа ықпалын басқару үшін олардың валюталық операцияларын Үкіметпен бірге үйлестіріп отырады», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Ол сондай-ақ ішкі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін мемлекеттік борышты басқару офисі (Debt Management Office) құрылатынын хабарлады. Бұған қоса, қаржы секторында тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін төмендету, банк жүйесіне сенімді арттыру және ШОБ үшін кредиттердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында микро және макропруденциялық шаралар кешені іске асырылады.

«Ұлттық банк бөлшек кредиттеудің динамикасын тұрақты түрде мониторингтеп, қажет болған жағдайда қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қарауына секторлық қарсыциклдік капитал буферінің мөлшерін түзету туралы шешімдер енгізеді», – деді бас банк басшысы.

Болжамдарға сәйкес, келесі жылғы 1-ші сәуірге қарай банктер жеке тұлғалардың портфелі бойынша тәуекелі өлшенген активтердің 2% мөлшерінде қосымша капитал буферін қалыптастырады. Алдын ала есеп бойынша бұл шамамен жарты триллион теңгені құрайды.

Осы шаралардың қатарында – қарыз алушының борыштық жүктемесіне қойылатын талаптарды қатаңдату, қамтамасыз етілмеген кредиттердің маржиналдылығын төмендету үшін жылдық тиімді мөлшерлемені (ЖТМ) кезең-кезеңімен азайту және тұтынушылық кредиттеудің теңгерімсіз өсуін шектеу бар. Инфляциялық әсері жоғары бөліп төлеу нарығын реттеу үшін бөліп төлеу нарығын және «қазір сатып ал да, кейін төле» қызметін (BNPL) реттеу тәсілдері әзірленеді.

Бұған қоса екінші деңгейдегі банктердің қаражатын экономиканы қаржыландыруға тарту бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ Ұлттық банк, Агенттік және АХҚО қатысуымен ұлттық қаржы нарығын дамытуға арналған бірыңғай алаң құру жоспарлануда.

Экономист Бауыржан Шурманов Ұлттық банктің ұсынған бағдарламасын реттеуші мен Үкіметтің бірлесіп жүзеге асырып жатқан нақты іс-шаралары деп бағалады. 

«Ұлттық банктің ұсынылған баяндамасында ұзақ уақыттан бері алғаш рет жалпы тәсілдермен қатар реттеуші мен Үкімет бір бағытта жұмыс істей бастайтын нақты құралдарды көруге болады. Ақша-кредит және фискалдық саясаттың үйлестіруі есеп сипатынан арылып, тәжірибелік мазмұнға ие болуда. 10 ай ішінде 2,7 трлн теңге нарықтан алынды, ал жыл соңына дейін тағы шамамен 1 трлн теңгені нарықтан шығару жоспарлануда. Банктердің резервтері өсіп, өтімділік профициті қысқаруы нарықтың біртіндеп неғұрлым бейтарап монетарлық ортаға оралып жатқанын көрсетеді», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, қысқа мерзімді ноталарды 1,5 трлн теңгеге дейін шығару және болашақта артық ақшаны нарықтан шығару (стерилизация) мерзімдері мен көлемдерін нақты көрсету – саясатты алдын ала болжамдауды жеңілдететін маңызды қадам. 

«Квазимемлекеттік сектордың валюталық операциялары бойынша Үкіметпен үйлестіру соңғы жылдардағы құбылмалылықты ескерсек, аса маңызды сигнал. Яғни Ұлттық банк пен Үкіметтің үйлестіруі нақты пішінге ене бастады. Бұл саясаттың болжамдылығын арттырады, тәуекелдерді төмендетеді және экономикалық саясатты барынша үйлестіреді. Бизнес үшін бұл аз «турбуленттілік» және алдағы екі жылда нарықтың жайына қатысты ашықтық», – деп қорытындылады Бауыржан Шурманов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →