×

Алматы Исламдық қаржы хабы атануы әбден мүмкін

Алматы Исламдық қаржы хабы атануы әбден мүмкін

Алматы қаласының бюджеттік шығындарын оңтайландыру және әкімшілік ресурстарды қалай тиімді пайдалануға болады? Шаһардың қаржы секторын дамыту бағытында жасыл облигациялар, инфрақұрылымдық бондтарды іске асыруға не кедергі? Венчурлік экожүйені нығайту үшін ғылыми орталықтар мен технопарктерді инвестициялық жобаларға интеграциялау несімен тиімді?  

Qaz365.kz тілшісі бұл сауалдарға нақты жауапты экономист Мақсат Халықтан сұрады.  

– Алматы қаласының бюджетін тиімді пайдалану үшін қандай салаларда шығындарды оңтайландыру қажет деп ойлайсыз? 

– Алматы қаласының бюджетін оңтайландыруға қатысты айтар болсам, кез келген әкімдік аппаратын өзін оңтайландыру керек деп ойлаймын. Яғни, тиімсіз жұмыс орнын қысқарту, цифрландыру күшін дұрыс пайдалану, сол арқылы артық шығынды реттеу деп есептеймін. Осы бағытқа көбірек көңіл бөлінсе артық емес. Одан соң Алматы қаласы квазимемлекеттің салада да біраз оңтайландыру керек дүние көп. Егер мұқият зер салсақ, шығыны баршылық сала жетеді. Алматы ірі мегаполис десек те, әртүрлі мерекелік шараларға, форумдарға бөлінетін қаржыны да бір сүзгіден өткізсе деймін. Яғни, имидждік беделді арттыру үшін ұйымдастырылатын басқосуларға да көп ақша шығындалатыны сөзсіз. Одан да сол қаржыны нақты жүйелеуге, инфрақұрылымды жасақтауға тартсақ, әлдеқайда тиімді болар еді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін субсидия, грантты оңды-солды таратпай, нақты нәтиже беретін жобаларды ғана қаржыландыруды қолға алсақ, бюджет шығынын зерттеуге мүмкіндік туады.   

– Қала деңгейінде «нәтижеге бағытталған басқару» моделін енгізу қандай көрсеткіштер арқылы өлшенуі мүмкін? 

– Мәселен, экономикалық KPI – өңірдегі жалпы ішкі өнімнің өсімі, экономикалық көрсеткішті жақсарту, қаржылық KPI, яғни бюджеттің шығынын оңтайландыру, кіріс бөлігін арттыруға қатысты қадам, одан кейін әлеуметтік KPI – жұмыспен қамтамасыз ету қалай жүзеге асады, қандай әлеуметтік нысандар салынады және соңғысы экологиялық KPI бойынша қоршаған ортаға зиян келтірмеу, Алматы қаласы үшін ауаның таза болуы, қайта өңдеу немесе өндіру қадамдарының болуы маңызды басымдыққа ие.  

– Бұл тұрғыда облигациялық құралдарды, яғни, қарыздық бағалы қағаздарды айтуға болады. Алматы қаласының өзінен жасыл облигацияны шығарып, әрекет етуге мүмкіндік бар. Одан бөлек инфрақұрылымдық бондтар – метро құрылысы, экологиялық жобаларға қаржы құралын шығару арқылы мұны дамытуға қосымша ақша табуға болады.  Сонымен қатар Алматы қаласына исламды қаржыландыруды да көптеп тартуға мүмкіндік жетеді. Себебі, Алматы – қаржы жүйесінің орталығы. Исламдық қаржы құралдары – мудараба және мушарака бар, одан бөлек Орталық Азияда халық санының тұрақты өсімі бар. Демек, осы жағынан алғанда Алматы – Исламдық қаржы хабы атануы әбден мүмкін.  

Тағы бір айта кетерлігі, елімізде Fintech секторы қарқынды дамып келеді. Сондықтан қаржы технологияларын да барынша дамытуға әрекет жасау қажет. Ол үшін арнайы платформаларды алып, краудфандинг жүйелері мен цифрлық тұрғыда несиелендіру пішінін енгізу арқылы жұмыс істеуге болады. Алматы қаласы осы бағыттағы дүниелерді басты назарда ұстаса, ел үшін пайдасы мол.   

–  Алматыда венчурлік қаржыландыру экожүйесін дамытуға не кедергі, және оны қалай жандандыруға болады? 

– Венчур – тәуекелі жоғары жобалар. Бір жағынан ғалымдардың өнертапқыш еңбегі болуы тиіс. Екіншіден, бұл жерде тәуекелді инвестиция, яғни нақты «бизнес періштелерінің» қаражатын тиімді орналастыру маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан келгенде біздегі венчурлік қорлар бір кездері даму институттарының, ұлттық инновациялық қордың қарамағында болып, жұмыс істеді. Бірақ формасы болса да, ішкі мазмұны жоқ еді. Яғни, мемлекет даму институттары арқылы «Бізде осындай дүниелер бар» деп қана құрып қойған сияқты. Соның төңірегінде жүзеге асырғысы келген Alatau IT City жобасы, «Алатау» технопарк қалашығы бар еді. Сол жердің өзінде қаншама индустрияландыру бағытындағы қаражат құмға сіңген су сияқты кетті. Кейбіреулер бөлінген ақшаны әртүрлі схема арқылы офшор асыруға әрекет жасады. Қазіргі уақытта түрлі венчурлік қорларға жан бітіп, көптеп ашылуда. Меніңше, бүгінгі бағыттағы венчурлік қорларда сыртқы формадан бөлек, белгілі бір дәрежеде мазмұн пайда бола бастады. Сондықтан венчурлік қаржыландырудың болашақта Қазақстан үшін тиімді пайдаланатын мүмкіндігі бар деп санаймын. Өйткені, кезінде Microsoft, Intel, Apple, Xerox, тағы басқа компаниялар да венчурлік қаржыландырудың нәтижесінде дүниеге келді. Біздегі кемшілік – «бизнес періштелердің» әлі дайын болмауы, тәуекелге жиі бармауы. Өйткені, мемлекеттің арнайы институттары да венчурлік қаржыландыруға қатты кірісе қойған жоқ. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, зейнетақы қорларының 3 пайызы венчурлік жобаларға жұмсалады. Ал біз зейнетақы қорындағы қаражатты тәуекелі жоғары жобаларға көздемейміз. Негізі тиімсіз мемлекеттік қазыналық құнды қағаздарда тұрғаннан гөрі, зейнетақы, сақтандыру қорындағы 3 пайыз қаражатты венчурлік жобаларға жұмылдыруға болады. Түбінде жақсы IT, Fintech  бағытында стартап жобалар суырылып шықса, сөзсіз жемісін алып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстанның даму әлеуеті жоғары.  

Сонымен қатар, жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар, технопарктер, технополистер осыған атсалысса деймін. Бұл мәселе талай көтерілсе де, көп оқу орнында жабылып та қалды. Бұл негізінен бизнес-инкубаторлар, стартап жобалардың қыз-қыз қайнаған ортасына айналуы тиіс-тін. Яғни, ғылым мен бизнес арасында алтын көпір пайда болса, онда венчурлік қорларды тарту арқылы біраз стартап жобаларды жүзеге асыруға болады. Бұған Алматы қаласының ғана емес, әлемдік венчурлік қорлардың инвестициясын тартуға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы жоба жасаса жеткілікті. Сондай-ақ, жергілікті бюджет арқылы құрылған венчурлік қорларға мемлекет те атсалысып, қаражат бөлуге дайын екенін білдірсе, құба-құп.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →