×

Алматы Орталық Азияның экономикалық хабына айналып келеді – экономист

Алматы Орталық Азияның экономикалық хабына айналып келеді – экономист

Алматы қаласының экономикасын жаңғырту және қаржылық әлеуетін арттыру бағытындағы реформалар – тиімді бюджет саясаты, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және ашық ақпараттық саясатқа негізделген кешенді процесс. Бұл қала үшін тұрақты дамудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың басты кепілі.

Қаржылық және инвестициялық әлеуеті жоғары Алматының экономикалық ахуалы туралы экономист Бауыржан Мұқанов Qaz365.kz тілшісіне айтып берді.

– Бюджет қаражатын тиімді және есепті пайдалану үшін қандай негізгі тетіктер мен бақылау құралдары қажет? «Бюджеттік басқарудан» «нәтижелерге негізделген басқаруға» көшу нені білдіреді және оның артықшылықтары қандай?

– Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін ең маңыздысы – ашықтық, есептілік және мониторинг механизмдері. Бұған аудиттік бақылау, электронды қаржылық есеп беру, мақсатты бағдарламалар мен индикаторларды енгізу жатады. «Бюджеттік басқарудан» «нәтижелерге негізделген басқаруға» көшу қаражатты тек жұмсауға емес, нақты нәтижелер мен тиімділікке бағыттайды. Бұл тәсіл бюджет қаражатының әлеуметтік және экономикалық әсерін өлшеуге, артық шығындарды азайтуға және Алматыдағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

– Қаржы секторын дамытудың қазіргі басты кедергілері қандай және оларды жою үшін қандай шаралар тиімді? Алматы қаласы бойынша бұл салада қандай кедергі немесе ілгерілеушілік бар?

– Қаржы секторын дамытудың негізгі кедергілері – несиеге қолжетімділіктің төмендігі, шағын және орта кәсіпкерлерге арналған қаржылық құралдардың шектеулігі, инфляциялық қысым және цифрлық банкингтің толық дамымауы. Оларды жою үшін микрокредиттеу жүйесін кеңейту, қаржылық сауаттылықты арттыру және цифрлық қаржы қызметтерін дамыту тиімді. Алматыда қаржы секторы салыстырмалы түрде дамыған, әсіресе корпоративтік және жеке банкинг салалары жақсы дамыған, алайда шағын кәсіпкерлікке бағытталған жеңілдетілген несиелер мен инновациялық қаржылық құралдар әлі жеткіліксіз.

Шын мәнінде, Алматы қаласы қаржы секторы дамыған мегаролис. Мұнда банктер мен қаржы ұйымдарының тығыз орналасуы кәсіпкерліктің қаржыландыруына оң ықпал етеді. Дегенмен, бұл қаржы инфрақұрылымының дамуы кейде шағын бизнеске қолжетімділікті шектей алады: үлкен банктер көбіне ірі кәсіпкерлерге бағытталған несие өнімдерін ұсынады, ал шағын және орта бизнеске арналған арнайы қаржылық қолдау әлі толық жеткен жоқ.

Сонымен қатар, қаржылық сауаттылық төмен болуы кәсіпкерлер мен тұрғындардың қаржылық құралдарды нақты пайдалану қабілетін тежеуі мүмкін. Цифрлық қаржы қызметтері (мобильді банкинг, fintech стартаптар) Алматыда дамып келеді, бірақ әлі де кеңінен игерілмеген салалар бар.

– Экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін ел қандай салаларға басымдық беруі керек?

– Экономикалық тәуелсіздікті арттыру үшін барлық негізгі салаларды дамыту қажет. Бұл тек ауыл шаруашылығы немесе өнеркәсіп емес, сонымен қатар энергетика, логистика, IT және креативті индустрияны қамтиды. Мысалы, ауыл шаруашылығында өнімнің әртүрлілігін сақтап, экспорттық мүмкіндіктерді арттыру керек, ал индустрияда импортты алмастыратын өндірістерді дамыту маңызды. Алматы сияқты мегаполис үшін бұл логистика мен IT секторын дамыту арқылы экономикалық өсімді әртараптандыруға болады.

– Алматы қаласының экономикасын әртараптандыруда IT, креативті индустрия, логистика немесе туризм салаларының қайсысы басым болуы тиіс?

– Барлық салаларды бірдей дамыту керек. Алматы үшін IT және креативті индустрия жаңа жұмыс орындары мен инновациялық өнімдер береді, логистика қаланың транзиттік әлеуетін арттырады, ал туризм қалаға инвестициялар мен сыртқы экономикалық байланыстарды күшейтеді. Креативті индустрияны дамыту да бюджет саясатының басым бағыттарының бірі. Кәсіпкерлерге гранттар, жеңілдетілген жалға алу, оқыту бағдарламалары беріледі.

– Жаңа салық саясатының бизнес пен халыққа ықпалы қандай болуы мүмкін? Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын тежейтін негізгі проблемалар қандай?

– Жаңа «Салық кодексі» бизнесті қосымша шығынға ұшыратуы мүмкін, бұл әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке салмақ салады. Алматыда кәсіпкерлер көбіне салықтық жүктеменің өсуі, кеңсе шығындарының артуын қиындық ретінде көріп отыр. Бұл әсіресе тұрақты емес немесе стартап кезеңіндегі кәсіпкерлер үшін ауыр болуы мүмкін. Сонымен қатар, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі тауарлар мен қызметтердің, әсіресе қызмет көрсету және бөлшек сауда салаларына деген сұранысты азайтуы мүмкін. Осы себептен, салық саясатын икемді және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрде енгізу маңызды.

– Алматы қаласының экономикалық дамуына шағын және орта кәсіпкерліктің қосқан үлесі қандай?

– Шындығында, Алматы қаласында шағын және орта кәсіпкерлік экономика үшін маңызды сектор. Мысалы, 2025 жылы жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны 382,7 мыңға жеткен. Бұл – жақсы прогресс, бірақ қаржылық қолдау және инновациялық қаржылық құралдарды дамыту арқылы әлі де жетіспейтін тұстар бар. Қазақстан статистикасы бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік Алматыдағы жалпы экономикалық өнімнің шамамен 57,9 пайыз үлесін құрады. Осыдан-ақ шағын бизнес пен кәсіпкерлік қала экономикасының жартысынан астамын қамтамасыз ететінін аңғаруға болады. Сонымен қатар, Алматы әкімдігі мәліметіне сәйкес, қала халқының шамамен 869 мың адам, яғни экономикалық белсенді халықтың 83 пайызы осы шағын кәсіпкерлік төңірегінде жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш кәсіпкерліктің қаншалықты кең таралғанын және қала тұрғындарының көпшілігінің бизнеске қатысы бар екенін көрсетеді.

– Бұдан шығатын негізгі қорытынды қандай?

– Алматы қаласында 2024 жылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін қала бюджетінен 53 млрд теңге бөлінген, ал 2025 жылы бұл қаражат 71 млрд теңгеге дейін жоспарланған. Осындай қолдаудың арқасында, тағы 2 мың жаңа жоба іске қосылмақ. Бұл инновацияны ынталандыру, жаңа кәсіпкерлерді тарту және экономиканы жаңғырту үшін өте маңызды. Сонымен бірге, қалада «Almaty Business Development Company құрылды. Бұл «бір терезе» қағидасымен кәсіпкерлерге кешенді қолдау көрсетпек.

Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерліктің жоғары үлесі экономиканың икемділігін арттырады. Ірі кәсіпорындарға тәуелділік төмен болғандықтан, нарықтық өзгерістерге, дағдарыстарға тез икемделу мүмкіндігі жоғары.

Екіншіден, шағын және орта кәсіпкерлік арқылы көптеген жұмыс орындары ашылады. Бұл жұмыспен қамтуды қолдайды және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Мысалы, соңғы жылдары Алматыда 68 мың жаңа жұмыс орны ашылғандығы туралы дерек бар.

Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамыту – инвестиция тартудың маңызды құралы. Алматыда креативті индустрияны қолдау бағытында 19 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Мұндай әртараптандыру қала экономикасының құрылымын күшейтеді және тәуекелдерді төмендетеді.

Жалпы, егер Алматы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдауды, салық саясатын икемді сақтаса және инвестицияларды тартуда табанды бола берсе, қала өзінің әлеуетін әрі қарай да күшейте алады және Орталық Азияның экономикалық хабы ретінде ролін нығайта береді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →