Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде, дәлізді ±1 пайыздық тармақпен сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметке сәйкес, шешім ақша-несие саясаты комитетінің отырысында қабылданған.
Қазан айында жылдық инфляция 12,6% болды (қыркүйекте — 12,9%).
Азық-түлік тауарларының бағасы 13,5%-ға өсті (бұрын — 12,7%),
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар — 11% (қыркүйекте — 10,8%).
Ұлттық банк инфляцияға тарифтік реформаның екінші реттік әсері мен жанармай нарығын ырықтандырудың ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері де күшейіп, 13,2%-дан 13,6%-ға дейін өскен. Бұл баға тұрақтануын баяулатып, шығындар мен сұраныс өзгерістеріне сезімталдықты арттырған.
Банк мәлімдеуінше, сыртқы инфляциялық қысым әлі де сақталып отыр. Негізгі болжамдық сценарий бойынша Brent мұнайының бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде ұсталады деп күтілуде.
Ұлттық банк инфляция бойынша болжамды жаңартты:
2025 жылы – 12,0–13,0%;
2026 жылы – 9,5–12,5%;
2027 жылы – 5,5–7,5%.
Болжамның түзетілуі инфляцияның биыл жоспарланғаннан едәуір жоғары шығуымен және инфляциялық күтулердің өсуімен түсіндірілді.
Экономикалық өсім бойынша да өзгерістер бар:
2025 жылы өсім 6,0–6,5% деңгейінде болжанып отыр;
2026 жылы – 3,5–4,5%;
2027 жылы – 4,0–5,0%.
Қаржы реттеушісі қазіргі жағдайда мөлшерлемені төмендетуге алғышарт жоқ екенін айтты.
«2026 жылдың алғашқы жартысына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік жоқ деп есептейміз», – делінген хабарламада.
Келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 23 қаңтарда жарияланады.