×

«Бәйтерек» холдингіне бөлінетін қаржы нарықтық теңсіздік туғызуы мүмкін – сарапшылар

2026 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне шамамен 8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр

«Бәйтерек» холдингіне бөлінетін қаржы нарықтық теңсіздік туғызуы мүмкін – сарапшылар
freepik.com

2026 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне шамамен 8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл шамамен ЖІӨ-нің 4,4%-ына тең. Ұлттық банктің хабарлауынша, холдинг тарапынан экономиканы қаржыландыру көлемінің ұлғаюы инфляциялық қысымды күшейтіп, алдағы фискалдық саясаттың ықпалын әлсіретуі мүмкін. Бұл мәселе қазір сала мамандары мен сарапшылар арасында кең талқылануда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаржы кеңесшісі, аудитор, Qazaq Expert Club мүшесі Жания Сандыбайдың айтуынша, «Бәйтерек» холдингіне мұндай қомақты қаражат бөлу оны ірі банк деңгейіндегі ойыншыға айналдырады, бірақ холдинг банктерге қойылатын толыққанды бақылау мен реттеу талаптарына бағынбайды. Сонымен қатар ол экономикаға мұндай қаражат құю инфляцияны үдетуі ықтимал, деп есептейді. Бұл өз кезегінде Ұлттық банктің монетарлық қатаңдату шараларын жоққа шығаруы мүмкін. 

Бұдан бөлек, сарапшы «Бәйтеректің» қазіргі моделі жеке банктер үшін теңсіздік туғызатынын айтады.  

«Холдинг мемлекеттік кепілдіктерге сүйеніп, толық нарықтық тәуекелдерге тап болмайды және коммерциялық сектор қол жеткізе алмайтын төмен мөлшерлемелермен кредит бере алады. Бұл нарықтық тетіктерді бұрмалап, капитал бөлудің тиімділігін төмендетеді», – деп атап өтті қаржы кеңесшісі.

Сарапшы жасырын мемлекеттік міндеттемелердің өсу қаупін де ерекше атап өтті. Егер жеңілдетілген шарттармен қаржыландырылған жобалар өзін-өзі ақтамаса, холдингті қайта капиталдандыру қажет болуы мүмкін, ал бұл бюджетке қосымша салмақ салады. Оның айтуынша, бизнес пен инвестицияның сапасын арттыратын құрылымдық реформалардың орнына жеңілдетілген кредиттеуді ұлғайтуға басымдық беру – экономиканы мемлекеттік қолдауға тәуелді етіп, тәуекел мен табыс арасындағы байланыстың аражігін ашады, тиімділігі төмен жобалардың көбеюіне әкеледі. 

«Егер «Бәйтеректің» жұмысы толық ашықтық қағидасына негізделмей, қадағалау күшейтілмесе және тәуекелдерге нақты талап қойылмаса, холдингті қаржыландыруды арттыру жасырын мемлекеттік қарыздың көбейуіне әкелуі ықтимал», – деп түсіндірді қаржы кеңесшісі. 

Экономика ғылымдарының кандидаты, экономист Гүлфайруз Жүнісбекова да Ұлттық банктің алаңдаушылығын орынды деп санайды. Оның айтуынша, «Бәйтерек» экономикаға ықпал ету көлемі жағынан ірі қаржы институттарына теңескен, сондықтан оның қызметін реттеу де соған сай болуы тиіс. Сарапшы қадағалау периметрін қайта қарау уақытылы қадам екенін атап өтіп, холдингтің қаржылық операциялары бүкіл жүйенің тұрақтылығына әсер ететінін алға тартады. 

Экономистің пікірінше, мұндай ауқымды мемлекеттік қолдау инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік қолдау нәтижесінде инвестициялық және тұтынушылық сұраныс күшейеді. Сонымен қатар субсидияланған қаржы шарттары экономикадағы ақша массасының өсуін жеделдетеді. Бұған қоса, қаржы импортқа тәуелді салаларға бағытталған жағдайда валюталық нарыққа қысым түсуі ықтимал. Мұның әсері қаражаттың қаншалықты жылдам әрі тиімді игерілетініне байланысты болады. 

«Егер 8 трлн теңге қысқа мерзімде экономикаға түссе, инфляциялық қысым айтарлықтай артуы мүмкін», – деп атап өтті Гүлфайруз Жүнісбекова. 

Сонымен қатар Жүнісбекова квазисектордың ынталандырушы рөлі мен баға тұрақтылығын үйлестіру үшін қолдау шаралары мақсатты, уақытша және жоғары қайтарымы бар бағыттарға бағытталуы тиіс деп есептейді.

«Бәйтерек» арқылы берілетін қаражат жариялылық және есеп беру талаптары жағынан банктерге қойылатын талаптарға жақындатылуы қажет. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыру ашық конкурстық негізде жүргізілсе, бұл жеке банктермен бәсекелестікті арттырып, тиімді жобаларды таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік мәні бар жобалар үшін субсидияланған шарттар нақты бөлініп көрсетілуі тиіс, ал нарықтық жобалар нарықтық тарифтермен қаржыландырылуы қажет», – деп атап өтті экономист.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →