×

Қазақстанда жалпы декларациядан бас тарту мүмкін бе

Қазақстанда жалпы декларациядан бас тарту мүмкін бе
NUR.KZ / Владимир Третьяков

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елімізде міндетті табыс декларациясынан бас тарту туралы сөзіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл Қаржы министрлігінің жеке бастамасы емес, әлемдегі цифрландыруға байланысты қалыптасқан жалпы үрдіс, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Біржановтың айтуынша, қазіргі уақытта Салық кодексінде алдын ала толтырылған декларация жүйесі қарастырылған. Бұл модель 2026 жылдан бастап шағын бизнеске енгізіледі.

«Болашақта бұл функцияны кеңейтеміз. Мысалы, ірі бизнес бойынша бізде “Көлденең мониторинг” жобасы бар. Яғни, компаниялар барлық есеп-қисаптарын, құжаттарын онлайн форматта ұсынады. Егер барлық ақпарат цифрлық түрде қолжетімді болса, декларация тапсырудың өзі қажет болмайды», – деді Біржанов Үкімет брифингінде.

Оның сөзінше, қазір министрлік бизнес-қоғамдастықтармен бірлесіп, бұл жүйені басқа салық төлеушілер санаттарына да таратуды көздеп отыр.

«Егер барлық мәлімет онлайн режимде алмасатын болса, декларацияны ұсыну қажеттілігі өздігінен жойылады. Азаматтар тек алдын ала толтырылған нұсқамен келіседі немесе қажет болса түзетулер енгізеді», – деп түсіндірді вице-министр.

Бұған дейін Ержан Біржанов Мәжілісте сөйлеген сөзінде алдағы бес жылда табысты жалпы декларациялау жүйесі қажет болмауы мүмкін, өйткені мемлекет түрлі дереккөздер арқылы азаматтардың кірісі жөніндегі ақпаратқа қол жеткізе алады деген еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →